Accessibility links

Жаңаөзенде жұмыс талап етіп, аштық жариялағандарға жедел жәрдем көлігі шақырылды


Жаңаөзен әкімдігі алдында аштық жариялап жатқан тұрғындар. 3 мамыр, 2023 жыл.
Жаңаөзен әкімдігі алдында аштық жариялап жатқан тұрғындар. 3 мамыр, 2023 жыл.

Жаңаөзенде тұрақты жұмыс сұрап, аштық жариялаған 15 адамға 4 мамырға қараған түні жедел жәрдем көлігі шақырылды. Бір адамның қан қысымы түсіп кеткен. Бұл жөнінде Азаттыққа жаңаөзендік белсенді Жадыра Доскеева хабарлады. Оның сөзінше, судан басқа нәр татпай аштық жариялағандар акцияны "еш дайындықсыз бастаған". Сол себепті денсаулыққа ауыр тиген болуы мүмкін.

Оның сөзінше, 3 мамырда әкімдіктен адамдар келіп, "аштықтың салдарына жауап бермейтіні жөнінде" құжатқа қол қойдыруға тырысқан.

– Ертең біреу, Құдай сақтасын, аяқ астынан жазым болып өліп кетсе, үкімет өзінің мойнына алмайды, сол үшін қол қойдыртып алайын деген. "Бізде кінә жоқ, жұмыс ұсындық" дегендей. Ал наразылар қол қойған жоқ, – деді белсенді.

Түнде қалада жаңбыр жауған кезде аштық жариялағандар әкімдік алдындағы қалқаға келіп, сонда түнеп шыққан. Наразылар прокуратурадан адамдар келіп, "қысым жасауға тырысқанын" да айтты.

Жаңаөзендіктер жіберген бір видеода олар "прокуратура қысымына" шағымданады.

Ал Жаңаөзен әкімдігі 3 мамырда кешкісін жұмыс сұрап, аштық жариялаған жаңаөзендіктердің талабына түсініктеме берді.

Әкімдіктің хабарлауынша, "Жаңаөзендегі 13 компания қаладағы жұмыссыз азаматтарға сәулетші, инженер, шұғыл желі операторы, кассир-есепші, менеджер, асхана жұмысшысы, электрик сияқты жалақысы 140-280 мың теңге болатын түрлі бос жұмыс орнын ұсынған".

"Жаңаөзен әкімдігінің қызметкерлері жиналғандарға мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру алгоритмі аясында кезек күтуді ұсынған. Алайда жұмыссыздар жалпы кезекті бұзып, өздерін "Өзенмұнайгаз" компаниясына жұмысқа орналастыруды талап етіп отыр” деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.

Әкімдік мұндай талапты мұнай-газ саласында жұмыс кезегінде тұрған азаматтарға қатысты "әділетсіз талап" деп есептейді.

Ал наразы жұмыссыздардың бірі 4 мамырда таңертең Азаттыққа "өздеріне мұндай жұмыс ұсынылмағанын, әкімдік жалақысы 100 мың теңге болатын қоғамдық жұмыс ұсынғанын, қымбатшылық жағдайында ондай жалақыға отбасын асырау мүмкін емес екенін" айтты. Ол жалақысы 300-500 мың теңге болатын жұмыс талап етеді.

Жаңаөзеннің жұмыссыз қалған тұрғындары 1 сәуірден бері әкімдік алдына жиналып, тұрақты жұмыс тауып беруді талап етіп келеді. Жергілікті билік аймақта бос жұмыс орындары жоқ екенін айтқан.

20 сәуірде акцияға шыққан тұрғындар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, әкімдік алдына түнеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG