Accessibility links

ISW және барлау қызметі: Беларусь жақтан Украинаға шабуыл екіталай, бірақ мүмкін


Ресей әскері немесе орыс-белорус әскерінің Беларусь аумағынан Украинаға шабуылдауы екіталай, алайда оны тұтас жоққа шығаруға болмайды. Украина барлау қызметі және Соғысты зерттеу институтырының сарапшылары осылай деп санайды.

Ақпан айында Ресей әскері Киевке Беларусь аумағынан шабуылдаған. Белорус армиясы басқыншылыққа тікелей қатысқан жоқ, наурыз соңында орыс әскері Киев пен Черниговтан кеткен соң белорус аумағынан жаңа шабуыл жасалмаған.

Дегенмен кейінгі кезде телеграм-арналар мен ақпарат құралдарында Беларусь аумағына Ресей әскері мен техникасының әкелінгені, жаңа шабуылға дайындалып жатқаны жайлы хабар жиілеген. Кейбір телеграм-арналар 26 желтоқсанда шабуылдауы мүмкін деп жазған. Украина қарулы күштері біріккен күштерінің қолбасшысы Сергей Наев 24 желтоқсанда екі мотоатқыш батальон мен екі танк батальоны Украинамен шектесетін Беларусь аудандарына жылжу туралы тапсырма алды деп хабарлады.

Соғысты зерттеу институтының хабарламасында қазан басынан бері Мәскеудің Беларуське қайтадан күштерін шоғырландыра бастағаны жазылған. Сарапшылар бұл ақпараттық операция ма, әлде шынайы шабуылға дайындық па, әзірге белгісіз дейді.

Украина қорғаныс министрлігі барлау басқармасының жетекшісі Кирилл Буданов New York Times басылымына берген сұхбатында қазір шабуыл қаупі жоқ деген. Ол Беларус аумағындағы орыс және белорус әскерінің белсенділігін "жалған ақпарат кампаниясы" деп атаған. Будановтің пікірінше, орыс-белорус топтары әзірге Украинаға шабуылдауға дайын емес, алайда болашақта мұны жоққға шығаруға болмайды.

Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Михаил Галузин 24 желтоқсанда РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында орыс және белорус әскерінің Украинадағы соғысқа қатысу мүмкіндігін талқылау "дұрыс емес" деп санайды. Галузиннің айтуынша, бұл топтардың мақсаты – белорус аумағына қарсылас жақтың әскері кірген жағдайда "тойтарыс беру".

Жақында Минскіге Ресей президенті Владимир Путин барған. Бұл оның кейінгі бірнеше жылдағы Беларуське алғашқы сапары. Белорус басшысы Александр Лукашенкомен кездесу кезінде Путин екі елдің ортақ әскери жаттығу өткізуге келіскенін хабарлаған. Лукашенконың айтуынша, Беларусь армиясы "арнайы оқ-дәрілерді" (ядролық зарядтарды айтып отыр) ұшыру үшін ұшақтар мен экипаждарды дайындап жатыр. Ол сонымен бірге Ресей Беларуське С-400 бен "Искандер" ракета кешендерін бергенін, олардың орнатылып қойғанын айтты. Мұның алдында бірнеше күн бұрын Лукашенко кезекті рет Украинаны Беларуське шабуыл жасамақ болды деп айыптап (Украина мұны жоққа шығарған), өз аумағында Ресей әскерінің көбейгендігін сонымен негіздеуге тырысқан.

24 желтоқсанда Лукашенко Ресейге сапарлады. Ресми ақпарат бойынша, ол Жұлдыздар қалашығына барып, белорус ғарышкерлерін ғарышқа ұшыру шарасына қатысады. Ол жақта Лукашенко төрт күн болады деп айтылады. Себебі 26-27 желтоқсанда Санкт-Петербурге ТМД елдерінің ресми емес саммиті өтеді.

Ресей 24 ақпаннан бері Украинаға соққы жасау мақсатында белорус аймағын пайдаланған. Алайда кейінгі кездері Беларусь аумағынан соққы жасауды сиреткен.

XS
SM
MD
LG