"НАЗАРБАЕВ ЖҮЙЕСІ ЖОЙЫЛҒАН ЖОҚ"
Азаттық: 2022 жылғы президент сайлауы Тоқаев айтқан "Жаңа Қазақстанмен" және саяси реформалармен мүлде үйлеспейді. Сайлауалды науқан Назарбаев кезіндегі ескі сценарий бойынша жүріп жатқан сияқты. Мұның сыры неде?
Досым Сатпаев: Бұған таңғалатын нәрсе емес. Өйткені Назарбаев жүйесі жойылған жоқ. Сол баяғы саяси институттар мен адамдар өз орнында қалды.
"Сайлауға" дайындық жұмысына жауапты шенеуніктер Назарбаев тұсында мансабын бастап, осы жүйеде қалыптасқан бюрократия аппаратының принциптерін бойына сіңірген. Бұл принциптер автократияға арқа сүйейтін жүйеге бейімделген. Нұрсұлтан Назарбаев отыз жыл бойы өзіне ыңғайлы жүйе құрумен болды.
Соның нәтижесінде мемлекет әртүрлі салада отыз жылды текке өткізді, жеке басқа табынушылық, олигархиялық экономика қалыптасты, Назарбаев өзіне қарсы тұра алатын күштер шықпауы үшін гладиаторлар алаңында саяси элита өкілдерін бір-біріне қарсы қойып, шекістіріп отырды. Мұндайда жүйе өз бетінше жұмыс істеп, қоғам пікірін елемейді.
Қазір Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан" ұранымен құрып жатқан жүйесі Назарбаев моделіне ұқсайды: президент жүйедегі басты ойыншы болуға тырысады, бәрін өзіне тәуелді етіп, бақылауда ұстап, билік тармақтарының, сот және заң органдарының қызметін қадағалайды.
Мәселе сайлауда немесе жалған сайлауда (псевдо) емес (бұл науқанның немен аяқталатынын бәрі біледі), Тоқаевтың алдағы жеті жылда не істейтінінде болып отыр. Ол президент қызметінен кеткенде бәрі бір адам мен оның маңайындағыларға байланған тұйық жүйе жойыла ма?
Назарбаев кезіндегі жүйе өзгеріссіз қалса, Қазақстанда тағы бір Қаңтар оқиғасы болады. Тоқаев белгілі бір себептермен мерзімінен бұрын президент қызметінен кетсе, элита ішіндегі топтар тағы да билікке таласа бастайды. Тоқаевтың командасындағы адамдар жаңа президент келсе, Назарбаевтың айналасындағы адамдардың кебін киеміз деп қорқып, билікті уысынан шығармауға тырысады.
Азаттық: Қаңтар оқиғасынан кейін кезектен тыс сайлау болатыны белгілі еді. Ақорданың бұл қадамға баруының басқа да себептері бар ма?
Досым Сәтпаев: Маусымдағы Конституцияға өзгертулер енгізу жөніндегі референдум алдағы сайлауға дайындық еді.
Біріншіден, референдум кезінде президент әкімшілігі мен сайлауға дайындықпен айналысатын адамдар қоғамдық көңіл-күйді бақылап, Тоқаевтың рейтингін сынап көрді.
Екіншіден, қарқынды геосаяси өзгерістер басталып, әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлап, Қазақстан үшін үлкен қауіп саналатын инфляция артып келе жатқан тұста билік алдағы бір-екі жылдың өзін болжай алмаудан қорықты.
Билік сайлау өтетін 2024 жылды былай қойғанда, келер жылы не болатынын білмеді. Сондықтан Тоқаев мықты оппозиция жоғын пайдаланып, уақыт ұтуға тырысты.
Қазіргі іс-қимылдар екі мотив бойынша жүріп жатыр. Біріншіден, Тоқаев жеке билігін күшейткісі келеді, екіншіден, әлеуметтік жарылыс немесе элита ішінен шыққан жаңа қарсыластың әсерінен билігінен айырылып қалудан қорқады. Бірақ ұзақ мерзімді болашақтағы қорқыныш – ең нашар мотиватор, өйткені ол қоғамға қысымды күшейтеді.
Азаттық: Биліктен айырылып қалудан қорықпайтын авторитар мемлекетті көрген жоқпын…
Досым Сатпаев: Қорқыныш туралы неге айтып отырмын? Бұл – өте маңызды психологиялық дүние. Тоқаев неге дәл осындай сайлау өткізіп жатыр дегенде, 2019 жылғы сайлау билікке "соққы" болғанын ұмытпауымыз керек. Биліктің қолдан құрастырған әдемі жүйесі бір сәтте қирап қалады деп ешкім күткен жоқ. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауға белсене қатысып, мықты саяси күшке айналды. 2019 жылы Тоқаев әлсіздік танытса, әдемі сценарийлердің күлі көкке ұшатынын түсінді.
Сондықтан қазір билік 2019 жылғы жағдай қайталанбауы үшін қысымды күшейте бастады. Президенттікке кандидат ретінде тіркелген адамдарға қараңызшы: мүлде солғын. Арасында бір де бір белгілі тұлға жоқ.
Азаттық: Иә, бұл тізімдегілердің кейбірін сайлауға дейін мүлде танымағанымды жасырмаймын.
Досым Сатпаев: Саясаттанушылардың көбі көп жыл көлеңкеде жүріп, Назарбаевтың ұжымында болған адамдарды көргенде таңғалды. Әрине, кей кандидаттар сәл де болса белсенділік танытып келді, бірақ Назарбаев белгілеген шеңберден шыққан жоқ.
Мемлекеттік қызметте бес жыл еңбек етуі керек деген талап ("Сайлау туралы" конституциялық заңға сәйкес, президенттікке үміткер адам кемі бес жыл мемлекеттік қызметте істеуі тиіс – ред.) – Қазақстанда саяси өзгерістер болмағанын байқататын негізгі көрсеткіш. Өйткені көп адамды сайлаудан шеттеткен бұл сүзгі Назарбаевтың кезінде сайлау процесі мен қатысушыларын бақылау үшін енгізілген.
Қызыл сөз бен конституциялық өзгерістерге қарамастан, Тоқаев саяси сегрегацияға негіз болған антиконституциялық талапты сол күйінде қалдырды. Бұл талап бойынша, ақ адамдар және қалғандары бар. Ақ адамдар дегеніміз – жүйе ішінде жүргендер. Жүйе оларды өз адамы көріп, сайлауға түсуге мүмкіндік береді.
Ал қалғандары, оның ішінде елге қызмет еткісі келетін азаматтық қоғам мен бизнес өкілдері сайлауға қатыса алмайды, өйткені шенеунік болмаған. Бұл да Тоқаевтың қорқынышын білдіретін маңызды көрсеткіш: жүйеден тыс адамдар сайлауға қатысса, билікке қауіп төндіреді. Сондықтан Назарбаев кезіндегідей кандидаттарды жүйе ішіндегі адамдардан тағайындаған әлдеқайда жеңіл.
"ЖАҢА" ҚАЗАҚСТАН МЕН "ЕСКІ" ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰҚСАСТЫҒЫ
Азаттық: Конституцияға президенттің өкілет мерзімін жеті жыл деп белгілеу туралы өзгеріс енгізуді Тоқаевтың осыған дейін билікте болған уақытын есептен шығару амалына жатқызуға бола ма?
Досым Сатпаев: Иә. Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін берген сұхбатында "Мен – Назарбаев емеспін, Конституцияны өзгертпеймін" деп сендіруге тырысты. Бірақ жазда Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі референдум өтті, кейін президент сайлау кезектен тыс өтетінін жариялады.
Бұл сайлау Тоқаевтың билігін заңдастыру үшін ғана өтіп жатыр.
Бірақ легитимдік пен заңды билікті шатастырмау керек. Билік қағаз жүзінде ғана заңды болуы мүмкін. Мысалы, президент сайлауы өтеді, әлемдік тәжірибе бойынша, кандидаттар арасында бәсеке болады, Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын жариялайды.
Билік легитимдігі сайлаудан кейін қоғамның Тоқаевқа, ол құрған жүйеге деген сенімі арта ма, жоқ па, соған байланысты. Тоқаевтың қазіргі іс-қимылына қарап, Қаңтар оқиғасынан кейін президент жүйені өзгертеді деп сенген адамдардың өзі "Неге "жаңа" Қазақстан "ескі" Қазақстанға ұқсайды?" деп ойлана бастады.
Азаттық: 2019 жылғы президент сайлау Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен өтті. Қазір Тоқаев өзін жеке дара шешім қабылдайтын тұлға ретінде көрсетіп жүр. Биылғы сайлауды Қазақстан тарихында Назарбаевтың қатысуынсыз өткен алғашқы сайлау деуге бола ма?
Досым Сатпаев: Бір жағынан, солай, екінші жағынан, жоқ. Солай дейтінім, Назарбаев саяси сахнадан кетті, оған бұрынғы президент ретінде сайлауға қатысуға мүмкіндік беретін конституциялық баптарды алып тастады. Жоқ дейтінім, сайлау өткізуде Назарбаевтың моделі сақталып қалды.
Азаттық: Тоқаевтың алдағы жеті жылда елді қалай басқаратыны туралы болжамдар бар ма?
Досым Сатпаев: Негізгі мәселе: Тоқаев президент қызметінде соңына дейін қала ала ма? Жеті жыл ішінде не жасай алады? Шынымды айтсам, Тоқаев Қазақстанда жаңа ережелер, саяси институттар мен ойыншылардан тұратын, күштер тепе-теңдігіне негізделген жүйе құра алады дегенге күмәнім бар.
Ол саяси реформаны сот-құқық жүйесінен бастауы керек еді. Бұл – елдегі кез келген реформаның негізі, құқықтық мемлекет құруға алғашқы қадам. Тоқаев жүз пайыз жаңа саяси жүйе құрып үлгермесе де, мықты сот-құқық жүйесінің негізін қалап үлгерер еді. Сонда сот жүйесі президент кеткеннен кейін де элиталық топтардың билікті тартып алуына, заңды бұзып, Конституцияны қайта жазуына жол бермейді.
2022 жылы Тоқаевта сондай мүмкіндік болды. Биыл жаңа жүйенің қаңқасы құрылуға тиіс еді. Бірақ оның орнына ескі қаңқа, бұрынғы бұлшық ет пен миды көріп отырмыз. Тоқаев кезінде Совет одағын қайта қалыпқа келтіруге тырысқан (СССР-дің алғашқы және соңғы президенті Михаил) Горбачев сияқты ескі жүйені тірілтуге тырысып жатыр.
Азаттық: Горбачевтың қолына мемлекет емес, суға батып бара жатқан кеме тиді. Ол одақты бәрібір құтқара алмас еді.
Досым Сатпаев: Бұл жерде де солай. Назарбаев Тоқаевқа суға батып бара жатқан кеменің тізгінін ұстатып кетті. Тоқаев бес жыл ішінде кейінгі отыз жылда жасалмаған өзгерістерді енгізуі керек. Мысалы, орта тап қалыптастыру. Бұл да биліктің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Бірақ бұл мәселені аз уақытта шешу мүмкін емес. Әлеуметтік-экономикалық реформаларға қарағанда, саяси реформалар жүргізуге азырақ уақыт кетеді.
Тиімді әлеуметтік-экономикалық реформаның басты жемісі – орта таптың қалыптасуы болады. Тым болмаса, орта тап деңгейін қазіргі 10-15 пайыздан (мұның өзі негізінен Алматыдағы көрсеткіш) 30-40 пайызға жеткізу керек.
Корпоративті басшы – клиентела жүйесі өзгермейді. Өйткені Тоқаев осындай жүйеге үйреніп қалған: ол – басшы, қалғандары – билікке адалдығы үшін лауазым мен қаржы ресурсына қол жеткізетін клиентелалар. Бұл жүйе сақталады. Тоқаевтың өзі билікке сондайдан басқа әдіспен жұмыс істей алмайтын Назарбаевтың командасынан келді.
Тоқаев өз командасын Назарбаевтың талаптары бойынша құрады. Онда кәсібилік пен қабілет-қарымды емес, билікке адалдықты бірінші орынға қояды. Бұл Тоқаевты Назарбаев тап болған "ақпараттық вакуум" деген тұзаққа түсіруі мүмкін.
Азаттық: Путинмен және Назарбаевпен салыстырғанда, Тоқаев интернетті жақсы қолдана алатын адамға ұқсайды. Ол смартфон ұстап, жаңалық оқып, болып жатқан оқиғаларға байланысты ой түйіп отыратын шығар.
Досым Сатпаев: Тоқаев жарты күнін әлеуметтік желіде өткізетін Дональд Трамп емес. Әлеуметтік желілерді қарайтын шығар, бірақ президентке ақпарат жеткізу Назарбаевтың кезіндегі әдіспен жұмыс істейді. Президент әкімшілігі белгілі бір ақпарат көздерін, талдау материалдары мен контент-анализ ұсынады.
Тоқаев тұсында президент әкімшілігі салмақты ресурсқа айнала бастады. Мемлекет басшысы биылғы сайлауды толықтай президент әкімшілігінің бақылауына берді деп ойлаймын. Өйткені қазір Тоқаевқа сыртқы саясаттағы ортасы көбірек ұнайды. Бұл – оның жақсы көретін саласы.
Азаттық: Ол сыртқы саясатта француз тілінде сөйлеп, қытайша амандасып, ағылшынша әзілдеп, өзін жақсы жағынан көрсете алады.
Досым Сатпаев: Мәселе сонда ғой. Саяси технологияның осы бөлігі Тоқаевты геосаяси дауыл кезінде Қазақстанға жол табуға көмектесетін, дипломатиялық тәжірибесі бар тұлға ретінде көрсетеді. Тоқаев та сыртқы саясатта өзін суда жүзген балықтай еркін сезінеді.
Ал ішкі саясаттағы мәселелер мен сайлау процесін Назарбаевтың кезінен бері осы іспен айналысып келе жатқан президент әкімшілігіне жүктеді.
Тоқаев Назарбаев сияқты айналасындағылардың кепілгеріне айналса, олар президентке өзінің тиімділігі мен маңыздылығын көрсетуге мүдделі болса, бұл ақпараттың бұрмалануына әкеледі.
Жүйедегі адамдардың ешқайсысы президентке жаман жаңалық жеткізгісі келмейді. Сондықтан мәселе туралы айтқан күннің өзінде экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру мен үкіметтің жұмысына қатысы жоқ сыртқы факторларға сілтеп жеткізеді.
Болмаса, кінәлі етіп көрсететін адамды тауып, қоғам алдына шығарады. Назарбаев та сөйтетін: ол жұрттың көзінше министрлер мен әкімдерге ұрысқанды, біреуді қызметінен алып тастағанды жақсы көретін. Тоқаевтың кезінде де сол жағдай қайталанады деп ойлаймын.
ПІКІРЛЕР