Accessibility links

Риддерде жылу электр орталығында тағы да апаттық жағдай. Тұрғындар "үй салқын" деп шағынады 


Риддер қалаcындағы жылу электр орталығы. Шығыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметі жариялаған сурет. 7 қараша 2022 жыл.
Риддер қалаcындағы жылу электр орталығы. Шығыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметі жариялаған сурет. 7 қараша 2022 жыл.

Риддер жылу электр орталығының күл шығару жүйесіндегі станциясында сорғы істен шығып, станция "су астында қалды". Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.

"Қазір багер станциясында апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, төрт мотопомпа, төрт суасты сорғылары іске қосылды. Төтенше жағдай жөніндегі штабтың ақпараты бойынша, үш-төрт сағат ішінде апаттың салдары жойылады" деп жазды Ахметов.

Әкім станцияда дәл осындай жағдай екі ай бұрын – 5 қарашада да болғанын айтады. Ол кезде қаладағы 22 мың отбасына берілетін жылу температурасы екі есеге жуық төмендеген еді.

Облыс әкімі бұл жолы "жылу температурасы азаймайды" деді. Дегенмен тұрғындар әлеуметтік желіде үйлері салқын екенін жазып жатыр.

"Үшінші шағын аудан, 15-үй. Ыстық су 29 желтоқсаннан бері жоқ, радиатор жөн ғана жылы" деп жазды Екатерина есімді тұрғын облыс әкімінің парақшасында.

"Егер шынымен жылу штаттық режимде беріліп жатса, онда радиатор неге жөн жылы болып тұр, осының алдында ғана ыстық болатын" деп жазды Галина есімді тұрғын Instagram желісіндегі ridder_online парақшасында.

Азаттық тілдескен "Рассвет" пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Елена Каиль өзіне қарасты пәтерлерде жылу күзден бері тиісті көлемде берілмей келе жатқанын айтты.

- Мендегі барлық өлшеуіш жұмыс істеп тұр, үнемі қалыпты температураға жетпейді, - дейді Каиль.

Облыс әкімі станциядағы апатты жағдайға ЖЭО басшылығын кінәлайды. Ол бұдан бұрын күзде болған бірнеше апаттық жағдайға ЖЭО басшылығы мен энергетика министрлігінің аймақтағы департаменті өкілдерін айыптаған.

Облыстық прокуратура қарашада төтенше жағдайдың себебін анықтау бойынша ЖЭО-да тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеген, бірақ әлі нәтижесін жариялаған жоқ.

Риддерде қазанның аяғы мен қарашаның басында қалалық жылу электр орталығында бірнеше апаттық жағдай болып, орталықтандырылған жүйеге қосылған 22 мыңнан астам отбасы тәуліктеп суық үйлерде түнеуге мәжбүр болған еді. Сол кезде қалада техногендік сипатта төтенше жағдай режимі енгізілген. Бұл төтенше жағдай режимі әлі күшінде.

Риддер ЖЭО 1997 жылдан бастап жеке меншік иелікке өткен. Әуелі америкалық AES компаниясы, кейін 2018 жылы қазіргі иесі "Green Energy Q" компаниясы сатып алды.

Риддер – Шығыс Қазақстан облысындағы көлемі жөнінен екінші ірі қала. Риддерде 56 мыңнан астам халық тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG