Accessibility links

Ресей әскері Киевті зымыранмен атқылады, жараланғандар бар


Зымыран шабуылының салдары. Киев, 25 наурыз, 2024 жыл.
Зымыран шабуылының салдары. Киев, 25 наурыз, 2024 жыл.

25 наурызда таңертең Ресей әскері Киевке зымыран атты. Қаланың бірнеше ауданында жарылыс болды. Бес адам жараланды, оның екеуі ауруханада. Бұл туралы «Настоящее время» хабарлады.

Киев қалалық әскери әкімшілігі басшысы Сергей Попконың айтуынша, әуе қорғаныс күштері зымырандарды атып түсірген. Құлатылған зымыранның жарықшағы қаланың Печерский ауданындағы үш қабатты спортзалға түскен. Украина төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

«Украинская правда» мәліметі бойынша, қираған ғимарат Қолданбалы декоративтік академияға тиесілі. Спортзалдан бөлек көрме орталығы мен конгресс-холл да қираған.

Оқиғадан бес адам зардап шекті. Олардың екеуі ауруханаға жеткізілген, қалғандарына оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген.

Киев мэрі Виталий Кличконың айтуынша, зымыран қалдықтары қаланың тағы екі ауданына құлаған. Соломенский ауданында көпқабатты үй бүлінген. Бұған қоса зымыран жарықшағы Голосеевский ауданындағы орманға құлаған. Жапа шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр. Бұған қоса, Дарницкий ауданындағы жеке тұрғын үйге де зымыран қалдығы түскен.

Украиналық «Цензор.нет» басылымының хабарлауынша, аннексияланған Қырым түбегінен Киевке «Циркон» гипердыбыстық ракеталары атылған болуы мүмкін.

Украина әуе күштері басшылығы Қырымнан атылған екі баллистикалық зымыранды атып құлатқанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG