Бір ай бұрын Орал үлкен вокзалға ұқсайтын: көшелер сөмке-шабаданын сүйреп, не істерін білмей жүрген ресейліктерге толып, такси жүргізушілері мен жалдамалы пәтер иелері жағдайды пайдаланып, көбірек ақша табуға тырысты. Қыркүйектің аяғы-қазанның басында шекара маңындағы қалаға мобилизациядан қашқан ондаған мың адам келген. Орал бұрын-соңды мұндай миграция толқынын көрмеген.
Қазір қала қалыпты тіршілігіне орала бастады. Ресейден келгендердің көбі басқа қалаларға немесе шетелге кетті.
Жергілікті билік ресейліктерді уақытша қоныстандыру үшін бөлген "Атамекен" балалар лагері бос тұр. Лагерьдегі соңғы қонақтар 7 қазанда кеткен.
— Соңғы деректерді әкімдікке тапсырдық, бір аптада 700-ге жуық адам қабылдадық, — дейді лагерь директорының міндетін атқарушы Аян Махбулов.
Қонақ үйлер мен хостелдерде орын болмай, пәтер бағасы шарықтап кеткенде ресейліктерге түнейтін орын ұсынған қалалық кинотеатр да әдеттегідей жұмыс істеп жатыр. Кинотеатр директоры Дилара Мұхамғалиева залдан бір апта бойы адам үзілмегенін айтады.
— Бір түнде екі жүзге жуық адам қонатын. Кейде көп, кейде аз болады. Бірақ орташа есеппен алғанда екі жүздей адам түнейтін, — дейді Дилара Мұхамғалиева.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да бұрынғыдай кезек жоқ. Тіркеуге тұрып, жеке сәйкестендіру нөмірін сұрап келгендердің көбі қажет құжаттарын алып үлгерген.
МӘСКЕУДЕН — ОРАЛҒА. БӨТЕН ҚАЛАДАҒЫ БІР АЙ
21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы соғысқа қол жинау үшін "ішінара мобилизация" жариялағанда Александр мен Ирина тез жиналып, өздері жақсы білмейтін Қазақстанға көшіп кеткен.
Александр кейінгі айларда Қазақстан жаңалықтарын қалт жібермей қарап отырған. Астана Донбасстағы сепаратистік құрылымдарды мойындаудан бас тартқанын естіген. Мәскеу Украинаға басып кірмей тұрып, көрші мемлекет аумағында құрылған сепаратистік республикалардың "тәуелсіздігін" мойындаған. Кейін жергілікті орыстілді халықты "қорғау" үшін "арнайы операция" бастаған. Күзде Кремль Украинаның оккупацияланған облыстарын өзіне қосып алды. Путин ішінара мобилизация жариялап, әскерге адам жинай бастады. Қолына қару алып, соғысқа барғысы келмегендер жаппай шетелге қаша бастады.
— Алдағы белгісіздіктен қорыққан жоқпыз. Бастысы, басымызды аман алып қалғымыз келді. Мақсатымыз — тірі қалу болды, — дейді Александр.
Александр мен Ирина аты-жөнін толық көрсетпеуді сұрады. Олар Ресейде қалған жақындарына қысым жасалуы мүмкін деп қорқады. Ерлі-зайыпты Қазақстанға да әлі үйренісе қоймаған.
— Тұрғылықты мекенжай анықтамасын алуға өтініш бердік. Сотталмағанымыз туралы анықтама, медициналық комиссия қорытындысы және қан сараптамасын өткіздік. Қазір қолымызда ештеңе жоқ. Такси жүргізушісі болып жүрмін, "Яндекс-таксиге" тіркелдім. Сақтандыру жасаттым, таксопаркке жұмыс істеймін, — дейді ол.
Жас отбасы жер үйдің бір бөлмесін жалға алған. Бұл үйде Ресейден келген тағы бір отбасы мен үй иесі тұрады. Александр мен Ирина бір бөлме мен ортақ ас үйге 100 мың теңге (211 доллардай) төлейді. Александр бұл қымбат екенін, бірақ әзірге пәтер бағасы шарықтап тұрғанын, осы бөлменің өзін әзер тапқанын айтады.
— Алғаш келгенде 30 шақты пәтерге хабарластық. Ешқайсысы бос болмады. Бір пәтер иесі "тез келсеңдер, алып үлгересіңдер" деді. Барып, сол пәтерге жайғастық. Әуелде тәулігіне бес мың теңгеден төледік, кейін бір айға жалға алдық. Бұл қымбат екенін білемін. Бірақ 400 мыңға үй жалдап тұрып жатқан адамдар да бар, — дейді Александр.
Оралда тұрған бір айда ерлі-зайыпты жергілікті халықтан жағымсыз пікір естімеген. Ресейлік отбасы оралдықтар өздерін құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытқанын айтады. Александрдың сөзінше, Ресейде "басқа мемлекеттерде ешкім орыс тілінде сөйлемейді", "айналамыздың бәрі — фашист" деген қаңқу сөз көп.
— Қазақстандағы цифрландыру деңгейіне таңғалдым. Ресейліктерге арнап бөлек халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашты. Мұны жергілікті халықтың қамы үшін, соларға қолайсыз болмасын деп жасағандарын білемін. Бірақ Ресеймен салыстырсам, бізде олай жасамас еді деп ойлаймын, — дейді Александр.
ОРАЛДЫҚТАР НЕ ДЕЙДІ?
Ерікті Зарема Омарова (кейіпкердің сұрауы бойынша аты-жөні өзгертілді) мигранттардың негізгі толқыны 20 қыркүйек күндері келгенін айтады. Кейін Қазақстанға келушілер саны азайған.
— Қазір де елге келіп жатқан ресейліктер бар. Бірақ бірен-саран ғана. Өзім шекараға барып, жұртты тегін тасыдым. Келгендердің 80 пайызы Орал арқылы басқа жаққа кетті. Оралда тұрақтап қалғандар да бар, бірақ ондайлар аз, — дейді ерікті.
Орал тұрғыны Оксана Головина қалаға Ресей азаматтарының келуінен сескенгенін жасырмайды. Қалада "орыстар көп ішеді" деген стереотип болған.
— Қыркүйектің жиырмаларында баламмен ауруханада жаттым. Сондықтан ресейліктердің қалаға келгенін көрген жоқпын. Ауруханадан шыққанда көшеде 4-5 адамнан топтасып жүрген ресейлік ер азаматтар көп кездесті. Балалы әйел ретінде көшеде еркін жүре алмадым. Бейсаналы түрде оларды қауіп көрдім. Олардың қандай ниетпен келгенін білмейміз ғой, — дейді Оксана Головина.
Ресейден келген азаматтармен сөйлескеннен кейін Оксананың көңілі жайланған. Ол "келгендердің көбі ішіп алып, төбелес шығаратын адамдар емес" дейді.
— Осы тұрғыдан алғанда жолымыз болды. Бұл кезеңді аман-есен өткердік. Пәтер мен тауар бағасының өскені қынжылтады. Жағдайға байланысты бағалар осы күйінде қалып қоюы мүмкін, — дейді ол.
Өкінішке қарай, миграция толқыны Оксана айтқандай тыныш өткен жоқ. Қазақстандық жаңалықтар сайты қыркүйектің соңында Оралдағы түнгі клубтардың бірінде ресейліктер қатысқан төбелес болғаны жазды. Ресейдің екі азаматы әкімшілік сотқа тартылып, тағы екі азаматы "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша бес тәулік қамауда отырып шыққаннан кейін туған жеріне қайтарылған.
Орал полициясы Ресейден келген көліктер 45 рет жол ережесін бұзғанын тіркелгенін мәлімдеді.
ҚАЗАҚСТАНҒА ЖҮЗДЕГЕН МЫҢ МИГРАНТ КЕЛДІ. ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, соңғы айда өңірге 58 мың Ресей азаматы келген. Ал қазір облыста соның жеті мыңға жуығы қалған.
Қазақстанның шекара қызметі 21 қыркүйек – 3 қазан аралығында елге 300 мыңдай Ресей азаматы келіп, оның жартысына жуығы шетелге кеткенін хабарлаған.
Ресейліктердің жаппай келуіне байланысты желіде мигранттар толқыны еңбек нарығы мен жылжымайтын мүлік бағасына кері әсер етеді деген алаң көңіл байқалды. Қазақстан билігі халықты сабырға шақырып, Ресейден келгендердің көбі елде ұзақ аялдамай, шет мемлекеттерге кетіп жатқанын айтқан.
Осы аптада ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ресейден келгендердің көбі шетелге кетіп жатқанына тоқталды. 18 қазанда парламентте өткен жиында министр "Күн сайын елге 8–9 мың ресейлік келіп, 10–11 мыңы басқа елдерге кетеді" деген.
ІІМ Азаттық хатына берген жауабында 21 қыркүйектен бастап тұрғылықты мекенжай анықтамасын алуға – 2177 (олардың 998-і Ресей азаматы), азаматтық алуға 1398 шетел азаматы (221-і ресейлік) өтініш бергенін жазған.
Мәскеудің бұрынғы тұрғындары Александр мен Ирина Ресейге оралғысы келмейді. Путин мобилизация аяқталатынын айтып, Мәскеу мэрі Сергей Собянин әскерге адам жинау пункттері жабылғанын мәлімдегеніне қарамастан, Александр бұл ақпаратқа сенбейді.
— Бұл жақ жайлы, қауіпсіз, бәрі жақсы. Ресейден келгендердің бір бөлігі мобилизация аяқталғанын естіп, елге оралғалы жатыр. Бірақ бұл –орындалмайтын уәде. Жағдайдың ары қарай қалай өзгеретіні белгісіз. Бәрі күннен-күнге ушығып барады. Ядролық қару қолданылуы мүмкін деп қорқамыз. Бұл жақта өзіміз үшін қатты қорықпаймыз. Басында Қазақстанда уақытша қаламыз деп ойлағанбыз. Енді біраз аялдайтын сияқтымыз. Мүмкін, осы жақта біржола тұрақтап қалармыз, — дейді Александр.
Ол соғыс аяқталар деп үміттенеді. Бірақ қазіргі басшы тұрғанда Ресейдің болашағы бұлыңғыр деп ойлайды.
ПІКІРЛЕР