Қазақстандық құқық қорғаушылар тағы үш адамды "саяси себеппен қудаланды" деп "саяси тұтқындар" тізіміне қосты. Бұл жөнінде тізімді жасаушылар қатарына енетін құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлап, сарапшылар кеңесінің 17 сәуір күнгі шешімін жариялады.
Тізімге Шымкент қаласының азаматтық белсендісі, зейнеткер Қалима Жапарова, Көкшетау қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, шенеуніктерді сынап жүрген азаматтық белсенді Мәлік Ахметқалиев, Алматы қаласының азаматтық белсендісі, тіркелмеген оппозициялық "Алға Қазақстан!" партиясының мүшесі Асылбек Жамұратов енген.
Құқық қорғаушылардың жазуынша, қазір Шымкентте тергеу изоляторында отырған белсенді Қалима Жапароваға "Ұлттық араздық қоздыру" бабы (174-баптың 2-бөлігі) бойынша айып тағылған. Наурызда іс сотқа жөнелтілген. Белсендінің қылмыстық жауапкершілікке тартылуына "Украина мен Қырымдағы ресейлік фашистерге өлім" деп айтуы түрткі болған деп айтылады.
"Сараптамалық кеңес мүшелерінің пікірінше, зейнеткердің аузындағы мұндай сөзді Ресей мен Украинаның агрессиясына байланысты әлеуметтік желілерде, әсіресе украиндарда және азаматтық ұстанымы бар және оны білдіретін барлық мүдделі адамдар кеңінен қолданып жүрген бағалау байымдауы ретінде қарастыру қажет. Жапарованың ісін талқылау кезінде сарапшылар кеңесі бұл сөздерді ұлт араздығы мен өшпенділігін қоздыру деп санауға келмейді, өйткені «фашистер» термині қолданылымда бар және басқаларға тікелей қауіп төндірмейді деген қорытындыға келді" деп жазылған құқық қорғаушылардың хабарламасында.
Олардың айтуынша, Жапарова Ресейдің Украинадағы соғысына наразылық белгісі ретінде үйінің алдыңғы жағын Украина туының түстеріне бояған. 2020 жылы полиция келіп, онымен сөйлесіп, Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынас мәселесіне қатысты өз пікірін білдіруді тоқтатуды талап еткен.
Белсенді 2023 жылы қазан айында ұсталып, уақытша қамау изоляторына жіберілген. Шымкенттің тергеу соты қамау мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Алғашқы сот отырысы 12 сәуірде өткен.
Құқық қорғаушылар Көкшетауда пайдалануға берілген әлеуметтік маңызы бар нысандардың сапасыздығы, құрылыс компанияларының бюджетті дұрыс игермей жатқандығы, елді мекендерде жарықтың жоқтығы, абаттандыру жұмыстарының жүргізілмеуі және өзге де мәселелерді көтеріп, шенеуніктерді сынап жүрген қоғамдық кеңес мүшесі Мәлік Ахметқалиевтің кенеттен "есірткімен ұсталғанына" да күмәнмен қарайды.
Көкшетаулық белсенді Мәлік Ахметқалиевтің ұсталғаны жөнінде алғаш ақпарат былтыр маусымда тараған. Жергілікті полиция былтыр 21 маусымда Көкшетауда "есірткі сақтады" деген күдікпен 1983 жылғы тұрғын ұсталғанын хабарлаған. "Тінту кезінде ұсталған адамнан полиэтилен пакетіне салынған ақ түсті ұнтақ зат табылған". "Заңсыз есірткі сақтау" бабы бойынша (296-бап, 4-бөлік) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, 2023 жылдың 29 желтоқсанынан бері Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотында Ахметқалиевке қатысты "есірткіні заңсыз сату" бабы (296-бабы) бойынша сот жалғасып жатыр.
"Ахметқалиевтің ұсталуына қатысты келіп түскен құжаттар мен видеолар бірқатар сұрақ және күмән туғызады. Атап айтқанда, бұл әлеуметтік жауапкершілігі төмен әйелдердің қатысуымен жасалған арандатушылық және ірі көлемде есірткі салып жіберу болуы мүмкін деген болжам бар. Соған қарап ол саяси себеппен қудалануы мүмкін деген күмән бар. Дегенмен тағылған айыптар Ахметқалиевтің құқықтары толық сақталатын объективті, әділ сот процесінде қаралуға тиіс. Ол анықталғанға дейін кінәсіздік презумпциясы қағидасы бойынша азаматтық белсенді кінәсіз деп саналады" деп жазылған құқық қорғаушылардың хабарламасында.
Былтыр Азаттық сөйлескен Көкшетаудың кейбір тұрғындары Мәлік Ахметқалиевті "жергілікті шенеуніктерді сынап жүрген заң жағынан сауатты азамат" деп атаған еді.
"Саяси тұтқындар" тізіміне алматылық белсенді Асылбек Жамұратов та енгізілген. Ол былтыр қарашада ұсталған. Оған "экстремизмді қаржыландыру" (258-баптың 1-бөлігі) және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" (405-баптың 1-бөлігі) бойынша айып тағылған. 2023 жылы желтоқсанда Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу соты Жамұратовты екі айға қамаған. Содан бері қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Қазір ол Талдықорған қаласындағы уақытша ұстау изоляторында отыр.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, белсенді оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастама тобының мүшесі. Ол аймақ белсенділеріне материалдық қолдау көрсеткен деп айтылады.
"Ол 11 адамнан тұратын отбасылық WhatsApp чатын құрған, оның ішінде [шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер] Мұхтар Әблязов та бар. Чат барлау қызметкерлерімен толығымен сканерленген және айыптауға негіз болған. 2023 жылғы 30 қарашада Жамұратов ұсталып, Талдықорған қаласының уақытша ұстау изоляторына жіберілді" деп жазылған хабарламада.
Қазақстан соты Ақорда сыншысы Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын және "Көше партиясын" "экстремистік ұйымдар" деп танып, қызметтеріне тыйым салған. Ал Еуропарламент оларды "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
Бұған дейін биліктің қазір тіркемей жүрген "Алға, Қазақстан" партиясының да осы ұйымдарға қатысы бар деп санайтыны жөнінде құжаттар шыққан. Ал елдегі белсенділер мұны жоққа шығарады. Аталған ұйымның белсенділері елде жиі ұсталып, қудаланады.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Қылмыстық кодекстің 174, 258 және 405 баптарын "саяси" баптар деп атайды. Олардың айтуынша, бұл баптар билікке бейбіт жиналу, ашық пікір айту, бірігу құқығы сияқты Конституциямен бекітілген құқықтарды жүзеге асырғысы келген оппозициялық саясаткерлер мен азаматтық белсенділерді жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
18 сәуірге дейін Қазақстанда "саяси тұтқындар" саны 22 болған. Енді олардың қатарына үш адам қосылып отыр. Қазақстан билігі елде "саяси тұтқындар жоқ" дейді.
ПІКІРЛЕР