Accessibility links

АЕ/АР белорус тілшісі Андрей Кузнечикті босатуға шақырды


Андрей Кузнечик.
Андрей Кузнечик.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Белорус қызметінің фрилансер тілшісі Андрей Кузнечиктің денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Журналисті белорус қауіпсіздік қызметі 27 қарашада ұстап әкеткен. Оған тағайындалған 20 күндік қамау мерзімі аяқталса да, журналист бостандыққа шыққан жоқ.

"Андрей Кузнечикті қамау мерзімі аяқталды. Білуімізше, белорус билігі оны кепілдік ретінде ұстап отыр. Андрей дереу босатылып, отбасына жіберілуі тиіс. Журналистика – қылмыс емес" деді Джейми Флай мәлімдемеде.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшілері мен операторларына авторитар басшы Александр Лукашенко айналасындағы шенеуніктер бірнеше жылдан бері қысым жасап келеді.

3 желтоқсанда сот Азаттықтың Белорус қызметінің Телеграм және Youtube парақшаларын экстремистік арна деп таныған.

16 шілдеде АЕ/АР-дың Минскідегі кеңсесінде тінту жүргізіліп, есікке мөр басылды. 2020 жылы жазда Беларусьтегі президент сайлауынан ақпарат таратқан көптеген журналист қудалауға ұшырап, қамалған. Былтыр тамыз айында АЕ/АР тілшілері аккредитациядан айырылды. Бұған қоса, Азаттықтың Белорус қызметінің сайты бұғатталды.

14 желтоқсанда сот танымал блогер, АЕ/АР тілшісі Игорь Лосикті 15 жылға бас бостандығынан айырды. Лосик пен бірнеше оппозициялық белсенді, арасында оппозиция белсендісі Светлана Тихановскаяның күйеуі Сергей Тихановский де бар, "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру ісі бойынша" кінәлі деп танылған. Тихановскийге 18 жыл түрме жазасы берілді. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Құқық қорғаушылар мен айыпталушылардың жақтастары Лукашенко режимі оларға қолдан ұйымдастырылған іс бойынша айып тақты деп санайды. Еуроодақ пен АҚШ Лукашенконы Беларусь басшысы деп танудан бас тартқан.

Вашингтон мен Брюссель оппозициялық саясаткерлер мен журналист Игорь Лосикке шыққан үкімді қатаң айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG