Accessibility links

Шымкентте қала әкімі орынбасары Исаховтың соты басталды. Ол "пара берді" деп күдікке ілінген


Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исахов сотта жауап беріп тұр. Шымкент, 5 наурыз 2024 жыл.
Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исахов сотта жауап беріп тұр. Шымкент, 5 наурыз 2024 жыл.

5 наурыз күні Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қала әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Мақсұт Исаховтың ісін қарауды бастады. 2023 жылдың шілде айында Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Исаховты "пара берді" деген күдікпен ұстаған.

Прокурор Марат Арыстанов "Исахов қала әкімінің бірінші орынбасары қызметінде жүріп аса ауыр қылмыс жасаған" дейді.

Айыптау актісіне сай, "2020 жылы қаладағы жылу құбырын жөндеу үшін өткізілген тендерге байланысты дау туып, оны жеңіп алған құрылыс компаниясы Исаховтың үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғалған. Бұл істі жабу үшін Исахов Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Манат Сарбасовқа 200 мың доллар көлемінде пара ұсынған".

Исахов тағылған айыппен түбегейлі келіспейді. Пара бермегенін, заңсыз ұсталғанын, керісінше Сарбасов бопсалап пара беруге шақырғанын айтады. Тергеу кезінде моралдық-психологиялық қысым болғанын мәлімдеді.

"Ұсталғаннан қысым көрсетті, әлі де түрлі қысым жалғасып жатыр" деді ол сот залында. Исахов қолдан пара беру операциясы ұйымдастырылды деп пайымдайды. 49 жастағы Мақсұт Исахов 2023 жылдың 22 шілдесінде қамауға алынған.

Исахов Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлығына 2020 жылы ақпанда тағайындалған. Оған дейін екі жыл Қазақстан президенті әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып істеген.

Әр жылдары "Қазақстан темір жолы" компаниясында қызмет еткен. Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, автожол және жолаушылар көлігі басқармасының бастығы, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG