Accessibility links

Украина қолына түскен жекеменшік "Вагнер" әскери тобының жауынгері өзін Ресейге бермеуді сұраған


Украина әскерінің қолына түскен "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының жауынгері өзін Ресейге бермеуді өтінген.

Ресейдің тұтқынға түскен 26 жастағы азаматымен сұқбатты 3 желтоқсанда Украина журналисі Юрий Бутусов жариялаған. Тұтқын өзінің бұрын қамауда отырғанын, кейін "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясына қосылғанын растаған. Оның сөзіне қарағанда, "Вагнер" жауынгерлеріне шегінбеу жөнінде талап қойылған, шегінсе атылатыны ескертілген. Ол өзін Украина тұтқындарымен айырбастамауды өтінген.

"Вёрстка" басылымы тұтқынның әпкесін тапқан. Ол інісінің Ресейде бірнеше рет түрмеге түскенін растаған. Журналистер соңғы рет қандай қылмыстық іспен сотталғанын егжей-тегжейлі анықтаған. 2020 жылы Ресейдің Липецк облысының аудандық соты оны бұзау ұрлағаны үшін 3,5 жылға соттаған. Түрмедегі жазасы аяқталуға бір жыл қалғанда оны "Вагнер" әскери компаниясына үгіттеп, тартқан.

Бұған дейін көптеген журналистік зерттеулер Ресей түрмеде отырған мыңдаған азаматтарын Украинадағы соғысқа тарту мақсатында "Вагнер" жекеменшік компаниясына қосылуға үгіттеп жатқанын анықтаған. Оларға соғысқа қатысқан жағдайда рақымшылық жасауға уәде берілген.

Қараша айында интернетте белгісіз адамдардың Украина әскерінің қолына түскен "Вагнер" тобының мүшесі Евгений Нужинді өлтіріп жатқаны көрінетін видео жарияланған. Өлтірер алдында оның Украина тұтқындарына айырбасталғаны айтылған. Украина оның айырбасқа өзі келіскенін мәлімдеген.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы тұтқындағы адамдардан алынған сұқбатты жарияламауды бірнеше рет сұраған. Женева конвенциясы тұтқынның кім екенін анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді жариялауға тыйым салады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG