Accessibility links

Атырау облысында ҰҚК шекара қызметінің жауынгері мерт болды


Қазақ-орыс шекарасы. Атырау облысы. Көрнекі сурет.
Қазақ-орыс шекарасы. Атырау облысы. Көрнекі сурет.

17 тамызда Атырау облысы Исатай ауданында ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің жауынгері мерт болды. Бұл жөнінде "Ақ Жайық" сайты хабарлады.

Басылымның жазуынша, ол Каспий теңізі жағасындағы "Жанбай" бекетінде қызмет еткен. 17 тамызда өзге солдаттармен бірге мемлекеттік шекараны қорғау бойынша кезекшілікке атанған. Бірақ жолда көлігі бұзылып қалған. Жауынгер қатты ыстыққа төзе алмай, жан тапсырған сияқты, деп жазды басылым. Бірақ дереккөзін айтпаған.

Көп кешікпей ҰҚК шекара қызметі әскери қызметкердің өліміне қатысты түсініктеме берді.

"2022 жылдың 17 тамызында Атырау облысында мемлекеттік шекара учаскелерінің бірінде қызметін өткеріп жүрген шекара қызметінің әскери қызметшісі Ерғалиев Нұрбек қайтыс болды. Сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша "кенеттен болған жүрек өлімі" анықталды" деп жазылған хабарламада.

Жауынгердің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалған.

"Ақ Жайықтың" жазуынша, мерт болған жауынгер Ақтаудан келген және осы күзде әскерден қайтуы тиіс болған. Марқұмның ата-анасы Атырауға барған.

Қазақстанда әскерде қаза тапқандар, мертіккендер жиілеп барады. Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен әскер мен оның басшыларына кінә артады. Ал ресми орындар мұның артында әлеуметтік себеп жатыр деген ойда.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG