Accessibility links

Навальный командасы "Путин сарайының" ішкі интерьерін көрсетті


"Путин сарайы".
"Путин сарайы".

Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный командасы Геленджиктегі Путин сарайы туралы ірі зерттеудің жарияланғанына бір жыл толған кезде сарайдың ішкі іинтерьерін көрсететін суреттер жариялады.

YouТube'те 100 млн-нан астам адам көрген сарай жайлы фильмде ғимарат 3D-визуализация түрінде көрсетілген. Кейбір қолданушылар "ол сарайдың шынайы келбетімен сәйкес келе ме" деп аталған әдіске көңілі толмаған.

"Біз бүгін барлық мәселеге нүкте қоямыз. Сарай бар ма, жоқ па деген күмәннің барлығы сейіледі. Сарайдың іші-сырты, онда не болған, қазір не бар. Жүздеген суретті көрсетеміз" делінген Навальный командасының хабарламасында.

Интерьер суреттерінің көбі бұрын жарияланған визуализация әдісімен берілген көріністен аумайды. Зерттеу авторларының сөзіне қарағанда, тек кейбір детальдарында ғана айырмашылық бар.

Бұған қоса, суреттер арасында зерттеушілер "жеке стрип-клуб" деп атаған бөлме суреті де бар.

Ақпаратқа қарағанда, зерттеушілерге суреттер "құрылыс аумағынан" жіберілген. Оның түпнұсқалығы қалай анықталғаны айтылмайды. Суреттер бірнеше жыл бұрын түсірілген болуы мүмкін, себебі былтыр Навальный фильмі шыққанға дейін сарайдың барлық интерьері бұзылып, ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны белгілі болған.

  • Алексей Навальныйдың "Путин сарайы" атты зерттеу фильмі былтыр 19 қаңтарда жарияланған. Фильмде Геленджик түбіндегі аумағы 68 гектар болатын Ресей президентіне арналып салынған резиденцияның 2010 жылы бой көтергені айтылады. Оған 100 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалған. Кешен аумағында мұз сарайы, аквадискотека, концерт залы, шіркеу, "шәйханамен жалғайтын" 80 метрлік көпір, теңізге апаратын туннель бар. Навальный командасының мәліметінше, сарай офшордағы қаражат есебінен тұрғызылған, офшорға Путин маңындағы кәсіпкерлер ақша құйып, "қайырымдылық" жасаған. Аталған фильм Навальный ұсталғаннан кейін бірнеше күннен соң жарияланды. Саясаткер ұсталып, зерттеу жарияланғаннан кейін Ресейдің көптеген қаласында жаппай наразылық болды. Билік бір жыл ішінде Навальныйдың әріптестерін қудалап, ол құрған ұйымдардың бәрін "экстремистік ұйым" деп танып, жапты. Зерттеу авторлары қазір шетелде жүр.
  • Зерттеуге түсініктеме берген Владимир Путин сарайдың өз атына тіркелмегенін және туыстарына да тиесілі болмағанын айтқан.
  • Путиннің бұл ғимаратта тұрғаны жайлы нақты дәлелді зерттеушілер келтірмеген. Алайда оған президенттің айналасындағы адамдардың қатысы бары құжаттардан анық көрінеді.
  • Кейінірек Путин бұрыннан бері танитын кәсіпкер Аркадий Ротенберг "нысанның иесімін" деп мәлімдеді. Ол онда апарт-қонақүй салатынын айтты. Ал Навальный командасы ғимараттың Ротенбергке тиесілі екені жайлы құжаттарды таба алмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG