Accessibility links

Лука Анчески: "Жаңа Қазақстанның" сол "ескі Қазақстаннан" еш айырмасы жоқ


Лука Анчески: Жаңа Қазақстан деп айтуға лайық ілгерілеуді көрген жоқпыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:41 0:00

"Жаңа Қазақстан деп айтуға лайық ілгерілеуді көрген жоқпыз". Лука Анческидің Азаттыққа берген сұхбаты.

Азаттық Орталық Азияны зерттеуші, Ұлыбританияның Глазго университетінің профессоры Лука Анческимен Қазақстандағы саяси өзгерістер мен Ресеймен қатынас туралы сөйлесті. Президент халыққа жолдауында Қаңтар оқиғасын неге сөз етпеді? Жаңа министрліктер қандай себеппен құрылды? Биліктегі ауыс-түйіс, жаңа тағайындаулар кадр тапшылығын көрсетті ме? Сарапшы осы және өзге де сұрақтарға жауап беріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрт жылдық билігіне қатысты тұжырымдарын айтты.

"ҚАҢТАРДАН СОҢ ӘДІЛДІК САЛТАНАТ ҚҰРМАДЫ"

– Анчески мырза, Қазақстандағы оқиғалар туралы бұған дейінгі пікіріңізде Тоқаев кезінде елдің жазалаушы және авторитар сипаты ұлғайып барады деген едіңіз. Елде сол өзгерістерді байқайсыз ба? Оның қандай алғышарттары бар?

– 2019-20 жылдардағы айтқан болжамым шындыққа айналды деп ойлаймын. Кем дегенде қазіргі жағдай бойынша солай. Себебі біз одан бергі төртінші жылды өткеріп жатырмыз. Яғни, Тоқаев президенттігінің төртінші жылындамыз. Қанды Қаңтар оқиғасынан бері 18 ай өтті. Референдум болды, парламент пен президент сайланды. Біз Қазақстандағы басқару жүйесінен "жаңа Қазақстан" деп атауға лайық нақты бір ілгерілеуді көрген жоқпыз. "Жаңа Қазақстан" құрылды деп ойламаймын. Егер мұны солай атасақ, бұл "жаңа Қазақстан" либерализация жүзеге аспаған, бұған дейін болған саяси жүйеге өте қатты ұқсап тұр. Сайлауларда Тоқаев пен оның билігін қолдайтын партиялар ешқандай кедергі көрмеді. Конституция Тоқаевтың билігін 2029 жылдың қарашасына дейін созу үшін өзгертілді. Бұл – болып жатқан жайттардың институционалдық жағы.

Ал практикалық тұрғыда қарасақ, басқару ісінде де солай. Медианың либерализациясын көре алмай отырмыз. Қазақстанда пікір алуандығы қалыптасып жатқан жоқ. Азаматтық қоғамнан қандай да бір динамика, трансформация байқалмайды. Демек, бұл "жаңа Қазақстанның" сол баяғы "ескі Қазақстаннан" еш айырмасы жоқ деген сөз.

– Президент Тоқаев жақында халыққа жолдауында Қаңтар оқиғасын тілге тиек етпеді, ал Қаңтарда қаза болғандардың ісінің көбі ашылмай, жабулы күйінде қалды. Тоқаев пен оның командасы қанды Қаңтар аясындағы халықтың көңіл-күйін өзгерте ала ма?

– 2022 жылдың қаңтарында қаза тапқандар үшін жауапкершілікті алу – маңызды мәселе. Біз қаза тапқандардың аты-жөнін білеміз, ал олардың өліміне жауаптылардың есімі беймәлім. Әділдік салтанат құрмады. Қаңтарда түскен жарақат жазылған жоқ. Зорлық-зомбылыққа қатысы бар адамдарды жазаға тартпау үшін әділ сот өткізбеді, шындық бүркемеленді. Әсіресе формадағы адамдарға бұл "жай Қазақстаннан" "жаңа Қазақстанға" өтуге мүмкіндік берер еді. Мұндай дағдарыстардан дұрыс шығу арқылы халықтың санасында "барлығы үшін мемлекет жауапты" деген пікір қалдырар еді. Сол арқылы жалпы пікірді өзгертіп, халықпен өзара сенім мен ашықтыққа негізделген жаңа қарым-қатынас құруға болар еді. Бұл жүзеге аспады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы төңірегінде түсініксіз, көмескі нәрсе өте көп. Осының барлығы ештеңе өзгермейді дегеннен хабар береді.

"СУ МӘСЕЛЕСІН ҚАЗАҚСТАН ЖЕКЕ-ДАРА ШЕШЕ АЛМАЙДЫ"

– Тоқаев су тапшылығы мәселесін шешу және елдің көлік және логистикалық әлеуетін пайдалану мақсатында су шаруашылығы, көлік министрліктерін құрды. Бұл ұлттық экономикаға серпін бере ала ма?

