Сербияның қазіргі президенті Александр Вучич президент сайлауында алда келеді.
Бүгінге дейінгі есепке қарағанда, Вучич 68 пайыздан астам, Здравко Поноша 11 пайыз, Бранка Стаменкович төрт жарым пайыз дауыс жинаған. Сербия президенттігіне 8 кандидат түскен.
Парламент сайлауында Вучичтің Сербия прогрессивті партиясы жетекшілік ететін коалиция 50 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіп шыққан.
Бақылаушылар пікірінше, сайлаудан кейін Вучич негізгі екі мәселені шешу керек болады: Косовомен қатынасты реттеу (Белград Косово тәуелсіздігін мойындамайды, оны Сербияның бір бөлігі деп есептейді) және Украинға басып кірген соң Ресейге салынған санкция мәселесі.
Еуропа одағына мүшелікке кандидаттар ішінде санкцияға қосылмаған жалғыз ел әзірге Сербия болып тұр.
Еуропа одағының басшылығы Вучичті Еуропаның ортақ ұстанымын қолдауға шақырып отыр.
ПІКІРЛЕР