Accessibility links

МАГАТЭ сарапшылары Ресей басып алған Запорожье АЭС-ін тексеруге аттанды


Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) сарапшылары Запорожье атом станциясын тексеруге аттанды. Бұл жөнінде 29 тамызда МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Twitter парақшасына хабарлады.

МАГАТЭ сайтында "сарапшылар Запорожье АЭС-іне тиген зақымдарды, қауіпсіздік пен күзеттің негізгі және қосымша жүйелері қаншалықты жұмыс істейтінін тексеріп, атом электр станциясының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар қабылдайды" деп көрсетілген.

Мұнан бұрын атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) келесі аптада Запорожье атом электрстанциясына баратын сарапшылар тізімін жасаған. Бұл туралы The New York Times жазған.

Сарапшылар тізімінде МАГАТЭ-нің бас директоры мен негізінен "бейтарап елдерден" шақырылған 13 сарапшы бар. Миссия құрамына Украинамен дос ел саналатын Польша мен Литваның сарапшылары да, Ресеймен дос елдер санатына жататын Сербия мен Қытай сарапшылары да кірген.

Миссияның өзге де сарапшылары арасында Албания, Франция, Италия, Иордания, Мексика және Солтүстік Македония өкілдері бар. Бұл елдер негізінен жанжалдан сырт қалғандар немесе Мәскеумен ашық байланыс арналарын қолдағандар.

The New York Times жазуына қарағанда, делегация құрамында АҚШ пен Ұлыбританияның өкілдері жоқ.

  • Запорожье АЭС-і – Еуропадағы аса ірі атом электростанциясы. Оны Ресей әскері наурыз айында басып алған. Одан бері Киев пен Мәскеу "АЭС маңын атқылады" деп бірін-бірі бірнеше рет айыптаған.
  • БАҚ хабарына қарағанда, АЭС аумағында Ресейдің жалдамалы жауынгерлері еріктілер мен кәсіпкерлерді және қарапайым тұрғындарды күшпен ұстап, азаптаумен шұғылданып отыр дейтін ақпараттар бар.
  • БҰҰ Украина мен Ресейді АЭС аумағын "соғыссыз аумаққа" айналдыруды ұсынған. Осыған ұқсас бастаманы Украина да көтерген, оны АҚШ пен Еуропа одағының бірқатар елдері қолдаған. Мәскеу "АЭС аумағына Ресей әскери күштері АЭС-ті қорғау үшін орналастырылды" деген уәж айтқан.
  • Украина үкіметі 27 тамыздағы отырысында Ресеймен арадағы атом энергетикасы саласы бойынша ғылыми-техникалық және экономикалық келісімнің күшін жойған. Келісім 1993 жылы жасалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG