Accessibility links

Сарыағашта автобус аударылып, үш адам қайтыс болды


Сарыағаш-Шымкент тас жолында аударылған жолаушылар автобусы. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 13 сәуір 2022 жыл.
Сарыағаш-Шымкент тас жолында аударылған жолаушылар автобусы. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, 13 сәуір 2022 жыл.

13 сәуір күні кешке Сарыағаш-Шымкент тас жолында жолаушылар автобусы аударылып, үш адам қайтыс болды, алты адам түрлі жарақатпен Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.

Полицияның хабарлауынша, автобуста 30 жолаушы болған. Автобус қарсы бағытта келе жатқан жеңіл көлікпен соқтығысып, жолдан шығып кеткен. Жол апатынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы қайтыс болған. Автобустағы алты адам түрлі дене жарақатын алған.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жеткізілген төрт адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық емге жіберілген. Бір адам жан сақтау бөлімінде, бір адам травматология бөлімінде жатыр.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабымен (345-бап) іс қозғалған. Бірнеше сараптама тағайындалып, тергеу басталған.

Ресми мәлімет бойынша, 2021 жылы Қазақстанда 13,9 мың жол апаты болған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға көп. Былтыр жол апатынан 20,4 мың адам зардап шеккен. 2,3 мыңы қаза болған. Апат жиі болатын аймақтар қатарында бірінші орында Алматы қаласы, Алматы облысы және Жамбыл облысы тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG