Accessibility links

Қазақстандағы адам саудасы: Биыл жарты жыл ішінде — 57, былтыр — 103 қылмыстық іс қозғалды


2022 жылы алты ай ішінде Қазақстанда адам саудасына қатысты 57 қылмыстық іс қозғалған. Бұл жөнінде орталық коммуникациялар қызметінің брифингісі кезінде Азаттық сауалына жауап берген ІІМ ұйымдасқан қылмыспен күрес департаментіне қарасты адам саудасымен күрес басқарма бастығының орынбасары Шынар Көшербаева мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр – 103, 2020 жылы 100 қылмыстық іс қозғалған.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова "тергеу кезінде адам саудасы екенін дәлелдейтін айғақтар үнемі табыла бермейді, осы мәселе болып отыр" деді.

— Адам саудасы белгілерінің бірі - еңбек заңнамасын бұзу. Яғни, уақытында әлеуметтік көмек көрсетпеу. Іс жүзінде мемлекетке "көрінбейтін" адамдар құрбан болып отыр. Бізде қылмыстық заңнамада адам саудасына қатысты қатаң әділ жаза қарастырылған. Бірақ кешенді түрде көмек көрсету жоқ, – деді Эльвира Әзімова.

Қазақстандағы адам саудасы жағдайына арналған есепке сәйкес, адам сатумен айналысқандар әуелі жұмыс тауып беретінін айтып, адамдарды тартады. Кейін оларды жыныстық құлдыққа салады немесе ауыл шаруашылығы, құрылыс және өзге салалардағы жұмысқа жегеді.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары комиссиясының хатшысы Тастемір Әбішев ауылдық жерлерде мұғалімдер, дәрігерлер және әкімдік қызметкерлерінің адам саудасын ажырата алатындай білімі болуы тиіс деді.

Адам құқықтары комиссиясы соңғы есебінде сонымен бірге Қазақстан үкіметіне адам саудасына тап болғандарды анықтау үшін мемлекеттік инспекторлармен жұмысты нығайтуға кеңес берген.

—Мемлекеттік инспекторлар бірінші рөл атқаруы тиіс. Алайда өкінішке қарай бізде инспекторлар бір мезетте екі органға қарайды: еңбек министрлігі мен жергілікті әкімдіктерге бағынады. Көптеген инспектор өздеріне тән емес міндеттермен айналысады, - деді Тастемір Әбішев.

Қазақстан ІІМ мәліметінше, 2022 жылы елде еңбек қанау фактісі бойынша 5 қылмыстық іс қозғалған. Аталған істер тергеліп жатыр. 2020 жылы 21 адам еңбек қанау құрбаны ретінде танылған. Былтыр бұл көрсеткіш 4 болған. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің сөзіне қарағанда, Қазақстанда еңбекке күштеп жегілген адамдар анықталса да оларды жұмыспен қамту, құжаттарын қалпына келтіру мәселелері шешілмеген.

Сәрсенбілік брифинг кезінде шағын ауылдарды аралаған кезде ұзақ жыл құжатсыз жүрген отбасылар анықталғаны да айтылды. Арасында Қазақстан және СССР құлағаннан кейін Қазақстанға көшіп келген Ресей және өзге ел азаматтары бар.

Қазір Қазақстанның үш облысында адам саудасы құрбандарын анықтау үшін мобильді топтар құрылған. Олар азаматтардан арыз-шағым күтпей-ақ шалғай ауылдарға барып, адам саудасы құрбандарын анықтауға кіріскен.

ІІМ мәліметінше, 2021 жылы 16 адам жыныстық құлдыққа түскен, 2020 жылы бұл көрсеткіш – 67, 2019 жылы 35 болған.

—Азаматтарды Бахрейнге әкеткен. Соңғы жылы Түркия, БАӘ-ға да жеткізген. Бірақ негізінен ішкі трафик басым, – деді Шынар Көшербаева.

Жуырда жарық көрген АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде Қазақстан үкіметінің адам саудасымен күрес бойынша жүзеге асырылуы тиіс ең қажетті ережелердің өзін сақтамай отырғаны жазылған. Елде адам саудасына қатысты тергелген істер едәуір азайған, заңнамадағы бірқатар кемшіліктер әлі күнге дейін азаматтық қоғам өкілдері мен үкіметке адам саудасымен тиімді күресуге мүмкіндік бермей отыр.

Есепке сәйкес, дегенмен Қазақстан билігі 2021 жылы адам саудасын анықтауға едәуір көңіл бөлген. Атап айтқанда, адам саудасы істері бойынша айыптау үкімдері көбейген, әйелдерді жыныстық құлдыққа сату қылмысына қатысы бар шенеуніктер жауапкершілікке тартылған. Бұған қоса, адам саудасынан зардап шеккендерге арналған арнайы қабылдайтын орындарға көбірек қаржы құйып, үкіметтік және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты арттырған.

XS
SM
MD
LG