Accessibility links

Финляндия мен Швеция НАТО-ға қосылу жөніндегі жоспарын ресми түрде жариялады


Финляндия президенті Саули Ниинистё
Финляндия президенті Саули Ниинистё

Финляндия НАТО-ға қосылу жөнінде ресми түрде шешім қабылдады. Бұл жөнінде Финляндия үкіметінің басшысы Санна Марин мен Финляндия президенті Саули Ниинистё жексенбі күні Хельсинкиде өткен бірлескен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Бұл шешімді енді жақында парламент мақұлдауға тиіс.

Таяу арада Швеция да НАТО құрамына алу жөнінде өтініш бергелі отыр. Мұндай жоспар бар екенін 15 мамырда Швецияның биліктегі социал-демократиялық жұмысшы партиясы жариялады. Швед социал-демократтары ядролық қаруды қаламайтынын және өз жерінде НАТО-ның тұрақты әскери базасын орналастырғысы келмейтінін атап өтті.

Финляндия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейтарап елге айналып, СССР-мен де, НАТО елдерімен де тығыз қатынас орнатуға көшкен еді. Швеция 100 жылдан бері бейтарап ел ретінде танылып, дүниежүзілік соғыстарға қатыспаған.

Екі елдің басшылығы да биыл ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң НАТО-ға қосылу жөнінде ұйғарымға келе бастаған. Сауалнамалар екі ел халқының басым көпшілігі НАТО-ға қосылуды қолдайтынын көрсеткен.

Премьер-министр сөзінше, Финляндияның НАТО-ға қосылу жөніндегі шешімі Ресей қаупінен туған. Украинаға басып кірген соң Мәскеуге сенім қалмады, - деді Марин.

Финляндия президенті Ресей президенті Владимир Путинге Хельсинкидің НАТО-ға қосылу жөніндегі шешімін хабарлаған. Ниинистё Путинге "Ресейдің кейінгі әрекеттері Финляндияны НАТО-ға мүше болу жөнінде шешім қабылдауға мәжбүрлегенін" айтқан.

Оған Путин "Финляндияның дәстүрлі саясатынан бас тартқаны қателік болады" деген жауап қатқан. Ресей президенті "Финляндия қауіпсіздігіне ешқандай қатер жоқ екеніне сенімді екенін білдірді" дейді Кремль хабары. Путин "НАТО-ға кіру Ресей мен Финляндияның екі жақты қатынастарына теріс әсер етуі мүмкін екенін" ескерткен.

Хельсинкидегі баспасөз-конференциясында Финляндия президенті "Ресеймен жау қатынас болмайды" деп үміттенетінін айтты. Ол НАТО мүшесі болса да Мәскеумен сыпайы байланысын жоғалтпаған Норвегияны мысалға келтірді.

  • НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Швеция мен Финляндияның НАТО-ға тез-ақ қабылданатынын айтты.
  • Екі елдің НАТО-ға қосылуына Түркия күмән келтіріп, олармен келіссөз керек деп мәлімдеді. Алайда НАТО-ның көптеген елдері Финляндия мен Швецияның одаққа жылдам қабылданарына сенеді.
  • Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бейсенбіде Финляндияның НАТО-ға қосылғаны Ресейге қатер төндіреді деп мәлімдеді. "НАТО-ның кезекті рет кеңейгені тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейте түспейді" деді.
  • Биыл ақпандағы агрессиясын Ресей билігі "Украина Ресейге қатер төндіріп, НАТО-ға мүше болғысы келді" деп түсіндірген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG