Литва сеймі қабылдаған қарарында Ресейді "террорды қолдайтын әрі іске асыратын мемлекет" деп атады. Бұл туралы ақпарат Литва парламенті сайтында жарияланды.
Құжатта ресейлік әскерилердің "азаматтық нысандарды саналы және жүйелі түрде бомбалағаны" айтылған. Бұған қоса Литва парламенті Ресейдің Украинаға басқыншылығын украин халқына жасалған геноцид деп таныған.
Сейм Біріккен Ұлттар Ұйымын, Еуропа парламентін, Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясын, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясын, НАТО парламенттік ассамблеясын, шет мемлекеттердің парламенттері мен үкіметтерін Ресейді "Украинада жасаған геноциді, соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстар жасаған" деп танып, сотқа тартуға үндеген.
Литва парламенті депутаттары бұған қоса Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына баға беріп, тергеу жүргізу үшін арнаулы халықаралық қылмыстық трибунал құруды ұсынды.
Бұған дейін Канада, Латвия мен Эстония парламенттері Ресейдің Украинадағы іс-әрекеттерін геноцид деп таныған.
ПІКІРЛЕР