Accessibility links

Алматыда екі белсенді 8 наурызда әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап етіп, пикет өткізді


Республика алаңында белсенді Кәмила Еңсеген әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. 14 ақпан 2024 жыл.
Республика алаңында белсенді Кәмила Еңсеген әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. 14 ақпан 2024 жыл.

14 ақпанда Алматыда әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап еткен екі белсенді қаланың екі бөлігінде жалғыз адамдық пикет өткізді. Белсенділер пикет өткізетінін жергілікті билікке ескерткен.

Сәрсенбі күні сағат 12-де Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументінде жалғыз адамдық пикетті Fem Odaq белсендісі Кәмила Еңсеген өткізді. Ол "Адам құқығы — әйел құқығы. Марш болсын!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

"8 наурызда бейбіт митингіге шығу құқығы үшін күресуге келдім. Өкінішке қарай, биыл әкімдік бізге шеруге рұқсат берген жоқ. Осылайша олар біздің бейбіт жиналу құқығымызды бұзғысы келеді. Күн сайын фемицид, харассменттен зардап шегіп жатқан әйелдердің тым болмағанда жылына бір рет өзге әйелдермен жиналып, өздерін алаңдататын жайттарды қаттырақ айтуға құқығы бар деп ойлаймын. Әкімдік бізге осы құқықты жүзеге асыруға көмектессе дейміз" деді Кәмила Еңсеген.

Ол пикет өткізетінін Алматы әкімдігіне 3 ақпанда ескерткен.

Сәрсенбі күні Алматының екінші бөлігінде – Арбатта 8 наурызда әйелдер шеруіне рұқсат беруді Feminita бастамасының негізін қалаушылардың бірі Жанара Секербаева талап етті. Оның қолында "Досаев, жүрегімді жараладың" (Досаев, ты разбил мне сердце), "Армандағы шеруді сүйетенімді жеткізгім келеді" (Хочу признаться в любви маршу своей мечты!) деген жазуы бар плакаттар болды.

"Біз, феминистер, митинг пен шеру үшін күресімізді тоқтатпайтынымызды жеткізгім келеді. Неге? Халықаралық дәрежеде атап өтілетін күні әпке-сіңлілерімізбен бірігіп, талаптарымызды көптің алдында айтқымыз келеді. Қазақстанда гендерлік мәселелер жетіп артылады. Бізде фемицид бар, сондықтан талаптарымызды айтып отырмыз" деді "Власть" сайты.

Әйелдер құқығы үшін күресіп жүрген түрлі ұйым өкілдері мен белсенділер жергілікті биліктен 8 наурызда Алматыда әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап етіп келеді. Олар биылғы шеруде "Қазақстан әйелдерінің еркіндігі мен қауіпсіздігі" мәселелерін қозғағысы келген. Алматы әкімдігіне бірнеше ескерту хат та тапсырған. Былтыр феминистер әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған. Фембелсенділер шеру өткізу туралы тағы өтініш беріп, шеруге рұқсат беруді талап еткен пикеттерді жалғастыратынын айтады.

Өткен демалыс күндері Алматыда Feminita белсендісі Ақторғын Ақкенжебаласы қала орталығында пикет өткізіп, әйелдер шеруіне рұқсат етуді талап еткен. Бірнеше күннен кейін өздерін "Желтоқсан оқиғасының қатысушылары" деп таныстырған оннан астам адам пикет өткен орындарды "адыраспен аластап тазартқан". Кейбір белсенділер мұны халықтың назарын "биліктің қылмыстары мен жемқорлықтан бұру үшін" жасалып отырған болуы мүмкін деп жазған.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы соңғы есебінде Қазақстан ЛГБТ өкілдеріне құқықтық механизмдерді бермей отырғанын сынаған.

XS
SM
MD
LG