Accessibility links

Минскіде Ресейдің ядролық қаруын Беларуське орналастыру туралы құжатқа қол қойылды


Владимир Путин және Александр Лукашенко.
Владимир Путин және Александр Лукашенко.

Ресей және Беларусь қорғаныс министрлері Минскіде ресейлік стратегиялық емес ядролық қару түрлерін Беларусь аумағында орналастыру туралы құжатқа қол қойды.

Беларусьтің мемлекеттік БелТА агенттігінің хабарлауынша, Виктор Хренин мен Сергей Шойгу "әскери-саяси ахуал мен екі елдің қорғаныс министрліктері арасындағы әскери-техникалық әріптестік мәселелерін" де талқылаған.

Шойгу Беларусьті Ресейдің "адал одақтасы әрі сенімді әріптесі" деп атаған. Ол екі ел бірігіп, өздеріне "жарияланбаған соғыс жүргізіп жатқан" "ұжымдық Батысқа" бірге қарсы тұрады деп мәлімдеген. Шойгудың айтуынша, әңгіме Беларуське ядролық қару беру туралы болып отырған жоқ: ядролық қаруды пайдалану туралы шешімді Мәскеу қабылдайды.

Бір күн бұрын Мәскеуде өткен Еуразия экономика форумында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Беларусь "әлемдік саясат тарихында бұрын-соңды болмаған бірегей прецедент туғызды", олардың одағы "екі ел – бір мемлекет" формуласына негізделген деп мәлімдеген еді. "Кешірім өтінемін, тіпті екеуінің ядролық қаруы да ортақ" деді Тоқаев. Ол Еуразия экономика одағында Қазақстан, Қырғызстан мен Армения "интеграцияның басқа деңгейінде тұр" деп айтып, "осындай шындықпен санасу керек" деген.

Қазақстан "ЛХР" мен "ДХР"-дың "тәуелсіздігін", Ресейдің Украина облыстарын аннексиялауын да мойындамаған. Беларусь те аннексияны мойындайтынын айтпаған, алайда Лукашенко бұған дейін Ресей тағайындаған "ДХР" басшысы Денис Пушилинмен кездескен.

Беларусь аумағына тактикалық ядролық қару орнататынын Ресей президенті Владимир Путин биыл наурызда айтқан. Оның сөзінше, 1 шілдеге қарай тактикалық ядролық қаруға арналған қойма құрылысы аяқталуға тиіс. АҚШ пен НАТО елдері Ресей мен Беларусь билігінің шешімін айыптаған.

  • Тактикалық ядролық қарудың нақты анықтамасы жоқ. Болжам бойынша, ол – қуаты аз, қысқа қашықтыққа әсер ететін ядролық оқ-дәрі. "Ескендір" ракетасы айналасындағы 500 шақырымға дейін әсер ете алады. Яғни Беларусьте орналасқан ракеталар Польшаның барлық аумағына қатер төндіруі мүмкін. Көрші елдерге де жанама әсері бар.
XS
SM
MD
LG