1 сәуірден бастап Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді. Бұған Украина наразы болды. Украина басшысы Владимир Зеленский бұл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі халықаралық институт ретінде тығырыққа тірелгенін көрсетеді деді.
Күн сайынғы кешкі мәлімдемесінде Зеленский Ресей жүргізіп жатқан басқыншылық соғыстан бейбіт тұрғындар, оның ішінде балалар опат болып жатқанын айтты. Ол ғаламдық институттарға реформа қажеттігін атап өтті. "Террористер қандай да бір жерде төрағалық етудің орнына террор жасағаны үшін жауап беруге тиіс" деді Зеленский.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуін "1 сәуір күнгі ең нашар қалжың" деп атады.
"Халықаралық қауіпсіздіктің басты ережелерін жүйелі түрде бұзып жатқан мемлекет халықаралық қауіпсіздікті сақтауды көздейтін органға жетекшілік етеді" деді Кулеба.
Еуропа дипломатиясының жетекшісі Жозеп Боррель 1 сәуірде Twitter-де "Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді. Қалжың күніне лайық [жаңалық] екен. Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі Ресей БҰҰ-ның жарғыларын үнемі бұзады" деп жазды.
Боррельдің айтуынша, Еуроодақ Ресейдің өкілетін асыра пайдалануына қарсы тұрады.
The Guardian басылымының жазуынша, АҚШ, Ұлыбритания, Франция сияқты елдер Ресей төрағалық еткен шақта БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі өкілдіктерінің деңгейін төмендетуі мүмкін. Алайда әңгіме бойкот немесе протест жөнінде болып отырған жоқ.
- БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдің оған төрағалық етуінің көп жағдайда тек қағаз жүзінде мәні бар. Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 ел оған бір ай сайын алма-кезек төрағалық етіп отырады. Олардың ротациясы әліпби негізінде жүзеге асады. Ресей кеңеске бұған дейін 2022 жылғы ақпанда жетекшілік еткен. Дәл сол айда ол Украинаға басып кірген.
ПІКІРЛЕР