Accessibility links

"Мұқалмас" бақылаушылар ұйымы қайта тіркеуден өтіп, жетекшісін ауыстырды


"Мұқалмас" бақылаушылар ұйымының өкілдері. Астана, 1 қараша, 2022 жыл.
"Мұқалмас" бақылаушылар ұйымының өкілдері. Астана, 1 қараша, 2022 жыл.

"Мұқалмас" бақылаушылар бірлестігі қайта тіркелді, енді олар "тек сайлау ғана емес, жалпы биліктің әрекетіне бақылау жасамақ". Бұл жөнінде ұйым өкілдері 1 қарашада Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтты.

"Республикалық "Мұқалмас" қоғамдық бірлестігі – халық бақылауы" деген жаңа ат алған ұйымның құрылтайшылар құрамы мен жетекішісі де ауысқан.

Жаңа жетекші Ғазиза Әмірбекованың айтуынша, қоғамдық ұйымның республиканың әр өңірінен ашылған 24 филиалы бар және жаңа басқарма мүшелері де әділет министрлігінде тіркеуден өткен.

Ұйым басшысы алда өтетін президент сайлауына бақылау жасауға дайындалып жатқанын және алда жалпы саяси мәселелерге белсене араласатынын, Қаңтар оқиғасына қатысты зерттеулер мен саяси тұтқындардың мәселесінен шет қалмайтынын жеткізді. Дегенмен бірлестік жетекшісі ұйым жұмысы қайдан қаржыландырылатынын ашып айтпады.

Биыл қазанда "Ел тірегі" тіркелмеген партиясының лидері Нұржан Әлтаев "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылғанын жариялаған. Кейін бірлестік мүшелері арасында дау туып, ұйымның басқарма мүшелері Ғазиза Әмірбекова, Анар Аяпбергенова, Майра Әбдірахманова ұйымның атынан Әлтаевты президенттікке кандидат ретінде ұсыну туралы хаттаманы заңсыз деп тануды сұрап сотқа арызданған. Сот бірлестік мүшелері арызын қанағаттандырып, Нұржан Әлтаев кандидат ретінде тіркеле алмаған.

"Мұқалмас" тәуелсіз байқаушылар бірлестігі 2020 жылы құрылып, 2021 жылы 10 қаңтарда өткен парламент сайлауын бақылаған. Ұйымның сол кездегі жетекшісі Ағайдар Ысымұлы бақылаушыларға қысым көп болғанын, сайлау әділ өтпегенін мәлімдеген. Сайлау қарсаңында "Мұқалмастың" әр өңірдегі бақылаушыларына қысым болғаны хабарланған. 2021 жылғы 3 ақпанда Ақтөбе соты "Сайлау әділетсіз өтті" деп сотқа шағымданған "Мұқалмас" бақылаушысының арызын қысқартқан.

"Мұқалмас" ұйымы 2022 жылы 5 маусымда өткен Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі референдумды да бақылаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG