Accessibility links

Тоқаев Ұлытауға ұлттық құрылтай өткізуге келді. Кейбір белсенділер шараға кіре алмағанын айтады


Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде өтеді. Ұлытау облысы, 16 маусым 2022 жыл.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде өтеді. Ұлытау облысы, 16 маусым 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған Ұлытау облысына ұлттық құрылтай өткізуге келді. Облыс орталығы Жезқазғанда оны аймақ басшысы Берік Әбдіғали мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қарсы алды деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.

Сарап барысында Тоқаев Ұлытау облысы мен Жезқазған қаласын дамыту жөніндегі жоспармен таныспақ. Бүгін түстен кейін ол Жошы хан тарихи-мәдени кешеніне барып, ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысады.

Ұлттық құрылтайға дайындық құпия жағдайда өтіп жатқандай әсер қалдырады деп жазды ҚазТАГ агенттігі.

Құрылтайға өз еркімен барып қатысуға тілек білдірген кей белсенділер кедергіге тап болғанын айтады. Солардың бірі Бурахан Дақанов Қазақстанның халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірінен жұртты солтүстікке көшіру мәселесін құрылтайда көтермек болған. Бірақ оны жиынға кіргізбеген.

Ол "Елімнің болашағына себі тиетін Ұлттық жиынға келмеймін деп жата алмадым. Ендігі, мұнда кіру мүмкіндігім жоқ екен. Осы мәселеде қол ұшыңызды беруіңізді сұраймын" деп Facebook-тегі парақшасына жазып, мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринге қолқа салды.

Ұлттық құрылтайда жер мәселесін көтермек болған Мұхтар Тайжанға да билік жиынға қатысуға рұқсат етпеген.

"Ұлттық құрылтайында халықтың жер [туралы] жанайқайын президентке жеткізуге мүмкіндік бұйырмады. Нақты айтқанда мемхатшысы Ерлан Карин бұған жол бермеді. Себебін білмедім, бірақ бұл кісіге бүгінгі шешімі үшін әлі ұят болады деп ойлаймын" деп жазды Тайжан Facebook-тегі парақшасына.

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысушыларды тексеріп кіргізіп жатыр. Жошы хан тарихи-мәдени кешені. Ұлытау облысы, 16 маусым 2022 жыл.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысушыларды тексеріп кіргізіп жатыр. Жошы хан тарихи-мәдени кешені. Ұлытау облысы, 16 маусым 2022 жыл.

15 маусымда Тоқаев ұлттық құрылтай құру және оның ережесі мен 117 адамнан тұратын құрамын бекіту туралы жарлық шығарған. Оны өзі басқарып, орынбасарлары етіп мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мен "Бас редакторлар клубы" республикалық қоғамдық бірлестігі президенті Бибігүл Жексенбайды тағайындаған.

Билік жаңа қоғамдық институт деп атаған, Қазақстан президенті жанындағы бұл консультативтік-кеңесші орган құрамына кейбір депутаттар, жоғары лауазымды шенеуніктер, қоғамдық ұйым өкілдері, саяси партиялардың, бизнес қауымдастығының, әдебиет, мәдениет, БАҚ, спорт, білім, медицина саласы өкілдері, заңгерлер және басқалар енді.

Қариннің сөзінше, ұлттық құрылтай "жалпыұлттық құндылықтарға негізделген қоғамның бірігуін одан ары дамытуға бағытталған ұзақмерзімді сипаты бар мәселелерді талқылайтын" алаң болмақ. Ұлттық құрылтайдың отырыстарына тек оның мүшелері қатысады.

Кейбір сарапшылар Тоқаевқа ұлттық құрылтай "режимнің мүддесін білдіретін және президенттің кейбір бастамаларын қоғам атынан өткізетін орган" ретінде қажет болып отыр деп санайды. Олар осы құрылтайды құру арқылы Тоқаев "кемшілік-қателіктер жіберген соң шайқалған билігін нығайтуға тырысып жатыр" деп санайды.

Бірқатар қоғамдық ұйымдар өкілдері, құқық қорғаушылар мен белсенділер ұлттық құрылтай құрамына билікке сыни көзқарастағы, қоғамды демократиялық жолмен дамытудың балама бағдарламасын ұсынатын күштердің енбей қалғанына назар аударады. Билік айтып отырған диалогқа оларды қатыстырмайтын болса, бұл да осыған дейін үлкен дабырамен дүниеге келіп, кейін жым-жылас жоғалған бастамалардың кебін киеді дейді сыншылар.

Постсоветтік елдер арасында осыған ұқсас "халық жиындары" авторитар билік орнаған Беларусь (Жалпыбелорус халық жиыны) пен Түркіменстанда (Халық маслахаты) бар. Түркіменстан Конституциясына өзгеріс енгізгеннен кейін Халық маслахаты парламенттің жоғарғы палатасына айналған. Оны 2006 жылдың аяғынан ел президенті болған, биыл көктемде ол қызметінен кеткен (орнына ұлы Сердар сайланды) Гурбангулы Бердімұхамедов басқарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG