22 ақпанда күндіз астанада арнайы жасақ Жоғарғы сотқа барған наразы топты ұстап әкеткен. Бұл жөнінде Азаттыққа қоғам белсендісі Есенғазы Қуандық хабарлады.
Белсендінің сөзіне қарағанда, Қазақстанның түрлі өңірінен жиналған сот шешіміне наразы топ бірнеше күннен бері Жоғарғы соттың қабылдау бөліміне барғанмен есігі жабық болған. Аязда күні бойы күтіп, әбден жаураған. 22 ақпанда таңертең барған кезде сот есігі тағы бекітулі болған. Бұған ашуланған наразылар есікті теуіп ішке кірген. Бұдан соң арнайы жасақ наразыларды ұстап әкеткен.
– Бізді өздері соған мәжбүрледі. Қатты жаурадық. Күн сайын таңертең сағат сегізде барып, кешкі сегізде қайтамыз. Тіпті соның салдарынан екі-үш адам да ауырып қалды. "Әне келеді, міне келеді" деп құр сөзбен шығарып салады. Ол қоғамдық қабылдау орны. Ашық болуы тиіс. Кеше ақыры шыдамай бір тептік, – деді белсенді Есенғазы Қуандық.
Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жоғарғы соттың қабылдау бөліміне көп арнайы жасақтың кіріп жатқаны, полиция өкілінің арнайы жасаққа "бәрін ұстаңдар" деп бұйрық бергені көрінеді. Жұмысшылардың бірі әйнек сынықтарын (белсенділек ішке кіреміз деп жатқанда есіктің әйнегі сынса керек) сыпырып жүр.
Есенғазы Қуандықтың сөзіне қарағанда, полицияда оларға түсініктеме жазғызып, тергегеннен кейін босатып жіберген. Тек бір белсенді Мадина Көкетаева ғана босамаған. Қазір оның қайда екені белгісіз дейді белсенділер.
Ұсталған азаматтардың бірі Павлодар тұрғыны Ерлан Жәкеевтің айтуынша, ұстау кезінде оның қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көлігі шақырылған. Оның айтуынша, полиция шамамен 30 шақты адамды ұстаған. Есенғазы Қуандықтың сөзіне қарағанда да, ұсталғандар отыздан асып жығылады.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа ресми сауал жолдауын сұрады. Ал Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің телефоны жауап бермеді.
Қазақстанның түрлі өңірінен жиналған ондаған адам былтырдан бері түрлі қылмыстық және азаматтық істер бойынша шыққан шешімдерге наразылық білдіріп, қайта қарауды талап етіп келеді. Наразылардың сөзіне қарағанда, содан бері 9 адамның ісі қаралып, ақтау үкімі шыққан. Олар сот үкімге наразы барлық азаматтардың істерін қарауы тиіс деп санайды.
ПІКІРЛЕР