6 сәуірге қараған түні Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекееваның өзіне қол салғаны хабарланды. Жедел жәрдеммен қалалық Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізіліп, жан сақтау бөліміне жатқызылған. Ол әлі есін жимаған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы Бекееваның орталыққа түскенін растады. Жан сақтау бөлімінде жатқан полиция қызметкері әлі есін жимаған.
"Түскен кездегі жағдайы ауыр, команың 1-дәрежесі бар. Қазір реанимацияда ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр. Алдын ала болжам бойынша, пациент суицид жасау мақсатында көп дәрі ішкен" деп жазылған Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Полиция департаментінде ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы қызметін атқаратын Бекеева өзіне қол салмастан бұрын өзінің Facebook парақшасында жазба қалдырды. Онда үстінен Қылмыстық кодекстің «Билік өкілін қорлау» (378-бап) бабымен іс қозғалған соң жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын жазды. Соңғы екі айда департамент басшысынан қысым, қудалау көргенін, оған қарсы шыға алмайтынын, өйткені «экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған құдасы» екенін жазған. Бекеева сонымен бірге департамент басшылығы ауысқаннан кейін департаментте "негізсіз" кадрлық ауыс-түйістер болғанын да жеткізеді. Ол өзіне ашылған қылмыстық істі басшылық қысымы деп атаған.
Шымкент полициясы 6 сәуірде түске қарай оқиғаға байланысты хабарлама таратты. Онда ведомство Бекееваның үстінен "Билік өкілін қорлау" бабы бойынша іс қозғалғанын растайды. 29 наурыз күні кешке Фейсбук желісінде қарамағындағы қызметкерге дөрекі сөйлеп, бейәдеп сөз сөйлеген әйел адамның аудиожазбасы мен бірге Бекееваның суреті де жарияланған еді. Қылмыстық істің қозғалуына осы оқиға түрткі болған. Бұған дейін Бекеева аудиожазбадағы дауыс өзінікі екенін жоққа шығарып, "бұл қызметіне байланысты жасалған қастандық" деп атаған.
Полицияның айтуынша, бұған қоса "Өзіне қол жұмсауға итермелеу" бабы бойынша да сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
ПІКІРЛЕР