Accessibility links

Қазақстан Путинді тұтқындауға ордер берген Гаага сотының шешімін орындамайды


Владимир Путин.
Владимир Путин.

Қазақстан Ресей басшысы Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген Халықаралық қылмыстық соттың шешімін орындамайды. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің 5 сәуір күнгі хабарламасынан осыны аңғаруға болады.

"Қазақстан Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың құрылтай құжаты – Рим статутына қатысушы болып табылмайды. Тиісінше, бұл статуттың Қазақстанға қолданысы таралмайды және біздің мемлекетіміз ол бойынша ешқандай міндеттеме алмайды" деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Азаттыққа жіберген ресми жауабында.

"Украинаның Ресей басып алған аумағынан балаларды заңсыз тасымалдағаны үшін" Халықаралық қылмыстық сот (Гаага соты) наурыздың ортасында Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Осыған ұқсас ордер Ресейдегі бала құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен Мария Львова-Беловаға да берілді.

Бұрынғы совет республикалары арасында статутты Балтық елдері, Грузия, Тәжікстан ратификациялаған. Жуырда Армения конституциялық соты Рим статуты елдің конституциясына қайшы келмейді деген қаулы шығарған. Рим статутын ратификациялаған мемлекеттердің билігі Путин сол елдердің біріне барған жағдайда оны тұтқындауға міндетті.

Дегенмен бұған дейін ресми Ереван Путинді тұтқындамайтынын меңзеп, бұл тұрғыда Ереван Мәскеумен келісім жасауы мүмкін екенін де жоққа шығармаған. Ереванның түсіндіруінше, Армения Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы "әскери қылмысына" байланысты Халықаралық қылмыстық сотқа шағым түсіргісі келеді.

Бұған дейін Путин Қазақстанға осы күзде сапарлап келетіні хабарланған еді.

Ресейге тәуелді Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығын ашық айыптаған жоқ. Бірақ Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын, Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдарды мойындамайтынын айтқан. БҰҰ-да Ресей басқыншылығын айыптаған қарарларға дауыс беру кезінде Қазақстан көп жағдайда қалыс қалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG