Accessibility links

Мәжіліс депутаттары Ресейді сынап сотталған екі белсендінің ісін қайта қарауды ұсынды


Бас прокурорға сауал жолдап тұрған депутат Ермұрат Бәпи. 5 сәуір, 2023 жыл.
Бас прокурорға сауал жолдап тұрған депутат Ермұрат Бәпи. 5 сәуір, 2023 жыл.

Мәжілістің бірқатар депутаты "Петропавлдағы сепаратистік ахуалға байланысты" Ресейді сынағаны үшін былтыр сотталған белсенділер Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбайдың ісін қайта қарауды талап етті. Бұл жөнінде 5 сәуірде мәжілістің жалпы отырысында белгілі болды.

Бас прокурорға сауал жолдаған мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи екі белсендінің ісін қайта қарау қажет екенін айтты.

– Ел намысын қорғаған патриот азаматтар Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбай ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін әрқайсысы бес жылға сотталды, – деді ол. Депутат сонымен бірге қамаудағы белсенді Ермек Нарымбаевты да атап өтті.

– Шын мәнінде олар әлеуметтік желідегі сепаратизмді нұсқап, соған қарсы шыққаны үшін сотталды. Үкімнің әділетсіздігі тіпті бір ғана жағдайды салыстырғанда да көрінеді: неге бір мемлекет (Ресейді меңзеген сияқты – ред.) саясаттанушыларына (Қазақстанға қатысты арандату сипатындағы мәлімдемелер жасағаны үшін) тіпті ескерту де бермей, оларды "орыс патриоттары" деп есептейді, ал біздің ел халық, мемлекет мүддесін қорғағандарды түрмеге отырғызады? – деді Ермұрат Бәпи.

Ол бас прокурор Берік Асыловтан Намазбаев пен Боранбаев ісін "Петропавлдағы сепаратистік кейске" байланысты туындаған жаңа жайттарға орай істі қайта қарауды сұрады. Бәпи бұл мәлімдемеге депутат Абзал Құспан да қосылатынын айтты.

Осыған ұқсас мәлімдемені "Ақ жол" фракциясы атынан Азат Перуашев пен Қазыбек Иса да жасады.

– 19 наурызда Петропавлда 19 сепаратист "Халық кеңесі" ұйымын құрып, Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамайтынын мәлімдеді. Қоғамдағы даудан кейін облыстық құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық кодекс елдің тұтастығын бұзуға шақырғандарды жазалауды қарастырады, ал 19 сепаратист өздерінің үйлерінде әдеттегідей демалып жатыр, – деді Қазыбек Иса.

Намазбаев пен Боранбаев туралы айтқан Азат Перуашев "сепаратистік ағымдардың қаупі туралы ескертіп, соның жолын кесу туралы айтқан азаматтарымыз сотталды" деді.

– Сепаратизм қаупі туралы айтқандарды түрмеге отырғызып, жікке бөлгісі келетіндерге неге мейірбан бола қаламыз. Гуманизмге қарсы емеспін, бірақ ол екіжақты қозғалысы бар көше сияқты. Әділ Қазақстан үшін тең қатынас, сөзге жауаппен қарау керектігін түсінуіміз керек, – деді Азат Перуашев.

Былтыр наурызда Алматы соты Ресейді сынаған екі белсенді Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевтың әрқайсысын 5 жылға соттаған.

Екі белсенді желіде ресейлік шенеуніктердің Қазақстан жайлы айтқан сындарына қарсы пікір білдіріп, Қазақстанның Ресеймен интеграциясына қарсы шыққан және Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынаған еді.

Сотталушылар әлеуметтік желіде жазбаларды жазғанын мойындаған, бірақ өздеріне тағылған айыпқа келіспейтінін мәлімдеген.

Сот екі азаматты да "билікті басып алуға немесе күшпен алуға шақыру" бабы бойынша айыпты деп тапқан, ал Боранбаевқа "ұлтаралық алауыздықты қоздыру" бабын да қосқан. Аудандық сот Боранбаевқа үш жылға интернетті пайдалануға, қоғамдық жұмыстарға араласуға тыйым салған. Ал Намазбаевты "Милосердия" қорына 200 мың теңге төлеуге міндеттеген еді.

Данат Намазбаевты құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" қатарына енгізген.

XS
SM
MD
LG