– Орталық Азия мемлекеттері әдетте үкімет құрылымын екі себеппен өзгертеді. Біраз жыл бұрын Түркіменстан бірнеше министрлікті қосты, себебі ақша азайып қалған еді. Сол арқылы біраз адамды жұмыстан қысқартуға болады. Мемлекет Қазақстандағы сияқты министрліктерді бөлгенде не жаңасын құрғанда я жаңа облыс ашқанда элитаның бір бөлігі болғысы келген адамдарға көбірек билік береді. Бұл – элиталық басқарудағы жаттығу, оны солай түсіндірер едім.

Ал су туралы айтар болсақ, су – Қазақстан жеке-дара басқара алатын нәрсе емес. Су – аймақтық мәселе. Орталық Азиядағы өзендер түрлі шекарадан өтеді. Проблема шекарааралық шешімді қажет етеді.

Суға қатысты саясатты су шаруашылығы министрлігін құрып шеше алмайсыз. Су, энергия және азық-түлік байланысы жүзеге асуы үшін аймақтағы өзге мемлекеттермен біріге отырып, жоғарғы және төменгі ағыс аралығында басқарудың ыңғайлы, нақты шараларын жасап, көлем мен квоталарды анықтау қажет.

Сонда бұл Қазақстан не экономика үшін ғана емес, сол өзендердің бойында, аймақ пен айналасында тұратын халық үшін жұмыс істейді.

"ҮЛКЕН ӨЗГЕРІС БАЙҚАЛМАДЫ"

– Маңызды мемлекеттік лауазымдарға тағайындалғандардың арасынан [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаевтың айналасымен байланысы барларды да көріп отырмыз. Президент бұрынғыдан еркін болған уақыт ішінде өзінің командасын құра алды ма? Олардың тиімді жұмыс істеу мүмкіндігі бар ма?

– Қаңтардан кейін мені бәрінен бұрын қызықтырған нәрсенің бірі – 2019 және 2022 жылдар аралығында билікте болғандар мен Назарбаев төңірегіндегі элита өкілдерінің тараптарға бөлінуі. Финляндиядағы бір әріптесіммен бірге осы тақырып бойынша зерттеу жобасын да бастағанбыз. Біз сияқты зерттеушілер және журналистер бұдан нені аңғарамыз? Қаңтар элиталық басқарудың маңызды тұстарын көрсете ме деп мән береміз. Себебі Қаңтарға дейінгі және кейінгі кезең – элита үшін таңдау жасайтын сәт. Бірақ бізге көрінетіндей үлкен өзгеріс байқалмады. Әрине, [Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім] Мәсімовтің түрмеге қамалғаны шеттетілген, элитадан қуылған адамдар бар екенінің анық мысалы.

Дегенмен бұрын билікте болғандардың біразы ортадан төмен деңгейдегі лауазымда болды. Солардың кейбірі қайтып келді. Қазір айқындала бастады, кейінгі тағайындаулардың ішінде сол топтың да адамдары бар. Тоқаев өз командасын, элитасын құра алды ма деген сұрағыңызға ол ешқашан болған жоқ дер едім. Тоқаев сол жүйенің бір бөлшегі болды және президент қызметін алу бойынша келіссөз жасады. 2019 жылдың наурызы билікте қалуды қалайтын адамдардың арасындағы талқының түйіні болды. Бұл тұрғыда президент қызметі – Қазақстандағы авторитар режимді ұстап тұруға бағытталған ұжымдық шешімнің бір бөлігі десе болады. Ол әлі жеке адамның қызметі емес. Тоқаев – шешім қабылдайтын жалғыз адам емес.

Яғни, мұның ұжымдық аспектілері бар. Сол ұжымдық элементтердің кей бөліктері Қазақстанда 25 жыл бойы тұрған билік тұғырынан орнын тауып, оны қырып-жонуы керек. Назарбаевты қолдаған элитаны Тоқаев айналасына топтастыру үшін "қайта өңдеуден" өткізіп жатыр десе, таңғалмас едім. Қазақстан режимі ұжымдық, бірақ авторитар болып қала беретін шығар.

"ҚАБІЛЕТІНЕ ЕМЕС, ПРЕЗИДЕНТКЕ АДАЛДЫҒЫНА ҚАРАЙДЫ"

– Кейбір жаңа министрлер мен әкімдердің сол салада тәжірибесі жоқ. Енді бірі бұрын тиімді жұмыс істей алмағаны үшін орнынан кеткен ескі мамандар. Кей сарапшылар бұдан тәжірибелі кадр тапшылығын көреді. Саяси дағдарыс элементі деп бағалайтындар да бар. Сіз не ойлайсыз?

– Адам капиталы мәселесі Орталық Азияға тән. Билікте түрлі тапсырмаларды орындауға қажет тәжірибе үнемі бола бермейді. Маған бұл проблеманың бір шеті ғана болып көрінеді. Шындығында көп тағайындау авторитарлық, непотистік және патронаждық мақсатта жасалады. Аймақ басшысын не министрді жақсы жұмыс істейтін қабілетіне я тәжірибесіне қарап емес, оған айтылғанды, президенттің айтқанын істейтіні үшін ғана тағайындайды.

Саясат жүргізу тұрғысынан бұл – проблема. Мұны Назарбаев тұсында көп рет көргенбіз, ол кезде түрлі экономикалық дағдарыстар, апаттар болды. Мәселен бірнеше жыл бұрын Астанада үлкен өрт болғанда (2019 жылы ақпанда бір үйдің кішкентай бес қызы өртеніп кеткен оқиға – ред.), министрдің қызметіне президент араласып, "мәселені өзім шешемін" деген. Бұл жағдайда министр керек емес кезде лақтырып тастайтын элемент іспетті. Актерлар үнемі басты рөлдегі президентті қолдайды. Сондықтан Қазақстанның [басқару] жүйесіндегі [кадр] тапшылығына таңқалмаймын. Іс жүзінде бұл Қаңтарға алып келген жағдайдың тағы бір элементі. Элитаны басқару әдісі одан кейін де сол қалпы жалғасып келеді.

Өкінішке қарай мұның зардабын халық тартады. Қабілеті, түйгені мен тәжірибесі жоқ, саясаттың тиімділігінен гөрі президентке деген адалдықты ойлайтын адамдар кімді басқарады? Біз Қазақстанда үміт етіп күткен өзгерістерді көрмедік. Билік транзитінен кейінгі президенттік кезеңнен байқалатын энергияны көрмей отырмыз. Президент Тоқаевтан бұл Қаңтарға дейін де байқалмаған. 2019 жылы сайлау қарсаңындағы наразылықтар кезінде де солай болған. Мұнда биліктегі легитимділік, саясатты жүргізу проблемалары бар, оған қазір элита мәселесі қосылды. Мұны әзірге дағдарыс деп атауға келмес. Проблема төменнен де басталуы мүмкін. Мен мұны әзірге дағдарыс деп атамас едім. Бірақ Қазақстандағы саясат пен қоғамда жалпы алғанда оңалу байқалмады.

ҚИЫН КӨРШІЛЕРІ БАР ЕЛДІҢ АСА ҚИЫН ТЕҢДІК ҰСТАНЫМЫ

– Украинадағы соғыс пен Ресейдің агрессияшыл сыртқы саясаты Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстан халқының сана-сезіміне әсер етіп жатыр. Бұл өңірдегі жалпы жағдайды өзгерте ме? Отаршылдыққа және Ресейге қарсы көңіл-күй қалай құбылмақ? Ресей басында тұрған еуразияшылдық идеясына қалай әсер етуі мүмкін?

– Бұл сұраққа түрліше жауап беруге болады. Бір жағынан, Украинаға басып кіру Ресейдің беделін өте қатты түсірді. Қазір ол империялық билік жүргізетін агрессорға айналып шыға келді. Ресей Орталық Азияға отаршылдық идеясымен жақындауға тырысты. Бірақ ол Қазақстанның өте маңызды серіктестерінің бірі. Отаршылдық дискурсына қатысты көзқарастардың барлығы қазір Қазақстандағы интеллигенцияның ішіндегі тақырып болып тұр. Ресейдің империялық және постимпериялық саясатындағы Қазақстанның орны қандай, қазақ тілінің мемлекет ішінде және Еуразия ауқымындағы аясы қандай деген сұрақ бойынша пікірталастар болып жатады. Мұның бәрі – көкейкесті мәселелер. Бірақ Қазақстанның саясаты қандай болу керектігін режимнің өзі анықтайды. Ненің маңызды екенін солар шешеді.

Қазақстанда Тоқаев пен оны қолдаушы элитаның Ресейден шын мәнінде алшақтауды көздейтін әрекетін байқамадық. Қазақстанның соғысқа қатысты ұстанымы тым бұлыңғыр болды. Билік Ресейді жақтамады, бірақ Украинаны да өте белсенді қолдамайды. Қазақстандікі соғысқа дейінгі Украинадағыдай "біз Батысқа жақындаймыз, Ресейден алшақтаймыз" деген геосаяси ұстаным емес. Орталық Азия елдерінен бастап Қытай, Иран, Ресей сияқты қиын көршілері бар.

Меніңше, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынаста дұрыс қашықтық сақтау саясаты қызық. Режимге жұмыс істейтін, экономиканы әлсіретпейтін, ұлтшыл көзқарастағы қазақ элитасының ішінде кикілжің тудырмайтын тепе-теңдікті табуға талпыныс. Сондықтан биліктің жүзеге асыруға тырысып жатқан өте қиын теңдік ұстанымы көпвекторлы болмауы да мүмкін. Бірақ табиғи түрде болмаса да, Еуразиядағы геосаясат поляризацияланып жатқанда тепе-теңдік қатынасын сақтау, сөзсіз, проблема. Сол себепті бұл тұрғыда ахуал мәз емес.

– Жауаптарыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG