Accessibility links

Тоқаевтың 2019 жылғы сайлау алдында берген уәделері қаншалықты орындалды?


Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау алдындағы "Нұр Отан" партиясының (қазіргі - "Аманат") съезінде. 7 маусым 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау алдындағы "Нұр Отан" партиясының (қазіргі - "Аманат") съезінде. 7 маусым 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауына түскенде "Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу" деген үш бөлімнен тұратын сайлауалды бағдарламасында 170-тен аса міндет тізіп шыққан. Бұл уәделердің орындалған-орындалмағанына Ақорда толық есеп берген жоқ. Биыл 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлау қарсаңында Тоқаевтың 2019 жылғы сайлау бағдарламасындағы кейбір нақты ұсыныстарының орындалған-орындалмағанын тексеріп шықтық.

"Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз".

Басым бөлігі орындалды

Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" заңға 2019 жылғы 27 желтоқсанда қол қойып, қабылдады.

Бұл заңға сай, мұғалімдерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға, білім беру заңында көрсетілмеген есеп пен ақпаратты талап етуге, тексеріс жүрізуге, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүктеуге тыйым салынады.

Бұдан бөлек, лауазымды адамдар мен басқа да тұлғалар тарапынан мұғалімнің жұмысына заңсыз араласу мен кедергі келтіруіне де шектеу қойылған. Оқушылар мен олардың ата-аналары, жақындары мұғалімнің кәсібіне құрметпен қарауы тиіс.

Бірақ елде дәрігерлердің мәртебесі туралы жеке заң жобасы ұсынылған жоқ. 2019 жылы денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртанов (қазір бюджет ақшасын талан-таражға салды деген күдікпен істі болып жатыр) мұндай заң жобасы әзірленбайтінін, арнайы денсаулық кодексі қабылданып, сол кодексте дәрігерлер мәртебесі көрсетілетінін айтқан еді.

Ал 2020 жылы "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс қабылданды. Бұл кодексте медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі туралы жазылған тарау бар. Кодекстің 30-тарауы 270-274 баптарында медқызметкерлерді кәсіптік міндетіне жатпайтын жұмысқа тартуға, заңда көзделмеген есеп пен ақпаратты талап етуге тыйым салынған. Бұған қоса, медқызметкерлерге міндеттерін орындауға жағдай жасалып, тиісті еңбекақы алуы тиіс.

"2022 жылға дейін еліміздегі барлық апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешеміз".

Орындалмады

Қазақстанда үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі әлі күнге дейін шешілмеді. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазір елде үш ауысымда оқитын 147 мектеп және апатты жағдайда тұрған 33 мектеп бар.

"2023 жылға дейін еліміздің барлық өңіріндегі студенттік жатақханалар санын үш есеге көбейтіп, жеке инвестицияларды жатақхана салуға ынталандырамыз".

Орындалмады

Елде жыл сайын қыркүйекке таман студенттерге жатақхана жетпей жатады. Бұл мәселе биыл да қоғамда көп талқыланды. Билік 2018 жылы жатақханалар салу жұмысын бастап, 2021 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана саламыз деген. Алайда биліктегі "Аманат" партиясының мәліметінше, 2018-2022 жыл арасында 40 мың орындық жатақхана салынған. Ал ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 16 тамыздағы үкімет отырысында биылғы оқу жылында 89 мың студент жатақханаға мұқтаж деп мәлімдеді.

Демек Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында айтылған жатақхана мәселесін шешу туралы уәдесі 2023 жылы орындалуы қиын. Себебі бірнеше айда 100 мыңға жуық адамды жатақханамен қамту мүмкін емес.

"Орталық Қазақстанды "Сарыарқа" жобасы арқылы газдандырып, магистральді бөлігінің құрылысын 2019 жылы аяқтаймыз".

Орындалды

Орталық және солтүстік өңірлерді газбен қамту – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Құрылысы төрт кезеңнен тұрады. Жоспар бойынша бірінші бөлігі 2018 жылғы қарашада басталып, 2019 жылдың аяғында бітуге тиіс болған. Оған бюджеттен 267,3 миллиард теңге бөлінді.

Ал 2019 жылы қарашада Тоқаев Астананы түтін басатынын, сол үшін шетелдіктерден ұялып жүргенін айтып, "Сарыарқа" жобасының құрылысы жайлы ескерту жасады.

2019 жылы желтоқсанда "Сарыарқа" жобасы аясында "Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана" бағытындағы газ құбырының құрылысы бітті.

Бұл туралы билікшіл медиалар президенттің "Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу" атты сайлауалды бағдарламасының арқасында газ құбыры пайдалануға берілді деп, жарыса жазды.

"Түрлі салалардағы отандық тауар өндірісі мен қызметін ынталандырып, қарапайым заттар экономикасын дамытамыз; Сыртқы нарыққа қазақстандық тауарлар мен қызметтерді белсенді түрде шығаратын боламыз".

Орындалмады

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы жолдауы қазақстандықтардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру туралы болды. Онда ең әуелі халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын шығарып, ішкі нарықты отандық тауармен қамтып, өңдеу өнеркәсібін бәсекеге қабілетті ету үшін "Қарапайым заттар экономикасын" қолға алу көзделеді.

Үкімет "Қарапайым заттар экономикасын" дамыту үшін кәсіпорындарға жеңілдетілген несие береді. Оған ел бюджетінен бастапқыда 600 миллиард теңге бөледі, кейін ол бір триллион теңгеге ұлғайды.

Бірақ республика бюджетіне аудит жүргізетін есеп комитеті 2021 жылғы бюджет қаржысын жұмсау бойынша есебінде "Үкімет бизнесті қолдаймын деп, нарық қатынастары мен экономикадағы бәсекенің дамуын қолдан тежеп отыр. Бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар жүйелі әрі тиімді атқарылмай жатыр. Мемлекеттік бюджеттен берілетін жеңілдетілген кредитті бизнес субъектілерінің бәрі емес, тек бір бөлігі ғана иемденіп келеді" деп мәлімдеді.

Тоқаев 2019 жылы 9 маусымдағы кезектен тыс президент сайлауында дауыс беруге келген сәт.
Тоқаев 2019 жылы 9 маусымдағы кезектен тыс президент сайлауында дауыс беруге келген сәт.

Мысалы, "Қарапайым заттар экономикасына" бөлінген жеңілдетілген несиенің 25 пайызы мақсатты жұмсалмаған. Ал негізінде ол қаржы халық тұтынатын тауарлар өндірісіне жұмсалуы керек еді. Яғни, қаржының көп бөлігі Түркістан қаласында Rixos қонақ үйін салуға, Астана қаласындағы Binom мектебінің құрылысына және елде стоматология қызметін кеңейтуге жұмсалған.

Есеп комитетінің хабарлауынша, отандық өндіріске бөлінген қаржы көбейгенімен, кейінгі жылдары елде отандық тауардың емес импортталған тауарлардың үлесі артқан.

Қазақстандықтардың күнделікті қолданатын тауарлары ішінде: тамақ өнімдері мен сусындарының импорты – 37 пайыздан 40 пайызға дейін, жеңіл өнеркәсіпте (тоқыма, киім, былғары және аяқ киім) 88 пайыздан 90 пайызға дейін, жиһаз өнеркәсібінде 63 пайыздан 65 пайызға дейін артқан.

"Жастар – ел тірегі" арнайы әлеуметтік жобасы іске қосылды. 180 мемлекеттік колледжді жаңғыртып, сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар дайындауда заманауи оқыту бағдарламасын енгіземіз".

Жартылай орындалды

"Жастар – ел тірегі" ұлттық жобасы аясында 2019-2021 жылдары 20 жоғары оқу орны мен 180 колледж жаңғыртылуы (заманауи оқу жабдықтарын қою, оқу бағдарламасын жаңарту) керек еді. Алайда есеп комитетінің мәліметінше, 20 жоғары оқу орындары "жаңғыртылмаған", ал 180 колледж модернизациядан өткен.

"Жастар – ел тірегі" жоба аясында барлығы 200 мың студент кәсіпкерлік негіздерін оқуы керек деген жоспар болған. Үкіметтің есебінше, 2020 жылы жоспар артығымен орындалған, ал 2021 жылы 100 мың студент оқуы керек еді, бірақ 92,5 мың оқыған.

2019-2021 жылдары жас кәсіпкерлерге барлығы 600 грант беру көзделген. Мұнда 2020 жылғы жоспар бойынша 15 грантқа кем берілген.

Бірақ есеп комитетінің пайымдауынша, жоспар сан жағынан орындалғанымен, жастардың басым көпшілігі уақытша ғана жұмыспен қамтылды, жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешілмеді.

"Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты халықты жұмыспен қамту болғанымен, еңбек нарығын ұзақмерзімді дамытуға жол аша алмады. Өйткені әлі де жоғары, аяқталмаған жоғары және орта кәсіптік білімі бар жұмыссыз жастар үлесі өсіп жатыр, әлі күнге дейін сапалы әрі жүйелі жұмысқа орналастыру мәселесі шешілмеді" дейді есеп комитеті 2021 жылғы бюджет қаржысын игеру бойынша есебінде.

"Шағын және орта бизнес нысандарынан алынатын корпоративті табыс салығы республикалық бюджеттен алынып, өңірлерге беріледі, осылайша өңірлердің бюджеттік базасы ұлғайтылады".

Орындалды

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап әр өңірдегі шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке аударылатын болды. Бұрын республика бюджетіне түсетін.

2020 жылы Қазақстанның жергілікті бюджеттерінің кірісі 28 пайызға немесе 6 триллион теңгеден 7,7 триллион теңгеге дейін өсті. Бірақ бұл реформа пандемиямен тұспа-тұс келгендіктен мемлекеттік бюджетке ауырлық түсті. Өйткені сол кезде мұнай бағасы түсіп, өңірлердегі кәсіпорындардың біразының жұмысы тоқтап қалған еді.

"2021 жылға қарай көлеңкелі экономика деңгейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері деңгейіне, яғни 15-17 пайызға дейін төмендету".

Орындалмады

Қазақстан үкіметінің дерегінше, 2021 жылдың аяғында экономикадағы көлеңкелі айналымның деңгейі ЖІӨ-нің 20,23 пайызына тең болған. Көлеңкелі айналымда жүрген қаржының жартысына жуығы салық пен кеден алымына тиесілі, қалғаны заңсыз өнім өндіріп, қызмет көрсетіп отырған кәсіпорындарға, қар­жы пирамидасына, мұнай ұрлығы, алкоголь өндіру, жалған шот-фактура жасау және тағы басқа салаларда айналымда жүр.

Негізі Қазақстанның ұлттық даму жоспарында 2025 жылға дейін қара нарықтағы қаржы айналымын 15 пайызға төмендету көзделген.

"Менің міндетім – әр отандасымыздың жеке табысқа жетуіне және өзінің әл-ауқатын арттыруына жаңа мүмкіндіктер туғызу".

Бұл уәденің үкімін шығаруды оқырманға қалдырдық

Тоқаев президент сайланғалы үш жылдан астам уақыт өтті. Есеп комитетінің мәлімдеуінше, ел экономикасының жандануы азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына аса әсер етпеді.

Комитеттің 2021 жылғы республика бюджетіне жүргізілген есебінде азаматтардың кірісі азайып, әлеуметтік трансферт үлесі артқаны айтылады. Кейінгі үш жылда халық табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4 пайыздан 2021 жылы 2,9 пайызға дейін баяулаған.

Былтырғы жылдың төртінші тоқсанында халықтың орташа шығысы жан басына шаққандағы орташа табыспен теңескен (214 466 теңге).

Пандемия мен Украинадағы соғыстың салдарынан Қазақстан экономикасы мен халықтың тұрмысына қатты соққы болып тиді. Ұлттық банк биылдың соңына дейін елде инфляция 18 пайызға дейін жетуі мүмкін деп болжайды.

Ұлттық статистика бюросының биыл тамыз айының басында жариялаған дерегіне сәйкес, бір жылда азық-түлік бағасы 19,7 пайызға қымбаттаған. Қант бағасы 87 пайызға өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Күрт қымбаттаған тауарлар санатында пияз (71,7 пайыз), ұн (36,6 пайыз), макарон өнімдері (33 пайыз), жарма (31,4 пайыз) да бар.

Бұған қоса елде үй сатып алу құны, жалдау құны да шарықтап кетті. Елде кредит алатындар қатары көбейді. Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың 9,2 миллион адамның 7,2 миллионында, яғни 77 пайызында несие бар. Несие алған қазақстандықтардың төрттен бірі – шамамен 1,8 миллион адам ­– қарызын уақтылы төлей алмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG