Өзбекстан парламенті Конституцияға өзгертулерді талқылау мерзімін 1 тамызға дейін созды. Бұл туралы 15 шілдеде парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Конституцияға өзгеріс енгізу жобасы халық талқылауына 25 маусымда ұсынылған. Талқылау он күнге созылуы тиіс еді. Алайда Нөкісте 1-2 шілдеде наразылық болып, парламент құжатты талқылау мерзімін тағы он күнге созды.
4 шілдеде заң шығарушы палата заң жобасында Қарақалпақстан Республикасының егемендігі туралы бапты өзгертпеу туралы шешім қабылдады.
Конституциялық өзгерістер жөніндегі референдум өтетін күн әлі жарияланған жоқ. Билік бұл референдумды қазіргі президенттің осыған дейін қызмет атқарған жылдарын "өшіріп", жаңа президенттің құзыретін бес жылдан жеті жылға дейін созуы мақсатында пайдалануы мүмкін.
Конституциялық комиссия мәліметінше, конституциялық реформалар мәселесі бойынша "халықтан 85 мың ұсыныс" түскен.
ПІКІРЛЕР