Accessibility links

Түркістанда сот "есірткі сақтады" деп айыпталған белсендінің ісін қайта тергеуге жіберді


"Есірткі сақтады" деп айыпталған белсенді Нұрлыбай Татаев. Түркістан облысы Төле би ауданы. 25 желтоқсан 2023 жыл.
"Есірткі сақтады" деп айыпталған белсенді Нұрлыбай Татаев. Түркістан облысы Төле би ауданы. 25 желтоқсан 2023 жыл.

25 желтоқсанда Түркістан облысы Төлеби аудандық соты "есірткі сақтады" деген күдікке ілінген азаматтық белсенді Нұрлыбай Татаевтың ісін қайта тергеуге жіберді.

Сот тергеуі жарыссөзге жеткенде прокурор соттан Татаевтың ісін қайта тергеуге жіберуді сұрады. Оның айтуынша, Татаевтың үстінен полиция бір баппен екі рет іс қозғаған. Алғашында "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бабының (296-бап) "аса ірі мөлшерде" бөлігімен (4-бөлігі) қылмыстық іс тіркелген. Бұл іс қысқарып, бір ай өткенде дәл осы баптың "есірткі сақтау" бөлігімен (2-бөлігі) қылмыстық іс қайта тіркеліп, тергеліп, сотқа жеткен.

Прокурор осы екі істі біріктіріп, қайта тергеп, шешім шығару керек деп санайды. Сот прокурордың талап-тілегін мақұлдады. Татаев айыпты мойындамайды және бұл істі азаматтық белсенділігімен байланыстырады.

Сотта Татаевтың үстінен Түркістан облыстық полиция департаменті іс қозғап, жасырын тергеу әрекетін жүргізгені айтылды. Маусымда Татаевтың үйінен "есірткі табылмастан" бұрын арнайы бейнекамера қойылған, оны қоюға облыстық прокуратура санкция берген. Бұған Татаевтың "есірткіге әуестігі" жөнінде түскен "мәлімет" себеп болған. Бұл мәліметті кім, қалай түсіргені айтылмады.

Татаевтың үйін полиция биыл шілде және тамызда екі рет тінткен. Біріншісінде ештеңе табылмаған. Екіншісінде "ауладағы дәретхана мен сарайдан 9 грамм шамасында марихуанна шыққаны" хабарлаған.

Татаев тамыздан бастап үйқамақта.

Татаев – кейінгі үш жылдан бері түрлі митингіге қатысып, билікті сынап жүрген белсенді. Биыл маусымда Көкшетау қаласында жергілікті белсенді Мәлік Ахметқалиевті де полиция "есірткі сақтады" деп ұстап, қамауға алған. Оның сот тергеуі әлі жүріп жатыр. Ахметқалиев те айыпты мойындамайды, ал жақтастары бұл істі "саяси қудалау" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG