Accessibility links

"Қылмысты мойындату үшін қинаған". Атырауда азаптау күдігіне ілінген бес экс-полицейдің соты өтіп жатыр


Қаңтар оқиғасы кезінде бір адамды азаптады деген күдікке ілінген бес полицейдің соты. Атырау, 26 шілде 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде бір адамды азаптады деген күдікке ілінген бес полицейдің соты. Атырау, 26 шілде 2023 жыл.

Бүгін, 26 шілдеде Атырау қаласының №2 сотында "адам азаптады" деп күдікке ілінген 5 экс-полицейдің ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Сотта прокурор айыптау актісін жария етті.

Судья Зәуре Қазақбайдың төрағалығымен өтіп жатқан сот 11 шілдеде басталған.

Жәбірленуші Руслан Қуанышқалиев биыл ақпан айында өзін полицейлердің азаптағаны жөнінде арызданған. Өзі мен адвокатының айтуынша, ақпан басында полиция Қуанышқалиевті үйінен күштеп ұстап алып кеткен. Оған "бір адамды ұрып-соқты" деген айып таққан. Қуанышқалиев айыпты мойындамаған.

Айыптау актісінде экс-полицейлер "өзара сөз байласып, Қуанышқалиевті қорқытып мойындату мақсатында қасақана психологиялық қысым көрсетіп, қатігездікпен азаптағаны" айтылады. Ондағы ақпаратқа қарағанда, Қуанышқалиев айыпты мойындамаған соң оның аяқтарын басып тұрып, басына бірнеше рет пакет кигізіп, тұншықтырып, тыныс алуын және қозғалуын шектегені, психологиялық-моральдық қысым көрсетіп, соққыға жыққаны жазылған.

Сот-медициналық сараптама азаптау кезінде Қуанышқалиевке "жеңіл дене жарақаты келтірілгенін" деген қорытынды шығарған. Оның сол жақ құлағының дабыл жарғағы зақымданған, сол жақ көзінің аумағы жарақаттанған.

Сотта Қуанышқалиевтің құқығын адвокаты Рысты Қалиева қорғап жатыр. Жәбірленуші Қуанышқалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің қорғауында және осы іс бойынша ешқандай ақпарат жария етпеу жөнінде келісімге қол қойған.

Айыпталушы полицейлерге "Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптау" бабы бойынша айып тағылған. Сотта айыпталушы экс-полицейлер өздеріне тағылған айыппен келіспеді.

Сотта айыпталушы бес полицейдің бұрынғы қызметінен алыстатылғаны айтылды. Төртеуі жұмыстан бұйрықпен шығарылған, біреуі өз еркімен кеткен. Олар бәрі де Атырау қалалық полиция басқармасының жедел уәкілдері болып жұмыс істеген. Қазір олардың екеуі үйқамақта, қалған үшеуіне ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр. Экс-полицейлердің құқығын адвокаттар Руслан Жакупов пен Аслан Жолболов қорғап отыр.

Сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде екі прокурор қатысты.

Cотта жәбірленуші Руслан Қуанышқалиев айыпталушының әрқайсысынан 1 млн теңгеден өндіруді талап етіп, азаматтық талап-арыз түсірді. Айыпталушылар бұл талаппен де келіспеді. Сот жалғасып жатыр.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан түрмелері мен қамау орындарда күдіктілерден тергеуге қажеті ақпаратты азаптап алатыны жайлы жиі айтылады. Қазақстан билігі түрмедегі азаптау фактілерін ішінара мойындап, бұл мәселемен күресетінін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG