Түркия президенті Режеп Ердоған НАТО-ға қосылғысы келетін Швеция мен Финляндиядан Анкара "террористік ұйым" деп таныған топ өкілдеріне саяси баспана бермеуді тағы талап етті. Аталған екі елдің әскери блокқа қосылуы үшін олардың өтінішін НАТО-ға мүше барлық ел, оның ішінде Түркия да қолдауы тиіс. Алайда Түркия бұған дейін Стокгольм мен Хельскинкиге өз шартын қойған. Анкара Түркияға қару-жарақ тасымалдауға қойылған эмбаргоның да күші жойылғанын қалайды.
Ердоған Финляндия президенті Саули Ниинистё және Швеция премьер-министрі Магдалена Андерсонмен телефон арқылы сөйлесті. Ол сонымен бірге НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергке де телефон соқты.
Ердоған әкімшілігінің хабарлауынша, президент Ердоған Столтенбергке екі ел "терроризммен күресте ынтымақтастық орнатуға дайын екенін ашық көрсетпесе" Анкара олардың өтінішін кері қайтарады деп айтқан. Ал Столтенберг келіссөз барысында тараптардың қауіпсіздігін ескеретін ортақ шешім табылуы тиіс деген.
Осы апта ортасында Швеция мен Финляндия НАТО-ға қосылуға өтініш берген. Алайда Түркия президенті Режеп Ердоған оларды одаққа қосуға қарсы болған. Анкара Хельсинки мен Стокгольмді "террористік ұйымдарды" қолдады, олардың мүшелеріне саяси баспана берді деп айыптаған.
Финляндия мен Швеция басшылары Ердоғанмен келіссөз жүргізгеннен кейін терроризмді айыптайтынын және НАТО аясында Түркияға қауіпсіздік саласында көмек көрсететінін мәлімдеді.
Швеция мен Финляндия Ресейдің Украинаға басқыншылығы жалғасып жатқан тұста бейтарап мәртебесінен бас тартып, НАТО-ға қосылу туралы шешім қабылдаған.