Accessibility links

Шетелде құрметке бөленіп, өз елінде сынға қалған Горбачев. СССР-дың соңғы басшысы несімен есте қалды?


Михиал Горбачев, 2018 жыл.
Михиал Горбачев, 2018 жыл.

Совет одағының бірінші және соңғы президенті Михаил Горбачев 91 жасында ұзақ ауырып, Мәскеуде көз жұмды. Ол құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып мемлекетті таратқан көшбасшы ретінде әлем тарихында қалады. Бірақ Қазақстан халқы оны Желтоқсан оқиғасын күшпен басқан коммунистік партия орталық комитетінің басшысы деп таниды.

Горбачев Шығыс пен Батыс арасындағы шиеленісті азайтуға қосқан үлесі үшін бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алған. Әлем елдері оны СССР-ді оқшау мемлекет атынан арылтып, ядролық қарусыздану бағдарламасын ұсынғаны үшін ерекше құрметтеген. Ал СССР халқы Горбачевты одақтың ыдырауына ықпал еткен экономикалық және қоғамдық қиындықтарға кінәлап, жек көрген.

Горбачев билікте болған алты жылда Совет одағында ірі наразылықтар мен ұлтаралық жанжалдар жиіледі.

Горбачев ел басқарғанда Қазақстанның Маңғыстау аймағында болған көтеріліс танк, арнайы жасақ және әскери тікұшақ көмегімен әзер басылған. 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасы деген атпен белгілі бұл оқиға сырттай қарағанда қазақтар мен Солтүстік Кавказдан келген азаматтар арасындағы қақтығыс болды. Алайда, қаладағы жағдайдың нашарлауы, жастар арасындағы жұмыссыздық, тұрғын үйдің жетіспеуі сияқты мәселелер басты түрткі болған. Тәуелсіздік жылдары бұл оқиға елеусіз қалып, ұмыт бола бастады.

22 жылдан кейін 2011 жылы желтоқсанда Горбачевпен бірге Совет одағын сақтап қалуға тырысқан Назарбаевтың билігі тұсында Жаңаөзенде полиция бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілін күшпен басып, халыққа оқ атты.

1986 жылы 17-18 желтоқсанда Алматыда студент және жұмысшы жастар Мәскеудің Қазақстанға Геннадий Колбинді басшы етіп тағайындау туралы шешіміне қарсы көтерілді. Алматыдағы наразылық аяусыз басылып, алаңға шыққан жастар қудалауға ұшырады. Совет билігі Желтоқсан оқиғасын 1989 жылғы Жаңаөзен көтерілісі сияқты артта қалған, ұлтшыл қазақ жастарының наразылығы деп көрсетуге тырысты. Қазақстанды екі жарым жыл басқарған Колбин қызметінен кетті. Оның орнына Нұрсұлтан Назарбаев келіп, елді отыз жылға жуық басқарды. Ол 2022 жылғы қаңтар қырғынына дейін жеке дара билік құрып, елдегі ең ықпалды тұлғаға айналды.

Горбачев өзі бастаған реформалар, қайта құру мен ашықтық ұлтшылдықты күшейтетінін сезген жоқ. Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ дауы ұлтаралық қақтығысқа, кейін ашық соғысқа ұласты.

1990 жылы 4 маусымда Қырғыз ССР-інің оңтүстігінде Ош оқиғасы ("Үзген оқиғасы" деп те айтылады) болды. Облыс билігі Ленин атындағы мақта алқабының 32 гектарын тұрғын үй құрылысына тартып алып, қырғыздар мен өзбектер арасында қарулы қақтығыс басталды. Қақтығыс соңы бүлікке, кісі өлімі мен тонаушылыққа ұласты. Жаппай тәртіпсіздік Қырғызстанның оңтүстігі мен көршілес Өзбекстанның бірнеше ауданына тарады. Бірнеше күннен кейін билік бұл қақтығысты күшпен басып тастады.

Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан кейін Балтық елдерінде наразылық болып, бұл толқу Оңтүстік Кавказға да әсер етті. 1989 жылы сәуірде Тбилисидегі демонстрация күшпен таратылды, ал 1990 жылы қаңтарда Совет әскері Бакуге басып кірді.

Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақтың бойжеткенін милиция мен әскерилер ұстап әкетіп барады. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін Желтоқсан» кітабындағы сурет.
Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақтың бойжеткенін милиция мен әскерилер ұстап әкетіп барады. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін Желтоқсан» кітабындағы сурет.

Совет әскерінің 1990 жылы 20 қаңтарға қараған түні Әзербайжан ССР-нің астанасында саяси оппозицияға күш қолдануы тарихта "Қанды қаңтар" (Qanlı Yanvar) деген атпен қалды. Әскери операция кезінде Бакуде кем дегенде 134 адам қаза тауып, 700 тұрғын жараланған.

