Accessibility links

Қаңтар оқиғасына байланысты қамалған Мұратбай Баймағамбетовтің туыстары белсендінің жағдайына алаңдайды


Азаматтық белсенді Мұратбай Баймағамбетов. Қызылорда қаласы, 20 сәуір 2021 жыл.
Азаматтық белсенді Мұратбай Баймағамбетов. Қызылорда қаласы, 20 сәуір 2021 жыл.

Қызылордада қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтық белсенді Мұратбай Баймағамбетовтің туыстары қамауда отырған белсендінің жағдайына алаңдайды. Туыстарының сөзіне қарағанда, өткен айда ұсталып, азаптау көрген белсендінің денсаулығы сыр берген, абақтыда медициналық ем алғаны-алмағаны да белгісіз дейді.

Белсендінің әйелі Гүлбану Піржанның сөзіне қарағанда, ол тергеу изоляторындағы күйеуіне соңғы рет 11 ақпанда кіріп шыққан.

– 10-15 минут сөйлесуге ғана мүмкіндік берді. Әйнек кабинада телефон арқылы сөйлестік. Өңі солғын болып көрінді. Жүдеген, салмақ тастаған. Аяқ-қолым ұийды деді. Ол жақта медициналық көмек көрсетіліп жатыр ма, ол жағы да белгісіз, – деді Гүлбану Піржан сәрсенбі күні Азаттық тілшісіне.

Аймақтағы қоғамдық-саяси мәселелер жөнінде пікірін ашық айтып жүрген белсенді Мұратбай Баймағамбетов әйелінің айтуынша, "жаппай тәртіпсіздік" (272-баптың 2-бөлігі) бабы бойынша күдікке ілінген. Туыстары оған тағылып отырған айыппен келіспейді.

Гүлбану Піржанның айтуынша, күйеуі 4 қаңтар күні қала орталығындағы бейбіт шеруге қатысқан. Ол шеру кезінде дауыс үдеткішпен сөйлеген, полиция сол сәттен түскен суретін алға тартып оны "халықты наразылыққа шақырды" деп айыптаған.

Әйелінің айтуынша, күйеуі 5 қаңтарда таңертең ұсталып, кешкі сағат 4-де босатылған. Туыстары "оны сол кезде полицияда жеті адам ұрып-соққанын", соның салдарынан белсендінің ерні жарылғанын айтады.

Бес күннен кейін яғни, 9 қаңтарда ҰҚК бірнеше қызметкері келіп, оны жұмыс орнынан ұстап әкеткен. Туыстарына еш хабар бермеген. Тек он шақты күн өткеннен кейін барып жақындары оның ұсталғанын білген. Гүлбану Піржан оған "ҰҚК жертөлесінде қоқан-лоқы жасалғанын айтады".

– Оған жертөледе балаңды "мясорубкадан" өткіземіз, қызыңды террорист қылып шығарамыз деп қоқан-лоқы көрсеткен. Қорқытқан. Тергеу изоляторында балаларын уайымдап, күйзеліп кетті. Кезінде өзі инсульт алған еді. Жылына екі рет емделіп тұратын. Көктемде ауруы қайта басталатын шақ. Жағдайына алаңдап отырмыз, – деді белсендінің әйелі Гүлбану Піржан.

16 ақпанда Азаттық тілшісі белсенді отырған Қызылордадағы ЗК-169/1 мекемесіне хабарласқан кезде қабылдау бөлімінің қызметкері мекемеге "Бас прокуратурадан адамдар келгенін, басшылықтың телефонға жауап бере алмайтынын" айтты. Тағы бір мекеме қызметкері келесі аптада аталған мекемеде "Ашық есік" күні болатынын, оған ақпарат құралдары да қатыса алатынын жеткізді.

Қаңтар айының соңында аталған мекеменің алдында қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары жақындарына қатысты тергеудің әділ өтуін талап еткен еді. Олар күдікке ілінгендерді полиция қызметкерлері ұрып-соғып, жасамаған қылмысты мойындауға мәжбүрледі деп айыптаған.

Қызылордалық белсенді Мұратбай Баймағамбетов былтыр сәуірде "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айыппен екі жылға бас бостандығы шектелген. Ол Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдағаны үшін істі болған. (Бұл қозғалысты Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған).

Белсенді билікті сынағаны үшін талай рет әкімшілік жазаға тартылған. Қызылордада жолақысын 50 пайызға арзандатуды және бензин бағасын төмендетуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, пикет өткізген.

Осыған дейін құқық қорғаушылар Мұратбай Баймағамбетовтің саяси себеппен қудаланып жатқанын айтып, "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

  • Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандар арасында кемінде 30-ға жуық азаматтық белсенді бар. "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина бұған дейін олардың тізімін де жариялаған. Олар негізінен "жаппай тәртіпсіздік", "терроризм", "көрінеу жалған ақпарат тарату" баптары бойынша күдікке ілінген.
  • Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.
  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсылық акциясы бірер күнде Қазақстанның біршама өңірінде жайылды. Қызылордада 4 қаңтарда басталған митингі ертесіне жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ресми дерек бойынша, 5 қаңтардан бастап 718 адам полиция органдарына жеткізілген. Әкімшілік істер бойынша 154 адамға шара қолданылып, 53 қылмыстық іс бойынша 99 адам қамауға алынған. Осы оқиғалар кезінде қалада 25 адам қаза тапқан. Оның біреуі - әскери борышын өтеп жүрген сарбаз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG