Accessibility links

НАТО Еуропада соңғы 40 жылдағы ең үлкен әскери жаттығуын өткізеді


Әскери техника.
Әскери техника.

НАТО қаңтар айында Еуропада соңғы 40 жылдағы ең үлкен әскери жаттығуын өткізеді. Оған одақ пен Швецияның 90 мыңға жуық әскери қызметкері қатысады.

"Мызғымас қорғаушы" жаттығуы Германия, Польша және Балтық елдерінде өтеді. Америка ақпарат құралдары осыған дейін әскерилер Ресей басып кірген жағдайда қарсы тұратын сценарий бойынша жаттығады деп жазған.

Маневрлер барысында одақ Солтүстік Америкадан күштерді Атлант мұхитынан өткізу арқылы Еуроатлантикалық аймақты нығайту қабілетін көрсетпек, дейді НАТО-ның Еуропадағы бірлескен әскерінің қолбасшысы Кристофер Каволи. Оның сөзінен Reuters үзінді келтіреді.

Америка генералы НАТО елдерінің қорғаныс министрлерінің екі күнге созылған Брюссельдегі отырысынан кейін журналистерге мәлімдеме жасады.

2023 жылы НАТО елдері Еуропада ірі әуе жаттығуларын өткізген. Бұл жаттығулар Ресей Украинаға басқыншылық жасағаннан кейін басталды. Көптеген батыс саясаткерлері, оның ішінде АҚШ президенті Джо Байден Украинадағы соғыста жеңіске жетсе Ресей НАТО елдерінің бір бөлігіне шабуыл жасауы мүмкін екенін жеткізген.

Мәскеу болса ондай жоспары жоқ екенін мәлімдеген. Желтоқсан айында Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің НАТО-мен соғысуына "негіз" жоқ әрі "мүдделі де емес" деп мәлімдеген. Путин мен Кремль шенеуніктері басқыншылық алдында да Украинаға әскер кіргізетінін жоққа шығарған.

Осының алдында НАТО-ның ең ірі әскери жаттығуы 1988 жылы өткен. Оған шамамен 125 мың әскери қызметкер қатысқан.

XS
SM
MD
LG