8 қаңтарда таңертең Маңғыстау облысының әкімшілік орталығы – Ақтаудың Ынтымақ алаңындағы митингіде тұрғандардың басым бөлігі тарап кетті. Бірнеше күннен бері билікке әлеуметтік және саяси талаптар қойып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отставкасын талап етіп бейбіт митинг өткізіп тұрған адамдардың алаңдағы киіз үйін әлдекімдер рұқсатсыз жинап алып кетті.
Бірақ "талабымыз орындалмады, алаңның басқа жеріне барып тұрамыз" деген оншақты адам әкімдіктің қасындағы алаңқайда әлі жүр. Наразылар өкілінің айтуынша, олардың өз мүлкі – киіз үйді белгісіз біреулер алып кеткен және өздерін күштеп таратқан. "Олар орган адамдары болуы мүмкін" дейді наразылардың бірі.
Қазір Қазақстан бойынша наразылық митингі өтіп жатқан жалғыз қала – Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы. Газ бағасының күрт қымбаттауына наразы жұрттың митингісі 2 қаңтарда ең алдымен осы қалада басталып, кейін Қазақстанның бүкіл аймағына тараған.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
- Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
- 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ.
- Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
- 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
- Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.
- 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасау" айыбымен ұсталды.
ПІКІРЛЕР