Accessibility links

АҚШ және Украина қорғаныс министрлері Киевке көмек мәселесін талқылады


Ллойд Остин және Рустем Умеров Рамштайн базасындағы кездесуде, Германия, 19 наурыз 2024 жыл.
Ллойд Остин және Рустем Умеров Рамштайн базасындағы кездесуде, Германия, 19 наурыз 2024 жыл.

Пентагон басшысы Ллойд Остин және Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров әскери қимыл аймағындағы ахуал мен АҚШ-тың Киевке әскери көмегі мәселесін талқылады. Пентагонның баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгіме барысында Украина әскерінің қару тапшылығына ұшырап отырғаны да қозғалған.

Остин мен Умеров сонымен бірге АҚШ конгресінің жаңа әскери көмекті тезірек қабылдау қажеттігін талқылап, әрі қарай да байланыс орнатуға келіскен.

АҚШ ақпарат құралдары бұған дейін АҚШ конгресінің өкілдер палатасы 2025 жылдың бюджет қабылданғанға дейін яғни, 1 қазанға дейін Украинаға жаңа әскери көмек пакеті қарастырылған заң жобасын мақұлдамауы мүмкін екенін жазған. 850 млрд доллар қаржы қарастырылған жобаны Ақ үй 1 наурызда жариялаған, бірақ онда Украина жөнінде айтылмайды.

Ақпан айында АҚШ сенаты Украина, Израиль және Тайваньға 95 млрд доллардан астам қаржылай көмек көрсету туралы екі партияның бастамасын бекіткен. Өкілдер палатасы әлі оған дауыс берген жоқ.

Киев әскери көмек жағынан қиналып отырған шақта Вашингтон "Үлкен жетіліктегі" одақтастарына Ресейдің бұғатталған активтері есебінен 50 млрд долларға облигация шығарудың арнайы механизмін жасап шығаруды ұсынған. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Bloomberg хабарлады. Бірақ ол талқылаудың бастапқы кезеңінде тұр.

XS
SM
MD
LG