Accessibility links

"Үкіметтің істеп отырғаны – иттік". Зейнеттегі күштік құрылым қызметкерлері зейнетақының мардымсыздығына шағынды


Зейнетақының мардымсыз екеніне шағымданған "Алатау" дәстүрлі өнер театрына жиналған зейнеттегі күштік құрылым өкілдері. Алматы, 21 қаңтар 2023 жыл.
Зейнетақының мардымсыз екеніне шағымданған "Алатау" дәстүрлі өнер театрына жиналған зейнеттегі күштік құрылым өкілдері. Алматы, 21 қаңтар 2023 жыл.

Бүгін, 21 қаңтарда Алматыда зейнеттегі күштік құрылым өкілдері зейнетақының мардымсыз екенін айтып, "Алатау" дәстүрлі өнер театрына жиналды. Жиынға әр жылдары ұлттық қауіпсіздік комитетінде, ішкі істер органдарында, әскерде қызметте болған 100-ден аса зейнеткер қатысты. Олардың арасында өзге өңірлерден келгендер де болды.

Жиын даудан басталды. Зейнеткерлерді тыңдауға келген билік өкілдері (Алматы әкімдігі қызметкерлері, ішкі істер, қорғаныс, еңбек министрліктерінің өкілдері) микрофон алып, сөз бастаған сәтте залдағылар оларды тыңдамай, әуелі өздеріне сөз беруді талап етті. Билік өкілдері зейнеткерлердің айтқанына көнуге мәжбүр болды.

Үш сағатқа созылған жиында айтылған негізгі мәселе - күштік құрылым қызметкерлеріне базалық зейнетақының (зейнет жасына толған кез келген азаматқа мемлекет бюджетінен төленетін зейнатақы түрі) төленбеуі.

— Біздің конституциялық құқығымыз бұзылып отыр. Заң алдында бәрі тең дегені қайда? Егер заң бәрімізге ортақ болса, күштік құрылымда қызмет етіп, зейнетке шыққандарға не себепті базалық зейнетақы төленбейді? Мына жерге жиналғандардың ешқайсы мардымды зейнетақы алып жүрген жоқ. Өйткені бізге мемлекеттен берілетін базалық зейнетақы төленбейді. Бұл осындағылардың ғана емес, біз сияқты мыңдаған зейнеттегі күштік құрылым қызметкерінің ортақ проблемасы, — деді өзін Әлия Оспанова деп таныстырған зейнеткер.

Бұдан бөлек, жиналғандар 2016 жылы зейнетақы жинағының 50 пайызын бюджетке бергенін, сол кезде өздеріне зейнетке шыққанда қалған 50 пайызды бірден аласыңдар деген уәденің әлі күнге орындалмағанына наразы.

— 2016 жылы зейнетақы қорына жинап келген ақшамыздың 50 пайызын "ЭКСПО-ға" деп үкіметке бердік. Біздің келісімімізді сұрамай, заңсыз түрде тартып алды. Оған жарайды деп келістік, көндік. Сол кезде бізге қалған 50 пайыздарыңды зейнетке шыққан соң автоматты түрде қайтарып береміз деген. Енді үкімет бізге не істеп отыр? Иттік жасап отыр ғой. Енді ол ақшаны 63 жасқа жеткенде бірақ береміз дейді. Оның өзінде әр ай сайын зейнетақымызға бөліп береді екен. Сонда немене? Үкімет біздің ақшамыздың қызғын көріп отыра бере ме? — деді өзін экономикалық тергеу қызметінің зейнеттегі аға офицері деп таныстырған адам

Зейнеткерлерді тыңдауға келген билік өкілдері мұндай мәселелер барын мойындады. Еңбек вице-министрі Назгүл Сағындықова мен осы жиынды ұйымдастырған Алматы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков зейнеткерлердің мәселесіне байланысты жұмыс тобы құрылатынын жеткізді. Бірақ мәселе нақты қай уақытта шешілетін айтқан жоқ.

Зейнеткерлер билік өкілдеріне егер мәселе жуырда шешімін таппаса, бейбіт митиніге шығатынын ескертті.

Базалық зейнетақыны талап етіп жүрген күштік құрылым зейнеткерлері бұған дейін Алматы әкімдігінен бейбіт жиын өткізуге рұқсат сұраған, бірақ әкімдік жиынды осындай форматта өткізуді ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG