Accessibility links

CNN: АҚШ Украинаға әуе шабуылынан қорғайтын Patriot жүйесін беруге дайындалып жатыр


Америкалық Patriot жүйесі.
Америкалық Patriot жүйесі.

АҚШ президенті әкімшілігі Украинаға Patriot зениттік ракета кешенін беруге дайындалып жатыр. Шешім осы апта соңына дейін қабылдануы мүмкін, деп хабарлады жоғары лауазымды шенеуніктерге сүйенген Американың CNN телеарнасы және Reuters агенттігі.

Пентагон жоспарын АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин мақұлдауы тиіс. CNN дереккөзінің айтуынша, жоспар мақұлданатынға ұқсайды.

Украинаға қанша қондырғы берілетіні әзірге белгісіз. CNN жазуынша, Patriot'тың бір батареясы әдетте радар, командалық пункт, қосымша техника және әрқайсысында төрт зымыраннан болатын сегіз қондырғыдан тұрады.

Жоспар мақұлданғаннан кейін қондырғылар Украинаға жылдам жеткізіледі. Ал украин әскері АҚШ-тың Германиядағы әскери базасында оларды пайдалануды үйренеді.

Украина маңызды инфрақұрылымдарын Ресей соққысынан қорғау үшін батыстағы одақтастарынан көптен бері Patriot жүйесін сұрап келеді. Қараша айында Польша Германия берген Patriot қондырғыларын Батыс Украинаға жіберуді ұсынған. Алайда Берлин одан бас тартқан.

Patriot кешені 80 шақырымға дейінгі нысаналарды көздей алады, 20 шақырым биіктікке ұша алады. Жүйенің гипердыбыстық жылдамдықпен ұшқан зымырандарды атып түсіруге мүмкіндігі бар және бір мезетте 125 нысанды бақылап, алтауына ракета жібере алады.

XS
SM
MD
LG