23 қаңтарда Атырауда сот Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 27 адамды "кінәлі" деп таныды, дегенмен айыпталушының бәрін түрме жазасынан босатты. Қаңтар қырғынына байланысты елдегі ең ірі істердің бірі қалай аяқталды?
"АТА-АНАЛАРЫҢЫЗ КҮТІП ТҰР, ҮЙЛЕРІҢІЗГЕ БАРЫҢЫЗДАР"
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Зарема Хамидуллина айыпталушының бәрін кінәлі деп танып, әр түрлі мерзімге соттады. Бірақ олардың процессуалдық келісімге келгенін, сот процесі кезінде абақтыда және үйқамақта отырған күндерін екі күн деп санап әрі былтыр жарияланған рақымшылық заңын қолданып қамаудан босатты.
Сот үкімін оқып болған соң судья Хамидуллина "Сіздерге қолданған бұлтартпау шарасының бәрі жойылды. Қазір шығасыздар, ешқандай шектеу жоқ. Ата-аналарыңыз күтіп тұр, үйлеріңізге барыңыздар. Жұмысқа тұрып, еңбек етіп, адал өмір сүріңіздер" деді.
27 адамның басым бөлігіне "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "билік өкіліне күш қолдану" бабымен айыпталған. Ал екі адамға қосымша "қаруды заңсыз алып алды" деген айып тағылған.
Судья Хамидуллина айыпталушылар – Оралбек Айсин, Дулат Бекжанов, Ринат Әбішев, Дамир Сансызбаев, Жалғас Малимов, Думан Кенжебай, Манас Олжағалиев, Есенжан Ғинаятов, Мұса Исенгереев, Мұрат Жанғалиев, Иманғали Шамұратов, Ерқанат Ещанов, Нұрлыбек Дюсенов, Алтынбек Нагимов, Шыңғыс Бозшиев, Сағат Жолдасов, Дәулет Тажиков, Нариман Сартаев, Асланбек Қоянбаев, Ғалымжан Дәулетовке 9 айдан бастап бір жарым жылға соттап; бірақ процессуалды келісім, рақымшылық және процесс кезінде қамауда я үйқамақта отырған бір күндерін екі күн деп есептеп, жазадан босатты.
Әлібек Сарманов пен Ғалымжан Дәулетов жаза тағайындалмай, жауаптан толық босатылды.
Еркебұлан Балтабаев, Бисен Тлеугалиев, Ерқанат Ещанов, Сағат Жолдасов, Асылан Хатим, Нұржан Буканов, Медет Нарышев 9 айға шартты жазаға кесіліп, пробациялық бақылау орнатылды. Олардың көбінің бұлтартпау шарасы кезіндегі бір күні екі күн деп есептеліп, шартты жазаларының екі-үш айы қалды.
Ал Азамат Ибраемов екінші рет істі болып жатқанына байланысты үш жылға бас бостандығы шектелді. Оның да бұл мерзімінің біраз уақыты бұлтартпау шарасымен қысқармақ.
Судья Хамидуллина үкімнен кейін айыпталушыларға тыныш жүріңіздер деген емеурінмен "Темір тордың ар жағындағы өмірді жақсы емес екенін түсіндіңіздер. Адам өз өмірінің өзі суретшісі дейді ғой. Өміріңіздің сапасына өзіңіз жауаптысыз. 25-30-40 жастарыңыз қайта келмейді. Күштеріңіз көп болса қылмысқа емес, өмірдің жақсы жағын көруге жұмсаңыздар" деп ақыл айтып шықты.
Сотталушылар судьяның сөзін үнсіз тыңдап тұрды.
Сот үкімі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар. Бірақ екі тарап үкімге қарсылық білдіре қоймас, себебі үкім оқылғанда сотталушылардың бәрі риза болып қол соқты. Ал прокурор осыған дейінгі сот отырыстарында айыпталушылармен процессуалдық келісімге келген еді.
"АЙЫПТЫ МОЙЫНДАУ", ПРОЦЕССУАЛДЫҚ КЕЛІСІМ
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 27 адамның ісін 31 тамызда қарай бастаған. Істе 115 жәбірленуші болды. Олардың басым бөлігі – полицейлер мен әскери қызметкерлер. Арасында Қаңтар кезінде мүлігі бүлінген облыс әкімдігінің қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлер де бар.
27 айыпталушының 13-і үйқамаққа алынып, он адам ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатылған, төрт адам тергеу абақтысына қамалған. Алғашында үш адамға – Оралбек Айсин, Дулат Бекжанов, Ринат Әбішевке "аса ауыр қылмыс жасады" деп, қалған 24 адам "ауыр қылмыс жасады" деп айыпталған.
Айсин, Бекжанов, Әбішевке алғашында "Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу", "Билік өкіліне күш қолдану", "Қаруды заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау", "Қаруды жымқыру", "Ұрлық", "Тонау", "Көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу", "Құжаттарды заңсыз алып қою, бүлдіру" айыптары тағылған.
Кейін айыпталушылар "айыптарын мойындап", прокурормен процессуалдық келісімге келген еді. Айыпталушылар судьяға "процессуалдық келісімге еш қысымсыз келгендерін", "істеріне өкінетінін" айтқан еді. Мұның алдында жәбірленуші деп танылған полицейлер "денсаулықтарына зиян келмегенін", "кейбір айыпталғандар Қаңтар оқиғасы кезінде көмекке келгенін" айтқан.
Осыдан соң айыпталушыларға тағылған "Ұрлық", "Тонау", "Көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу", "Құжаттарды заңсыз алып қою, бүлдіру" айыптары алынып тасталды.
Қалғандарының айыптары "жәбірленушінің денсаулығына қауіпті күш қолдану" бабынан "денсаулығына қауіпті емес күш қолдану" бабына ауыстырылған еді.
Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бұл оқиға бірнеше қалада қантөгіске ұласқан. Атырауда да жұрт алдымен Исатай мен Махамбет алаңына жиналып, кейін әкімдікке қарай беттеген. Әкімдік алдында полиция мен наразылар арасында қақтығыс болған. Қақтығыс кезінде Атырау тұрғыны Алмаз Берекеновтің басына оқ тиіп қаза болған.
Құқық қорғау органдары 35 жастағы Алмаз Берекеновтің қазасына байланысты қозғалған істі "қылмыс құрамы жоқ, полицей оқ атып қорғанған" деп тоқтатқан.
Қазақстандағы Қаңтар оқиғасында ресми мәлімет бойынша 238 адам қаза болған. Құқық қорғаушылар Қаңтарда қаза тапқандар саны бұдан көп деп санайды. Мыңдаған адам қамауға алынып, түрлі жауапқа тартылған.
Биыл 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандарға рақымшылық жариялаған. Тоқаевтың сөзінше, бұл рақымшылыққа тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысқан басты күдіктілер, мемлекетке опасызсыздық жасағандар және билікті күшпен басып алуға талпынғандар ілінбейді.
ПІКІРЛЕР