Ресей әскерін Украинадан әкетуді талап ететін қарарды 193 елдің 141-і қолдады. 7 мемлекет қарсы дауыс берді. 32-сі қалыс қалды.
Қарарға Ресейден бөлек, Беларусь, Эритрея, Мали және Сирия қарсы дауыс берді. Қалыс қалғандар арасында Қазақстан, Армения, Тәжікстан, Қытай, Үндістан және Иран бар.
Қарарды талқылауды Киев ұсынған. Ұсынысқа 60-тан астам ел қосылған. Қарарда "БҰҰ жарғысы принциптері негізінде тұтас, әділ және тұрақты бейбітшілікті" іздеу қажет екені айтылған.
Құжатта Ресей әскерін Украина аумағынан дереу әкету туралы талап бар.
БҰҰ Минскінің қарарға қатысты келіссөзге шақыру және Киевке қару беруге тыйым салу туралы түзетуін қабылдамады.
Украинаның Адам құқығы жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец Telegram-дағы арнасында бұл құжат жөнінде "бұл –елдің қауіпсіздігі мен Украинаның аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды қадам" деп жазды.
Қауіпсіздік кеңесінен айырмашылығы БҰҰ Бас ассамблеясында Ресей құжатқа вето қоя алмайды. Қарардың рекомендациялық сипаты бар.
Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя "резолюция бір жыл бұрын ушығып кеткен Ресей мен Батыс арасындағы қарама-қайшылықты жоюға әсер етпейді" деп мәлімдеді. Оның мәлімдемесін ТАСС агенттігі жариялады. Небензя қарарды "біржақты, шындықтан алшақ жатқан" құжат деп сынады.
Ресейге экономикалық тұрғыда тәуелді Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығын ашық айыптаған жоқ, қолдаған да жоқ. Бұған дейін БҰҰ-да Украинаға қатысты мәселелер бойынша дауыс берген кезде Қазақстан көп жағдайда қалыс қалған. Ресей басқыншылығын айыптаудан бас тартқан Қазақстанның позициясына қатысты қоғамда сын айтылған. Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұған дейін "қалыс қалу да – позиция", "біз ұлттық мүддемізді ескере отырып дауыс бердік" деген.
ПІКІРЛЕР