18 сәуір күні Қазақстан әділет министрі Қанат Мусин елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құзыретін одан әрі шектеу мәселесі парламент мәжілісінің күн тәртібінде тұрмағанын мәлімдеді.
Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда бірінші президент туралы заңды жоюға шақырған үндеулер болды. Осы туралы сұраққа Мусин бұл мәселенің әділет министрлігінің құзыретінде емес екенін, заң шығару бастамасын тек президент, үкімет және парламент депутаттары көтере алатынын айтты.
Министрдің айтуынша, мұндай заңды өзгерту мәселесі "ең әуелі Қазақстан қоғамының пікіріне байланысты".
"Ол пікірді кейін не мәжіліс депутаттары, не заң шығару бастамасын көтере алатын өзге субъектілер арқылы жүзеге асыруға болады" деді Мусин.
11 сәуір күні Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов "Қазақстан үкіметінің регламенті туралы" қаулыны өзгертті, бірақ онда үкіметтің бірінші президент тапсырмаларын орындау жөніндегі міндеттері өзгеріссіз қалды. Мұны Orda.kz сайты байқады. Мұндай міндеттер қаулыда 2019 жылы Назарбаев президенттіктен кеткен кезде пайда болған.
Orda.kz сайтының сауалына жолдаған жауабында әділет министрлігі "бірінші президент мемлекеттік органдарға, лауазымды тұлғаларға, Қазақстан халқына елдің қауіпсіздігі, мемлекет құру, ішкі және сыртқы саясат сұрақтары бойынша жүгіне алады" деген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кемі 238 адамның өліміне әкелген қаңтар оқиғасынан кейін елде ауқымды саяси реформа жүргізетінін айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар туысын лауазымды қызметтен алды.
Ал ақпанда Тоқаев бұрынғы президентті Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясына өмірінің соңына дейін төрағалық ету мүмкіндігінен айырды, елдің сыртқы және ішкі саясаты жөніндегі бастамаларды бірінші президентпен ақылдасып отыруға міндеттейтін заң нормаларының күшін жойды.
ПІКІРЛЕР