1 наурызда Украина мен Нидерланды қауіпсіздік саласында әріптестік және Украинаға қолдау көрсету бойынша екіжақты келісім жасасты. Хаттамаға Харьковте Украина президенті Владимир Зеленский және Нидерланды премьер-министрі Марк Рютте қол қойды.
Владимир Зеленскийдің айтуынша, келісім аясында Украина биыл Нидерландыдан 2 млрд еуро көлемінде әскери көмек алады. Амстердам алдағы он жылда Украинаға көмегін жалғастыра бермек. Кездесу кезінде Украинаның әскери-әуе күштері, әуе қорғанысы, әскери-теңіз флоты мен алысқа ұшатын артиллериясын қолдау мәселесіне баса назар аударылмақ. Келісім аясында Нидерланды сонымен бірге Ресейге қарсы санкциясын жалғастырып, Украинаны НАТО-ға қосуды қолдау міндеттемесін алды.
Харьковке сапары барысында Марк Рютте Украинаның қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский, Украинаның қорғаныс министрі Рүстем Умеров, Украинаның әуе күштерінің жетекшісі Николай Олещукпен брифингке қатысты.
Бұл Украинаның қорғаныс саласында одақтас елдермен жасаған жетінші екіжақты келісімі. Бұған дейін Украина Ұлыбритания, Германия, Франция, Дания, Италия және Канадамен осыған ұқсас келісім жасасқан. Құжатта Украинаға әскери қолдау көрсетумен қатар, одақтас елдердің Ресейге қарсы санкциясына көзқарасы және Ресей тарабының ықтимал басқыншылығы тұсында шұғыл кеңес беру механизмдері жазылған.
Халықаралық БАҚ-тың жазуынша, Киев пен одақтастар елдер арасындағы екіжақты келісімдер Украинаның НАТО-ға қосылуын жеделдетуі ықтимал.