Cовет билігі кейінірек Әзербайжандағы режимді қалпына келтіру үшін әскер кіргізгенін мойындады.

1991 жылы 13 қаңтарда Вильнюсте совет десантшылары телемұнара мен телеорталықты басып алды. Қақтығыс кезінде ондаған қарусыз адам қаза тауып, жүздеген бейбіт тұрғын жараланды. Көбі бұл қақтығысты Совет одағының ақырын жақындатқан оқиғалардың біріне жатқызады.

Наразы литвалықтар халыққа қарсы келе жатқан совет танкісін тоқтатуға әрекеттеніп жатыр. 13 қаңтар, 1991 жыл.
Наразы литвалықтар халыққа қарсы келе жатқан совет танкісін тоқтатуға әрекеттеніп жатыр. 13 қаңтар, 1991 жыл.

Горбачев соңы беймәлім процесті бастады. Нәтижесінде СССР тарады. Ресей президенті Владимир Путин СССР-дің тарауын 20 ғасырдың "ең үлкен геосаяси апаты" деп атаған.

Тарихшылар әлі күнге дейін "Горбачев Орталық және Шығыс Еуропаны коммунистік бодандықтан құтқарып, СССР-ді таратуға әсер еткен шешімдерін әдейі қабылдаған жоқ па?” деген сұраққа жауап іздеп, таласып келеді. Горбачев сұхбаттарында СССР-ді таратқысы келмегенін айтып ақталды, "Одақты сақтап қалуға болар еді" дегенді бірнеше рет қайталады.

БИЛІККЕ АПАРАР ЖОЛ

Горбачев 1931 жылы 2 наурызда Ресейдің оңтүстігіндегі Ставрополь өлкесінде қарапайым отбасында туған. Ол колхоздастыруды, сталиндік террорды, соғысты, жылымық пен экономикалық тұралауды көріп өскен.

Горбачев 1952 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алып жүргенде Коммунистік партия қатарына қосылған.

Горбачев өзімен бір курста оқыған Раиса Титоренкоға үйленіп, Ресейдің оңтүстігіне оралғаннан кейін партияда қызмет сатымен жоғары өрлей бастаған. 1970 жылға қарай Горбачев туған жеріндегі партиялық иерархияның ұшар басына жетті. Жас қайраткер Ставропольге демалысқа келген мәскеулік шенеуніктердің, әсіресе 15 жыл бойы мемлекеттік қауіпсіздік комитетін басқарып, кейін 1984 жылға дейін Совет одағының тізгінін ұстаған Юрий Андроповтың көзіне түскен.

1980 жылы Горбачев СССР Коммунистік партиясы саяси бюросының мүшесі болып сайланды. Андропов, артынша Константин Черненко қайтыс болғаннан кейін, 1985 жылы наурызда Горбачев партияның бас хатшысы және Совет одағының басшысы қызметіне кірісті. Ол реформа жүргізіп, елді қайта құруға, ашықтыққа ұмтылуға уәде берді.

Горбачев жаппай қарулану бойынша жарысты тоқтатуға шақырды. Оның билігі тұсында Совет одағы мен Вашингтонның қарым-қатынасы түзелді. 1987 жылы Горбачев АҚШ президенті Рональд Рейганмен аз және орта қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімге қол қойды. 1989 жылы Совет әскерін Ауғанстаннан шығарып, Брежнев бастаған соғысты аяқтады.

АҚШ президенті Рональд Рейган мен СССР басшысы Михаил Горбачев орта және алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімге қол қойып жатыр. Вашингтон, 8 желтоқсан, 1987 жыл.
АҚШ президенті Рональд Рейган мен СССР басшысы Михаил Горбачев орта және алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімге қол қойып жатыр. Вашингтон, 8 желтоқсан, 1987 жыл.

Бұл кезде ел ішінде үлкен өзгерістер болып жатты. Экономика мен сыртқы саясатты реформалауға талпыныс өнеркәсіптегі дағдарысты күшейтіп жіберді.

Горбачев экономикалық құлдырау деңгейін дұрыс бағалай алмады. Азық-түлік пен аса қажет тауарлар жетіспеді. “Тапшылық” сол кездің ең танымал сөзіне айналды.

1980 жылдардың соңында СССР-дің Орталық Еуропадағы серіктері — Польша мен Венгрияда антикоммунистік қозғалыс күшейді. Одан кейін Шығыс Германияға кезек келді. 1989 жылы қазанда Горбачев Германия Демократиялық Республикасының құрылуына 40 жыл толуына орай Шығыс Берлинге барған сапарында Мәскеу уақытты кері қайтаруға тырыспайтынын айтты. Ол Шығыс Германия басшысы Эрих Хонеккерге "Халық елге не керегін өзі шешуі керек" деді. Бір айдан кейін Берлин қабырғасы құлады.

