Accessibility links

Украина күштері Херсонға беттеді. Ресей әскері шегініп жатыр ма?


10 қазанда ресейлік әлеуметтік желіде өзі жариялаған суретте Макар Теплинский өзендегі паромда Ресей әскери техникасының жанында тұр.
10 қазанда ресейлік әлеуметтік желіде өзі жариялаған суретте Макар Теплинский өзендегі паромда Ресей әскери техникасының жанында тұр.

Украина күштері Херсон облысының оңтүстігіне шабуылдап жатыр. Херсон қаласын азат ету Украина үшін ірі жеңіс болар еді. Ал Днепр өзенінің оң жағалауынан кетіп жатқан Ресей әскерінің әлеуметтік желіде жариялаған фото-видеолары жағдайдың қалай өрбіп жатқанын аңғартады.

10 қазанда әлеуметтік желілерде әскери киімдегі ер адамның Ресейдің соғыс техникасының жанында тұрған паромда түскен фотосы жарияланды. Үш күннен соң осы аккаунтта тура сол паром мен құрал-жабдықтар көрінетін видео пайда болды.

"Біз көшіп жатырмыз" дейді видеода Луганск облысындағы Макар Теплинский деп көрсетілген ер адам. Кейінірек кадр сыртында "Мұны кімге көрсетіп жатырсың?" деген дауыс естіледі. Азаттық видеоны геолокация, спутниктен түсірілген суреттер мен айналасындағы нысандарды салыстыра отырып тексеріп көрді.

Азаттықтың Орыс қызметі мен Украина қызметінің "Схема" зерттеу тобы оңтүстікке жылжып жатқан Украина күштері Ресей әскеріне қысымды күшейткенін айтады. Сарапшылар бұл жетістіктер Херсон қаласын жаудан қайтарып алу амалдарына әкелуі мүмкін дейді. Херсон – 24 ақпанда Украинаға басып кірген Ресей әскерінің қолындағы жалғыз облыс орталығы.

Егер Украина қаланы азат етсе, бұл оның негізгі тактикалық жеңісі болып, Ресей күштері мен президент Владимир Путиннің масқарасын шығарады.

ҚЫСПАҚҚА ТҮСКЕН ӘСКЕР

Украина тамызға дейін бірнеше апта бойы Херсондағы Ресей күштері мен әскери басқару бөлімдеріне шабуылдау үшін АҚШ пен басқа да Батыс елдері берген, нысананы дәл көздеп ататын қазіргі заманғы қару-жарақ қолданды.

Олар Днепр өзеніндегі біршама нысанды, оның ішінде Херсон қаласын өзеннің арғы бетімен жалғап тұрған Антонов көпірін нысанаға алған. Ресей күштері қираған көпірге жақын жерде паром өткелін жасап қойған. Антонов көпірінің маңында бейбіт тұрғындар өтетін екі өткел мен Ресей әскері пайдаланатын басқа да өткелдер бар.

Жуырда ғана Украинаның артиллерия және зымыран шабуылы әскери сарапшылар мен блогерлер құжатқа түсірген құрлықтағы шабуылға ұласты. Онда Украина әскерінің Днепрдің батыс жағалауынан оңтүстікке қарай жылжып, Ресей әскерін өзен арқылы оңтүстік пен шығысқа ойысуға мәжбүрлегені байқалады.

Херсондағы әскери іс-қимылдар солтүстік-шығыстағы жүздеген шақырымға созылған шабуылға байланысты болуы мүмкін. Ол кезде Украина Ресей әскеріне ойсырата соққы беріп, Харьков облысындағы ондаған қаланы және Донецк облысындағы маңызды темір жол бөлігін жаудан қайтарып алған еді.

Кейінгі кезде шығыстағы шабуыл бәсеңдеді, бірақ оған не әсер еткені белгісіз: бұл Украина армиясының қайта топтасып, күш жинауына байланысты ма, әлде Ресейдің қарсылықты күшейтуіне немесе Украина күштерінің қайтадан Херсонға бет алуына байланысты ма?

Кейінгі уақытта Украина күштерінің қарсы шабуылы кезінде Ресей лауазымды тұлғалары мен олардың жергілікті жердегі сенімді өкілдерінің Ресей әскеріне қысым көрсетіп жатқаны, ресейлік әскери басшылар Днепрдің батыс жағалауынан толығымен шегіну мәселесін қарастыруы мүмкін екені байқала бастағандай.

18 қазанда жарияланған сұхбатта Украина жеріндегі Ресей әскерінің жаңадан тағайындалған қолбасшысы Сергей Суровикин Херсон облысындағы жағдай өте қиын екенін, Ресей жауынгерлеріне онда өте күрделі шешім қабылдауға тура келуі мүмкін екенін айтты.

Суровикиннің нені меңзегені белгісіз. Кей сарапшылар оның сөзі Ресейдің Днепр өзенінің батысынан әскерін әкететінін білдіруі мүмкін дейді.

19 қазандағы жағдай бойынша, Украина күштерінің Козацкое ауылы мен Новая Каховка қаласынан қырық шақырымдай жерде екені жайлы болжам айтылды.

Сол күні Херсон тұрғындары Украина әскері шабуылдауы мүмкін болғандықтан, қаладан дереу кету керек деген смс-хат алған. Жергілікті тұрғындар "Отбасыңызды құтқарыңыз: сол жағалауға көшіңіз" деген хабарлама таратылғанын айтады.

"Херсон үшін шайқас жақын күндері басталады" дейді қаладағы Ресей әкімшілігі басшысының орынбасары Кирилл Стремусов.

"Херсон қаласы қамалға айналып жатыр" деді ол.

Тағы бір шенеунік Владимир Сальдо облыста тұрғындардың жүріп-тұруы шектелгенін, дәрігерлер мен мұғалімдер секілді бюджет саласы қызметкерлерінің өзеннің сол жағалауына көшірілетінін айтты. Ол 50-60 мың адам көшіріліп, кейбірі Ресейге жіберіледі дейді.

"Олар Херсон үшін шайқаста [өздерінің] жеңілетініне халықты [алдын ала] дайындап жатқан сияқты" деді Украина шенеунігі, Херсон облыстық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Юрий Соболевский Настоящее время телеарнасына.

"Яғни, олар жеңілетіні туралы хабар болатынына жұртты дайындап жатыр" деді ол Ресейдің облысқа қойған әкімшілігін меңзеп.

ПАРОМДАР НЕНІ АҢҒАРТТЫ?

Украина күштерінің Днепр өзеніндегі өткелдерге шабуылы Ресей әскерін уақытша понтон көпірлері мен олардың бөлшектерінен құрастырылған паром қолдануға мәжбүрледі.

Азаттық қарастырған фотолар мен видеоны Ресейдің ВКонтакте әлеуметтік желісінде Теплинский есімді қолданушы жариялаған.

Әлеуметтік желі архивіндегі деректер әкесі секілді Теплинскийдің де 2015 жылдан бері Ресей әкімшілігі бақылауындағы әскери бөлімдерге қызмет еткенін көрсетеді. Бұл бөлімдер ресейшіл сепаратистер "Луганск халық республикасы" деп атап жүрген Луганск облысын бақылайды.

Луганск пен Донецк облыстарындағы Ресей бақылауындағы бөлімдер Донбасс пен Херсон облыстарындағы шайқасқа Ресей жағында қатысқан.

Азаттық Теплинскийдің видеосында көрсетілген Днепрдің оң жағалауында Казацкое маңындағы паромдар қозғалысын тексеріп көрді. Паром ауылды сол жағалаудағы Новая Каховкамен байланыстыратын каналға бет алған.

Азаттық Planet Labs жеке компаниясынан қазанның басында алған, спутниктен түсірілген суреттер сол жерде бірнеше паром болғанын көрсетті. Әскери техника тиелген паромның Новая Каховкадан Козацкое ауылына бара жатқаны соңғы рет 4 қазанда байқалған.

5 қазанда олар жүк тиеп, Новый Каховкаға қайтуды жоспарлаған. Қазанның 8-і мен 12-інде түсірілген суреттер оң жағалауға қарай бос паромдар бара жатқанын көрсетеді. Солардың бірі 13 қазанда Теплинский жариялаған суреттерге түсіп қалған.

Теплинский 13 қазанда жариялаған тағы бір видеода оның Новая Каховкада тұрған үйінің метадеректері бар. Ол досының туған күнінде түскен тағы бір видео жариялаған, ол да сол кезде түсірілген.

Теплинский Азаттық хаттарына жауап берген жоқ.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Марк Крутов пен "Схема" тілшісі Кирило Овсянийдің материалдары бойынша дайындалды. Мақаланы жазуға Настоящее время тілшісі Алексей Александров атсалысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG