Accessibility links

Қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың туыстары әділ сотты талап етті


Қаңтар оқиғасын әділ тергеуді талап еткен қамалғандардың туыстары. Алматы, 29 наурыз 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасын әділ тергеуді талап еткен қамалғандардың туыстары. Алматы, 29 наурыз 2022 жыл.

29 наурызда Алматыдағы «Партнер» бизнес орталығында Қаңтар көтерілісіне байланысты туысы қамалғандар баспасөз жиынын өткізіп, қамауда отырғандардың сотының ашық, офлайн түрде өтуін және үкім шыққанға дейін кепілдікпен босатуды талап етті. Баспасөз мәслихатын «Атажұрт жастары» ұйымы ұйымдастырған.

Белсенді Әсет Оңалбаев Қаңтар көтерілісіне байланысты Талдықорғанда 91 адамның қамауда отырғанын, 80 пайызының 15-25 жас аралығындағы жастар екенін айтты.

Белсенді Әсет Оңалбаев/Оналбаев. Алматы, 29 наурыз 2022 жыл.
Белсенді Әсет Оңалбаев/Оналбаев. Алматы, 29 наурыз 2022 жыл.

– 272-баппен - 13 адам, 287-баппен – 25 адам, 291-баппен – 28 адам, 188-баппен – 24 адам, Алматы облысы бойынша барлығы 91 адам қамауда жатыр. Біздегі бірінші мәселе – қаңтар оқиғасына байланысты үстінен іс қозғалған азаматтардың баптарын жеңілдету. Жазаны жеңілдетуді президент бір емес, екі рет айтты. Бұл процесс прокурор мен тергеушінің екеуара келісімі арқылы шешілуі керек еді. Бірақ олар «сот шешеді» деп президент тапсырмасын орындамай отыр, - деді ол.

Баспасөз жиынына 50-ге жуық адам жиналды. Арасында Алматы қаласында ұсталғандардың туыстары да болды. Бірақ жиын кезінде қала бойынша қанша адамның қамауда отырғаны жөнінде мәлімет айтылмады.

Баспасөз жиынына келгендердің бірі Әсем Тұрахметова баласы Ғанидың шеруге шықпағанын, тек қаңтардың 7-сінен 8-інен қараған түні көшеге шыққанын сол кезде ұстап алып кеткенін айтады. Әсемнің айтуынша, полиция «баласын азаптап, бірнеше қағазға қол қойдырған». Азаптаушылардың үстінен арыз түсіргенімен, іс жабылып қалған.

Баспасөз маслихатына келген 50-ге жуық ата-ана түгел сөйледі. Барлығы жақындарының ұсталған кезде азап көргенін, кейбірінің психологиялық қысымға ұшырағанын айтып, президентке бірнеше талап қойды. Арасында карантиннің жеңілдетілуіне байланысты сотты ашық әрі офлайн өткізу, жас баласы бар немесе кәрі ата-анасының асыраушысы болып отырған азаматтарды кепілдікпен босату, қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп немесе басқадай жағдайда жарақат алып, мүгедек болып қалған азаматтардың отбасыларына үкімет тарапынан көмек көрсету бар.

Жиын соңында жиналғандар президент атына арнайы үндеу жасады.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, бұл наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Билік опат болғандардың есімін жарияламады.
  • Ақорда қаңтар қырғынына "террористерді" айыптағанымен, нақты дәлел ұсына алмады. Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам қамауға алынды. Қамалғандардың көбі түрмеде азаптау көргенін мәлімдеген. Билік ұсталғандарды азаптау фактісі болғанын мойындап, бірнеше қызметкердің үстінен іс қозғаған. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған 8 адам тергеу изоляторында қаза болған.
  • Наурыздың басында Бас прокуратура қаңтар оқиғасы бойынша елде 700-ден астам адам тергеу изоляторында отырғанын, 199 адамның қамау жазасы «ешқайда кетпеу туралы қолхат» немесе «үйқамақпен» алмастырылғанын хабарлаған.
  • 25 наурыз күнгі мәлімет бойынша, Алматы соты осыған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған жеті адамға түрме жазасын берген, 80 адамның бостандығын шектеген. Жалпы Алматы сотына 190 адам тартылған 126 қылмыстық іс түскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG