Accessibility links

Адвокат: Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу аяқталды. Журналист ісіне БҰҰ жұмыс тобы назар аудара бастады


Думан Мұхаммедкәрім
Думан Мұхаммедкәрім

Талдықорғанда тергеу изоляторында отырған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл жөнінде журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов Азаттыққа хабарлады.

– Тергеу амалы бітті. Тергеуші кеше (10 қараша – ред.) іспен танысуға шақырды. Айта кететін нәрсе, біз әу бастан-ақ тергеушілерге жауап беруден бас тартқанбыз, өйткені мұнда ешқандай қылмыс құрамы жоқ. Думан – журналист. Оны "экстремистік ұйымның ісіне араласу" және "экстремизмді қаржыландыру" бойынша кінәлап отыр. Оны "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламен "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) қолдап, идеяларын таратып отыр деп айыптайды. Бірақ Думанның ҚДТ-ға ешқандай қатысы жоқ... Біз жауапты сот кезінде береміз. Себебі тергеу кезінде айтсаң да, айтпасаң да бәрібір сенбейді, – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Оның айтуынша, Думан Мұхаммедкәрімнің ісіне халықаралық ұйымдар да назар аудара бастаған. Жуырда БҰҰ-ның Адам құқығы мәселелері жөніндегі жұмыс тобы өкілдері хабарласып, журналистің ісі жөнінде сұраған.

– Жұмыс тобы Думанның жағдайынан хабардар. Олар жағдайын сұрап жатыр. Тергеу барысын сұрады. Мен жағдайды айттым. Олар журналистік құқық қорғау ұйымдарына да хабар бермек. Нақты жағдайда журналистке өзіне қатысы жоқ айыптар тағылып жатыр, – деді ол.

Бұған дейін жақындары мен жақтастары журналистің денсаулығына алаңдаған. Адвокаттың айтуынша, қазіргі кезде журналисті бүйрегі мен белі мазалап жүр. Бірақ оны емдейтін тергеу абақтысында дәрігерлер жоқ.

Азаттық редакциясына түскен журналистің 9 қараша күнгі хатында Думан Мұхаммедкәрім "...мен осы күні прокурорларға ғана емес, полицияға да сенуден қалдым. Сондықтан менің ісіме халықаралық құқық қорғау институттарының өкілдерін тартуды талап етемін. Егер мені қаралағыңыздар келсе, бүкіл әлем алдында "масқаралаңыздар" деп жазған. Журналист талап хатын Қазақстан президентіне, бас прокурорға, ішкі істер министріне, парламент депутаттарына, құқық қорғаушылар Евгений Жовтис пен Бақытжан Төреғожинаға бағыттаған. Қазақстан билігі өкілдеріне журналистің талап хаты жеткені-жетпегені белгісіз.

Билікті сынаған журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG