Қытай Ресейден арзан мұнай алып, Кремльдің Украинадағы соғысты қаржыландыруына әсер етіп отырған елге айналды. Осылайша Пекин Мәскеуге табыс көзін ұсынды. Бұл Батыстың Ресей экономикасына салған санкцияларының әсерін әлсірете алады.
Мәскеудің Украинаға басқыншылық соғыс бастағанына төрт ай болғанда Қытай Ресейден энергетика алып жүрген елдер арасында бірінші орында болған Германияны басып озды. Қытай мен Үндістан Ресей нарығында Еуропа елдері қалдырып кеткен бос кеңістікті толтырғандай болды.
Қытай мен Үндістан мамырда Ресейден күніне 2,4 млн баррель мұнай сатып алған. Бұл Ресейдің жалпы экспортының жартысына тең.
Ресей мұнайды төмен бағамен сатқанына қарамастан, мұнай бағасы өсіп, Кремль Батыс санкциялары кезінде де табысқа кенелуге, осылайша Украинадағы соғысты қаржыландыруға мүмкіндік алды.
Ресейдің арзан мұнайы Қытайға өз қорын әртараптандыруға, ал Үндістанға Ресей мұнайынан алынған бензин, дизель секілді мұнай өнімдерін қайта экспорттауға мүмкіндік берді. Еуроодақ мұнайға ішінара тыйым салғандықтан, бұл сауда тағы бір санкция салуға қауіп төндірмейді. Бірақ осы жылдың аяғында бұдан да қатаң шаралар күшіне енген соң Пекин мен Нью-Делидің Ресей мұнайын сатып алуға дайын болуы сынға қалайын деп тұр.
22-23 маусымда Қытай президенті Си Цзиньпин БРИКС елдерімен, яғни, Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка өкілдерімен онлайн саммит өткізді. Онда Қытай басшысы Батыс санкцияларын "қару" деп атап, БРИКС елдері арасындағы өзара байланысты нығайтуға шақырды.
Саммитте сөйлеген сөзінде Ресей президенті Владимир Путин БРИКС елдері "халықаралық ұйымдардың сенімді балама механизмдерін жасап жатыр" деді және "БРИКС елдерінің валюталары негізінде халықаралық резервті валюта" құру жайлы айтты.
Мәскеу Қытай мен Үндістан сияқты нарықтарға қаншалық арқа сүйей алады? Бұл оған санкция соққысын жеңілдетуге көмектесе ала ма?
Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері Мария Шагина Азаттықтың осы және өзге де сұрақтарына жауап берді.
Азаттық: Украинадағы соғыс кезінде Қытай Ресей мұнайын көптеп сатып ала бастады. Бұл екі елдің нығайып келе жатқан байланысы үшін нені білдіреді? Бұл әріптестіктің нығайып жатқанының белгісі ме? Әлде Пекин арзан энергия алып қалуға тырысып, авантюристік қадамға барып отыр ма?
Марина Шагина: Қытай мен Ресейдің "шексіз әріптестік" орнатқанын бірнеше мәрте естідік. Жуырда [15 маусымда] Си Цзиньпин Ресеймен өзара әріптестікті қолдайтынын тағы бір мәрте мәлімдеді.
Бірақ Қытайдың сөзі мен ісі бір жерден шыға бермейтінін білеміз. Бұл 2014 жылы [Пекин мен Мәскеу байланысын жылдам нығайта бастағаннан] бері белгілі. Қытай Ресейдің оқшауланып қалғанынан пайда тапқысы, әсіресе, Ресейдің арзан мұнайын сатып алғысы келеді. Бірақ мәселе Батыс санкцияларын бұзуға келгенде, Қытайдағы жеке сектор әдетте сақтық танытады.
Бұл жағдайда Ресей мұнайына [Батыс] санкция салған жоқ. Еуроодақтың мұнай эмбаргосы да 5 желтоқсанда басталады. Сондықтан санкция күшіне енгенше уақыт бар. Осы уақыт Қытай мен Үндістанға Ресейден арзан мұнай сатып алып, пайда көруге мүмкіндік береді.
Азаттық: Мұнай сатып алудан бөлек, Қытай Ресейге Батыс салатын санкциялардың екінші легінен жалтаруға келгенде де өте сақ екенін байқатты. Пекин Ресейді ашық қолдайды деп күтуге бола ма? Әсіресе, алдыңғы қатарлы технологияларға келгенде [қолдау білдіре ме?]
Марина Шагина: Қытай тепе-теңдік сақтауда өте мұқият әрекет етеді. Соғыстың өрбуіне қарай Пекинге "ресейшіл бейтараптық" атанып кеткен бұл ұстанымда қалу қиын болады. Олар ресми түрде бейтарап болғанымен, бүйрегі бәрібір Ресейге бұрып тұрады.
2014 жылдан бастап Ресей Пекин Мәскеудің [қаржы] жағдайына араласады деп үміттенді. Содан бері Кремль Қытайдан шын мәнінде қандай көмек ала алатынын дұрыс бағамдай алатын болды. Бірақ қазір Ресейдің Қытай тарапынан көмектің болмағанына көңілі қалғандай.
[24 ақпанда Украинаға басып кіргені үшін] Ресейге санкциялар салынғанда, Кремль Қытай тарапынан қаржылай және технологиялық көмектің болмағанына көңілі толмағанын байқатты. Ресейде осы екі сала Қытай мен басқа да елдерге қарап отыр. Қытай санкция салдарын жеңілдетуге көмектесуге келгенде сырттан бақылап отыратын елдердің бірі болып отыр. Мәселе Пекиннің қандай да бір қаржылай көмек көрсетуінде емес, чип пен жартылай өткізгіш секілді санкцияға ұшыраған технологияларды беру-бермеуінде жатыр.
2014 жылғы жағдайлар Қытайдың жекеменшік секторы басын қатерге тіге бермейтінін көрсетті. Олар келісімшарт жасау кезінде АҚШ долларына тәуелді болатындықтан, Ресейдің санкция салынған субъектілерінен бойын аулақ ұстап, санкция ережелеріне бағынады. Қазіргі таңда [Ресейге] көлемі мен маңызы жағынан бұрын-соңды болмаған санкциялар салынғандықтан, Қытайдың жеке секторы бұрынғыдан да сақ болуы мүмкін.
Бірақ мемлекеттік институттың әрекеті басқа екенін де ескеру керек. 2014 жылы Қытай экспорт-импорт банкі, Қытай даму банкі секілді қаржы мекемелері Ресейдегі табиғи газ өндіретін ең ірі "НОВАТЭК" компаниясымен жұмыс істеп, жобаларды қаржыландырған. Осылайша санкцияға ілінген субъектілер мен адамдарға көмек көрсету мүмкіндігі бар дей аламыз. Бірақ мұндай қолдаудың шектеулі масштабына қатысты сақ болуымыз керек.
Азаттық: Си Цзиньпин БРИКС саммитіне қатысып, жаһандық экономика үшін бірігудің маңызды екенін айтты. Ал Ресей өкілдері Батыс санкцияларын жеңілдету үшін бірігудің маңызды екенін айтумен болды. Украинадағы соғыс оған потенциалын жүзеге асыруға, бұдан да маңызды рөл атқаруға мүмкіндік бере ала ма?
Марина Шагина: Батысқа, әсіресе, АҚШ пен Еуроодаққа БҰҰ қолдауынсыз біржақты санкция салғаны үшін тойтарыс беретін мүмкіндік бар деп ойлаймын.
[БРИКС] аясында Ресей әріптестікті нығайтқысы келетін елдерге Үндістан да мысал бола алады. Бірақ мұнда мұнай сатып алудан басқа алға жылжу байқалмайды. Мысалы, Ресей санкция кесірінен пайдалана алмай қалған SWIFT жүйесі мен төлем жүйелерінің баламасын жасау идеясын алға тартты. Бірақ бұл бастамалардың ешбірі іске аспады.
Саммит АҚШ үстемдігіне қарсы тұру мүмкіндігі болды деп ойлаймын. Бұл одан өзге дүниеге айнала ма, оны әлі көре жатармыз.
Азаттық: Қытайдың Ресейдегі экономикалық шараларынан не күтесіз? Не болуы мүмкін немесе нені күтуіміз керек?
Марина Шагина: Жартылай өткізгіштер мен технология салалары бар. "Қытай көмектесе ме?" дегенде осы салаларды бақылауға болады. Осы күнге дейін АҚШ ресми тұлғалары Қытай тарапынан ешқандай жүйелі қолдау болмағанын мәлімдеді. Бірақ екі елдің әріптестігін ескерсек, Қытай Ресейге салынған технологиялық санкциялардың қысымын әлсірету үшін көмек қолын созуға дайын болуы мүмкін.
Бақылауға тұрарлық тағы бір сала – Қытай компанияларының энергетикалық құрал-жабдық жеткізудегі көмегі. Еуроодақ сұйылтылған табиғи газға және оған арналған құрал-жабдықтарға тыйым салған еді. Ресей өз бетімен мұның орнын толтыра алмайды. 2014 жылдан бастап Қытай инжиниринг компаниялары мұндай құрал-жабдықтардың 80 пайызын жеткізіп отырған. Сондықтан Пекиннің өз орнын нығайтуға, Қытай Арктикада қолдап жатқан [энергетикалық] жобаларға қосымша қаржы беруге мүмкіндігі бар.
Сұхбат ықшамдалып аударылды.
ПІКІРЛЕР