Араға екі жыл салып Совет одағы да тарады.

8 желтоқсанда Ресей президенті Борис Ельцин Беларусь және Украина басшыларымен бірге СССР-ді тарату жөніндегі келісімге қол қойды.

Украина президенті Леонид Кравчук (сол жақтан екінші), Беларусь жоғарғы кеңесінің төрағасы Станислав Шушкевич (сол жақтан үшінші) жәнн Ресей президенті Борис Ельцин (оң жақтан екінші) Беловеж келісіміне қол қойып жатыр. Беловеж орманы. 8 желтоқсан, 1991 жыл.
Украина президенті Леонид Кравчук (сол жақтан екінші), Беларусь жоғарғы кеңесінің төрағасы Станислав Шушкевич (сол жақтан үшінші) жәнн Ресей президенті Борис Ельцин (оң жақтан екінші) Беловеж келісіміне қол қойып жатыр. Беловеж орманы. 8 желтоқсан, 1991 жыл.

Горбачев бірнеше апта Кремльде отырып, 25 желтоқсанда отставкаға кетті.

"Бұл шешімді принцип тұрғысынан қабылдап отырмын. Халықтардың тәуелсіздігі мен республикалардың егемендігін қолдап келдім. Сонымен қатар одақты, елдің тұтастығын сақтауды да мақсат тұттым. Бірақ жағдай басқаша өрбіді" деді ол тікелей эфирде жасаған мәлімдемесінде.

Тәуелсіздік пен біртұтас мемлекет сияқты қарама-қайшы мақсаттарды қатар ұстап жүру мүмкін емес. Горбачев осыны түсініп, "Болған нәрсе лайықты бағалануы керек. Қоғам еркіндікке қол жеткізіп, саяси және рухани тұрғыдан азат болды. Бұл біз қадірін түсініп үлгермеген ең басты жетістігіміз" деп мәлімдеді.

ГОРБАЧЕВТЫҢ СОВЕТ ОДАҒЫНАН КЕЙІНГІ ӨМІРІ

Горбачев биліктен кеткеннен кейін америкалық Pizza Hut мейрамханалар желісінің жарнамасына түсіп, көпшіліктің назарын аударды. Мәскеуде Pizza Hut мейрамханаларының ашылуы батыс капитализмінің коммунизмнен өміршең болып шыққанын, Мәскеудің қырғиқабақ соғыста жеңілгенін білдіргендей болды.

1996 жылы Горбачев президент сайлауына қатысып, 0,5 пайыз дауыс жинады. Ол арасында 1999 жылдың соңында билікке келген Путинді сынап жүрді.

Горбачев 2013 жылы ВВС-ге берген сұхбатында Ресейде биліктің рұқсатынсыз митинг өткізген адамдарға айыппұл салу туралы заң қабылдануына байланысты пікір білдіріп, Путинді өз халқынан қорықпауға шақырған. Ол "Путиннің айналасында ұрылар мен жемқорлар көп" деген. Бірақ Горбачев халықаралық аренада Путиннің кей даулы шешімдерін құптап, 2014 жылы Мәскеудің Қырымды тартып алуын қолдаған.

СССР-дің бұрынғы президенті АҚШ-ты сынап, Совет одағы тарағаннан кейін Вашингтон Ресеймен жақсы қарым-қатынас құра алмады деп айыптаған. Ол "Америка өзін жалғыз ұлы держава санайды" деп, НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюін, 1999 жылы Югославияны бомбалауды, 2003 жылы АҚШ-тың Иракқа басып кіруін сынаған.

Горбачев батыс елдері Совет одағына "НАТО шығысқа қарай кеңеймейді" деп уәде бермегенін айтқан, бірақ Путин бұл пікірге қосылмайды. Ресей президенті АҚШ-қа өкпесін батыс елдерінің НАТО-ға қатысты уәдесінде тұрмауымен байланыстырып, Украинаға басып кіруін де осы себеппен түсіндірген.

Горбачев Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдірмеген.

Әлем көшбасшылары мен саясаткерлері Михаил Горбачевтың қазасына қатысты көңіл айтып, жарыса мәлімдеме жасап жатыр. Сәрсенбіде Кремль Горбачёвты Ресей тарихында мәңгілік қалатын мемлекет қайраткері деп атады. "Ол қырғиқабақ соғыс аяқталып, жаңа Совет одағы мен батыс елдері арасында мәңгілік романтикалық кезең басталады деп сенді. Бірақ бұл романтизм ақталған жоқ" деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Дипломат қызметін СССР-де бастаған, 1980 жылдары Совет одағының сыртқы істер министрлігінде істеп, 1985-1991 жылдары Қытайдағы елшіліктің екінші, кейін бірінші хатшысы болған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми парақшаларында Горбачевтың қазасына қатысты ештеңе жазған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG