Accessibility links

Бас прокуратура қаржы мониторинг агенттігінің журналист Козачков жайлы хабарламасын тексереді


Журналист Михаил Козачков
Журналист Михаил Козачков

Бас прокуратура қаржы мониторинг агенттігінің журналист Михаил Козачков жайлы хабарламасын тексереді.

"Бізде сот үкімі шықпайынша адам кінәсіз саналады. Ұстау болғанын өздеріңіз көрдіңіздер. Қандай күдікке ілінгені қоғамға жеткізілді. Ал баспасөз хабарламасындағы өзге мәселелер тексеріліп жатыр" деді 22 желтоқсан күнгі брифинг кезінде бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев.

Ведомство өкілі жекелеген фактілер бойынша тексеру жүріп жатқанын хабарлады.

18 желтоқсанда қаржы мониторинг агенттігі журналист, Kozachkov offside телеграм-арнасының авторы Михаил Козачковтың ұсталғанын хабарлаған. Ол "Болат Назарбаевтың көмекшісі" деп аталған Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобына рейдерлік жасауға көмектесті деген күдікке ілінген. Агенттік өкілдерінің айтуынша, Қоспаев "рейдерлік құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау үшін Козачковтың қызметіне жүгінген". Козачков сол үшін "қылмыстық топ мүшелерінен" 52 млн теңге (110 мың доллар) сыйақы алған деп айтылады. Журналистің әріптестері Козачковты кәсіби қызметі үшін қудалап отыр деп мәлімдеді.

19 желтоқсанда кешке журналист Вадим Борейко Фейсбуктағы парақшасында әріптесі Михаил Козачковтың мәлімдемесін жариялады. Онда мәлімдеме авторы өзінің ұсталуын "қаржы мониторинг агенттігінің жетекшісі Жанат Элимановтың жеке мақсатта кек алғысы келгендігімен" байланыстырған. Мәлімдеме авторының айтуынша, ол Элимановтың "әйелі туралы мақала жазғандықтан" агенттіктің өзін түрмеге "жапқысы келетіні" жөнінде бірнеше рет хабар алған.

Қаржы мониторинг агенттігінің жетекшісі Жанат Элиманов журналист атынан таратылған мәлімдемеге реакция білдірмеді.

20 желтоқсанда бас прокуратура журналист Михаил Козачковтың ісі "прокуратура органдарының бақылауында болады" деп айтқан.

Осы апта басында журналистің пәтерін тінту кезінде оған адвокатты кіргізбеу себебін түсіндірген қаржы мониторинг агенттігі тергеушілердің "шектеуге құқығы бар" деген.

20 желтоқсанда Алматы тергеу соты Козачковты екі айға қамаған.

XS
SM
MD
LG