Қосарлы санкция салу мәселесіне ілініп кету - Қазақстанға қауіпті. Мұны орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров айтты.
"АҚШ-тың бірқатар болжамдары мен есептерінде Қырғызстан аталып қалды. Қосарлы санкция салу мәселесінде Қазақстанның мүлде болмағанын қалаймыз",- деді Айдаров.
Айдаровтың мәліметінше, Қазақстан мен Ресейдің санкцияға дейінгі жыл сайынғы саудасы 25 миллиард доллар, "егер қосарлы санкция осы сауданы да шектейтін болса шекарадағы аудандарға үлкен шығынға бататын болады".
"Санкцияға ілінбес үшін Америка мен Еуропадағы серіктестерімізге мейлінше ашық болуға бар күш-жігерімізді салып отырмыз. Барлық сауда келісімдерін ашық көрсетіп, компанияларымыз санкция режимін бұзса айтыңыздар дедік. Өйткені ол біздің мүддемізге сай келеді",- деді Айдаров.
Спикердің сөзінше санкция салынған Ресейден Қазақстанға көптеген компаниялар ауысқан. Қазақстан өзіне тартымды деп санаған 400-ге жуық компанияны белгілеген (негізінен АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея компаниялары).
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, өткен жылдан бері Ресейден 1,5 миллиард доллар тікелей инвестиция келген. Бірақ спикердің сөзінше, бұл 2021 жылмен салыстырғанда аз, ал Ресейден Қазақстанға келген компания көп.
Кеше The Washington Post осы аптада Қырғызстан компаниялары АҚШ санкциясына ілігуі мүмкін екенін жазған. Басылым мақаласы таяуда Қырғызстан мен Қазақстан шекарасы арқылы Ресейге әкетіп бара жатқан Қытай дрондарының ірі партиясы ұсталғанынан басталған.
Бұған дейін Азаттық Қырғызстан мен Қазақстан компаниялары Батыс техникасын Украинадағы соғысқа қатысы бар Ресей компанияларына қалай жеткізіп отырғаны жөнінде зерттеу жариялаған. Журналистер Қазақстан мен Қырғызстан компаниялары Батыстың санкцияларына ілінген тауарларды Ресей компанияларына жеткізіп отырғанын анықтаған.
АҚШ пен Батыс елдерінің өкілдері Украинаға жасаған агррессиясына байланысты Ресейге салынған санкцияны айналып өтуге көмектеспеу жөнінде Орталық Азия республикаларына бірнеше рет келген. Санкцияны айналып өтуге жәрдемдесіп жүрген компанияларға санкция салынатынын ескерткен.
ПІКІРЛЕР